Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

«Дәрет аламын деп ауырып қалдым...»

Мақалалар

 

Бүгінде мұсылман бауырларымыздың тарапынан дәрет алу барысында түрлі науқастарға тап болғандықтары жайлы әңгімелерді жиі естиміз. Нәтижесінде, бірі құлшылықтан алыстап, екіншілері өзгелердің дінге деген құлшынысының төмендеуіне себеп болып жатыр.

Алайда, сол дәрет алуды бұйырған Алла Тағала айтады: «...Ол сендерді таңдады әрі Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят); «Біз саған Құранды ауыртпашылық салу (бақытсыз болуың) үшін түсірген жоқпыз» («Та һа» сүресі, 2-аят); «Алла сендерге жеңілдетуді қалайды. Ал адам баласы әлсіз етіп жаратылған» («Ниса» сүресі, 30-аят). 

Демек, дәретке байланысты туындаған қиындықтар, ауру-сырқаттар өз кемшіліктеріміз бен ағаттықтарымыздың себебінен болып жатыр. Ендеше, «ұлы сөздің ұяты жоқ» деген сияқты, дәрет алудың қыр-сыры, оған байланысты жеңілдіктер туралы сөз қозғап көрейік.

1.     Намазды – Жәннаттың кілті, құлшылықтың ұлығы әрі екі дүниеңізге береке кіргізетін амал десек, дәрет – намаздың кілті. Сондықтан, үй салатын кезде бөлмелерді дәретке, ғұсылға ыңғайлы етіп жоспарлаған дұрыс. Су жылытатын қондырғылардың болуын қадағалаңыз. Тіпті, пәтер жалдамас бұрын, оның намазға, дәретке қаншалықты ыңғайлы екендігіне назар аударыңыз.

2.     Ислам діні дәрет алуға мүмкіндік жоқ кезде (ауру, сапар, күннің суықтығы т.б) «тәяммум» (екі қолды топыраққа не шаңға ұрып, білегіңізді, бетіңізді сипайсыз) алуға рұқсат етеді. Әсіресе, қыстың суық күнінде іш дәретке байланысты судың орнына қағаз қолдануды шариғат қолдайды әрі оның сауабы да көп. Себебі, нәжістен түбегейлі тазарудан денсаулыққа қауіп төніп тұр.

3.     Әйелдер мен ер адамдардың ауруларының көпшілігі дәреттен кейін іш киімді құрғамаған күйде киіп, оның денсаулыққа зиян екендігін ұмыт қалдырғандықтарынан болады. Киім дымқылдығының соңы түрлі ауруға апарып соқтырады. Сол үшін де, алдымен қағазды пайдаланып, сонан кейін сумен жуып, сонан кейін қайта қағаз пайдалануды әдетке айналдырған жөн.

4.     Жатардан дәрет алып жатқаннан кейін, ұйқыдан тұрып, дәрет қыспаса немесе дәретті жел шығарып, бұзып қойған жағдайда дәретханаға бару шарт емес. Бірден сумен қол-аяғын жуып дәрет ала береді.

5.     Әр намаздың алдында дәрет алған абзал іс, бірақ, ол парыз емес. Дәреттің бұзылуына себеп болатын әрекеттер жасағанда ғана дәрет парыз болады. Дәрет бұзылмаса, оны бірнеше намазға жаратуға болады. Мәселен, қыс мезгілінде бесін, екінті, ақшам намаздарына бесінде алған дәретпен баруға мүмкіндік бар.

       6.  Ал егер аяқтан суық өту қаупі туса, мәсі немесе шұлық пішінді, теріден жасалған мәсі тектес бұйымдардың сыртынан мәсіх тартуға болады. Мәсіге мәсіх тарту —дәрет бар кезде киілген мәсіні кейінгі дәретте шешіп отырмай,  қолды сулап, саусақтарды мәсінің үстінен жүргізу. Мәсіх тартудың мерзімі бірінші мәсіх тартылған уақытынан басталады. Тұрғылықты адам бір күн, сапардағы адам үш күн егер ғұсыл уәжіп болмаса, мәсіні шешпей (алдымен дәрет алып) жүре берсе болады. 

       7. Дәреттің парыздары мен сүннеттерін жақсы білу істі жеңілдетеді. Себебі, қолайсыз жағдайда немесе жылы су табылмағанда парыз болған мүшелерді бір рет жууға болады. Құранда «Мәида» сүресінің  6-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Егер намазға тұрсаңдар, жүздеріңді, шынтақпен қоса қолдарыңды жуыңдар және бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобықпен қоса (жуыңдар)» деген. Дәл осы  аятта дәреттің парыздары аталады. Яғни, сіз жүзіңізді, қолыңызды шынтақпен қосып, екі аяқты тобықпен бірге жуасыз, бастың төрттен біріне мәсіх тартасыз. («Фиқһ әл-ғибадат» кітабы, 50-51 бет. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі дінтану сараптамасынан оң қорытынды берілген). Денсаулығыңызға қауіп төнбесе, жай кезде дәретті толық алу үшін хадисте көрсетілгендей ауызды, мұрынды үш рет шаю, мүшелерді үш реттен жуып шығу – сүннет болып табылады.

ПІКІР (4)

Мубарак Нурлан

жаңа роликтер алу үшін номер

Нұрлан Аязбек

Уатсапптан жаңа роликтер алу үшін нөмір

РозаДайырбекова

Whatsapp-тан жаңа роликтер алу үшін

Ерас Баккараев

Whatsapp-тан жаңа роликтер алу үшін номер рахмет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер