Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Шерхан Мұртаза: «Біздің ауылдың келіндері»

Отбасы



Үйдің балконы Тәңіртау жаққа қарайды. Сол балконда келесі әңгіменің жайын ойлап, қарлы шыңдарға қарап, қаперсіз отыр едім... Көшеде ақ орамалды, қызыл көйлекті бір келіншек өтіп бара жатып, маған сәлем берді.

– Рахмет, айналайын, Құдай тілеуіңді берсін, — дедім. Бейтаныстау екен:

– Кімнің келінісің? дедім.

– Аллаберген атамның, деп жарқылдап жауап берді.

Мен ойланып отырып қалдым.

«Қай Аллаберген? Бұл ауылда Аллаберген деген бар ма еді?»

Отырып-отырып, ондай адамды таба алмадым. Кейін білсем, өзіміздің аталас ағайын Құдайберген екен.

Қазіргі заманның келіндері қайын ата, қайын аға, қайын ене, абысын-ажын дегендерді сартылдатып, бадырайтып өз аттарымен атай беретініне құлақ үйреніп кеткен.

Ал мынау тосын жаңалық. Бұл заманның белсенді қатындары «гендерлік саясат» деп басыңнан асыра дүңкілдейтін дәуірде... Бұрынғылар еске түсе кеткені...



***



Ауылдың сыртынан шырылдаған дауыс естіледі. Құлақты елең еткізеді.

– Ата, ата! — деп айқайлайды әлгі дауыс, — Ата, ата!

Сылдыраманың бер жағында,

Сарқыраманың ар жағында

Маңыраманы ұлыма жарып кетіпті.

Жаныманы білемеге жанып-жанып, тез әкелсін біреу, - деп шырылдайды әлгі жаңа түскен келіншек.

Қазіргі қазақ мұны түсінуі үшін мынандай сөздік керек:

Сылдырама — қамыс,

Сарқырама — өзен,

Маңырама — қой,

Ұлыма — қасқыр,

Жаныма — пышақ,

Білеме - қайрақ.

Сонда бұл жаңылтпаш неге керек болған?

Сөйтсе, әлгі жаңа түскен келіннің:

Қамысбай деген атасы бар екен,

Өзенбай деген қайын ағасы бар екен,

Қойбағар деген қайнысы бар екен,

Қасқырбай деген тағы бір қайын ағасы бар екен,

Пышақбай деген атасы болыпты,

Қайрақбай деген тағы біреу бар болса керек.

Міне, баяғы заман келіншегі солардың ешқайсысының көңілін қалдырмай, әдептен озбай салт-дәстүрді сақтай білген адал жан ғой.

ПІКІР (2)

Омарова Канагат
2018-11-05 15:51:24

Керемет! Осындай ар бир казак келиндерине ой салатын аншимелериниз коп болсын!

Гүлнұр
2018-11-05 16:36:35

Иа,аналарымыз аттарын атамай "Золотой ағай,Өзімміздің ағай,Кенже бала,мырза бала,шәй көйлек,төре қыз,қара көз,мырза аға,шырайлым" одан қалса тұратын жеріне байланысты ат қояды.Ана жақтағы әпкем,мына жақтағы апам деген секілді. Бізде солардан үйреніп солай атаймыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер