Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Бекболат ТІЛЕУХАН: Жас көкпаршылар жақсы деңгей көрсетті

Спорт


Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мырза Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысына орай баспасөз мәслихатын өткізді. Кейінгі екі-үш күндікте әлеуметтік желіде талқыланып жатқан көкпар тақырыбы да БАҚ өкілдерінің сауалдарынан сыртқары қалған жоқ. Журналистермен жүздесудің ықшамдалған жазбаша нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз. 


Бекболат ТІЛЕУХАН:

Жас көкпаршылар жақсы деңгей көрсетті


–  ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аяқталды ғой. Осы ойындардың ұйымдастырылуы, қалай аяқталғаны туралы пікіріңізді айтсаңыз. Спортшыларымыздың көрсеткішіне көңіліңіз толды ма?

– Көшпенділер ойыны – шын мәнінде бірталай ел көз тіккен, дүмпуі біраз жерге жеткен өте жақсы ұйымдастырылған жарыс болғанына ешқайсымыздың күмәніміз жоқ. Тіпті түркі тектес мемлекеттер президенттерінің осы жарыстың салтанатты ашылуына қатысуының өзі бұл шараның қаншалықты маңызды екеніне куә.

Қырғызстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын биыл үшінші рет жоғары дәрежеде ұйымдастыра білді. Сексеннен астам елдің спортшылары отыздан астам ойын түрлерінен бәсекеге түсті. Мойындауымыз керек, іргедегі көршіміздің ұлттық спортқа деген қамқорлығы, қызығушылығы бізден көш ілгері. Сондықтан, басталуына бірнеше елдің президенттері қатысқан жарыстың аяқталуы да салтанатты түрде өтті.  

Ал біздің спортшыларымыз бұл көшпенділер ойындарында жақсы өнер көрсетті. Жалпы қандай спорт түрінен болсын, Қазақстанның бүкіл әлемге спорт державасы ретінде таныла бастағаны рас қой. Енді мына ұлттық спортта да қазақ спортшыларының мойыны озық шықты. Командалық есепте екінші орынды жеңіп алдық. Қоржынымызды алтын, күміс, қола медальмен толтырып қайтқан барлық спортшыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Оның ішінде ұлттық спорттың аударыспақ, бәйге, жамбы ату, көкпар ойындарында жақсы нәтижелер көрсеткен азаматтарға мың да бір рахмет деймін. 

– Осы өткен көшпенділер ойындары барысында жұрт назарын ең көп аударған көкпар ойыны болды. Көкпаршыларымыз туралы сан-саққа  жүгірткен әңгіме көп… 

– Бұған дейін көкпар неше рет ойналды? Қазақ көкпаршылары түрлі жарыстардағы финалдық кезеңде қырғыз көкпаршыларын он неше мәрте айқын ұтты. Нағыз ірі халықаралық жарыстың екеуі Астанада өтті. Қазақ көкпаршылары ешқайсысында қырғыз командасынан жеңілген жоқ.

2017 жылы Астанада өткен І Әлем чемпионатында өздеріңіз көрдіңіздер, біздің көкпаршылар қырғыз командасын емін-еркін жеңіп кетті ғой.

– Ал осы жолғы жеңілістің себебі не? Жарысқа ересектер құрамасы неге бармай қалды?

– Біздің негізгі ересектер құрамасы барса, қырғыз командасын ұтып кететіні анық қой. Сондықтан, білікті көкпар бапкерлерінің, мамандардың кеңесімен осы жолы жас көкпаршыларымызды халықаралық жарыста сынап көруді ұйғардық.  

Атап айтып өтейін, Қырғызстанда ойнаған Қазақстанның жастар командасы. Бұл үлкен спортта бұрыннан бар тәжірибе – біз бұл көшпенділер ойындарына ақылдаса келе көкпардан жастар командасын жіберіп, олар да пісе берсін, олар да тәжірибесін жетілдіре берсін деп шештік. Осы бір мақсатымыз орындалды. Барды. Ойнады. Тәжірибе жинақтады. 

Жалпы, әр жарыста тек алтын медаль иелене беру мүмкін емес қой. Қола медаль да осал жүлде емес. Оған шамданатын не бар? «Азияда масқара болдық, анау болды, мынау болды» дегендермен мен еш келіспеймін. Жас көкпаршыларымыз өте жақсы деңгейде өнер көрсетті. 12 команда арасынан үшінші орынға қол жеткізді. Біздің 19-20 жастағы бозбалаларымыз басқа мемлекеттердің тісқаққан көкпаршыларынан басым түсіп тұрған жоқ па? Қайта бұған бөркіңді аспанға атып қуану керек емес пе?

Жалпы, «Көкпар командамыз ұтылды, қола медаль алып қалды, өлім болды» деп шулайтындарды түсінбеймін. Спорт тарихына қараңыз, жеңілмеген кім бар? Әділетсіздіктер басқасы басқа, олимпиадалық ойындарда да болған. Жеңіліп, есеңгіреп тұрған боксшыға жеңісті беріп кеп жібергенде, кезіндегі атақты боксшы Левиттің сол сәтте қалың жанкүйерге қаратып «Т-с-сс!» деп ескерту жасағаны жер жаһанға тарап кеткен. Сол сияқты бізге де бұл тұста бір-бірімізге «Т-с-сс!» деп, сабыр қылғаннан басқа амал жоқ.  

Көкпардан Қазақстан мен Өзбекстан кездесуін қалай бағалайсыз? 

– Расында мойындауымыз керек, өзбек көкпары өсіп келеді. Ойыншылары командалық көкпар ойнауға шыңдалып қалған. Мұның өзі көкпар финалында тек қазақ пен қырғыз  ғана шығып ойнайтын ойын емес, бұларға қарсылас бола алатын ел командаларының да бар екенін көрсетті. 

Сосын бізде дау айтып жүргендер мынаған неге назар аударылмайды? Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – халықаралық турнир емес, әлемдік жарыс емес, Азия чемпионаты емес, Әлем чемпионаты емес – дүниежүзілік фестиваль ғой. Қайталап айтайын, осындай фестивальде біздің жас көкпаршыларымыздың өзге елдердің сақа ойыншыларымен, негізгі ұлттық құрама командаларымен иық тіресе ойнап, үшінші орын алуы – өте жақсы көрсеткіш. 

Егер жақында көкпардан жастар арасындағы халықаралық бәсеке ұйымдастырыла қалса – Қазақстан жастар командасының бас жүлдені емін-еркін жеңіп алатынына  бәс тігуге бармын. Оған осы фестивальде көзім айқын жетті. Біздің жас көкпаршыларымыздың ойын деңгейі өте жоғары. 

Ал, осы жолы, Өзбекстанның тәжірибелі көкпаршыларының, ересектер ұлттық құрама командасының Қазақстан жастар командасын жеңіп кетуі – үлкен трагедиялық мәселе емес, керісінше, заңды құбылыс. Мысалы, хоккейдің отаны Канада болғанымен, қазір әлемде Ресейдің хоккей құрамасы қарсылас шақ келтірмей тұр. Немесе, бокс әуелде Англиядан шыққанымен осы күні әлемде боксшылары ең мықты Кубаға, Қазақстанға, Ресейге жететін ел жоқ. Сондықтан, ертеңгі күні әлемдік көкпар чемпионатында финалға америкалық, франциялық көкпаршылар шығып жатса, көкпар спортының өрісінің кеңейгені, көкпардың әлем қызығып ойнайтын спорт түріне айналғаны деп білуіміз керек. 

– Көкпар командасының жарысқа атсыз баруының басты себебі не? Соны бір тарқата айтыңызшы. 

– Оның тарқата айтатын түгі де жоқ. Шақырушы, ұйымдастырушы жақ барлық қатысушы командаларды атпен қамтамасыз етуді өз мойнына алған. Біз ғана емес, көкпар командасын апарған он бір мемлекет көкпаршыларының бәрі жарысқа атсыз барды.  Франциядан, Америкадан ат әкелген ешкім жоқ. Сондықтан  біз де Қырғызстанға көкпар аттарын апармадық. Кезінде Азия чемпионатын, Әлем чемпионатын Қазақстанда ұйымдастырғанда біз де сөйткенбіз. Атсыз келген он мемлекеттің командасын қамтамасыз еттік қой.

Күні ертең Өзбекстанда Азия чемпионаты өтеді. Өзбектер өз аттарын әкелемін деген елге қой демейді, бірақ, атсыз баратын барлық командаға көкпар атын даярлап беруді өз міндетіне алып отыр. Қырғызстанға көкпаршыларымыздың атсыз бару себебі сол ғана. 

– Біздің командаға сапасы төмен көкпар аттары тиіп қалған жоқ па?  

– Жоқ. Ойынды қайталап көрсеңіз, бұған көзіңіз анық жетеді. Біздің жігіттер мінген аттың осалы жоқ.  Жалпы, қазақ пен қырғыз көкпары дегенде, салыстырмалы түрде мына бір ерекшеліктерді айтып өткім келеді. Шындығында қазақ көкпаршыларының физикалық тұрғыдан мықтылығы, тақымға мықтылығы, қолдарының қарулылығы ойын барысында айқын аңғарылып тұрады. 

Бірақ көкпар ойыны спортшымен қатар, аттың да даярлығын теңдей талап ететін ойын түрі. Сондықтан, ат баптау жағынан келгенде қырғыз туғандарымыздың бізден артықшылығын мойындауымыз керек. Өйткені, қазіргі біздің көкпардағы мықты аттарымыздың тең жарымы о баста осы қырғыз туғандардың баптаған аттары. Біздің елде атағы шыққан Лазер де, Қазанбас та, Алтынторы да, Байторы да қырғыздар үйреткен айғырлар. Осы күнге дейін жекелеген азаматтарымыздың қырғыздан көкпар аттарын сатып алуы тоқтаған жоқ. Көкпар атын баптауға келгенде қырғыздың көкпаршылары, ат бапкерлері өте икемді.  Сол себепті, қырғыз байкелердің көкпар атын баптау шеберліктерін, бізден оқ бойы озық тұрғанын мойындауымыз керек. 

–  Қаражат туралы айтылған сын-пікірлерге қандай жауап айтар едіңіз?

–   Қаражат туралы мәліметті қайдан алғанын білмеймін, «250 миллион доллар бөлініпті» деген сөз - қып-қызыл жала. 250 миллион долларды теңгеге шағып көрші? Ау, осынша миллиард теңге ұлттық спортқа қайдан бөлінсін? Дұрысы, 250 миллион теңге ғой. Оның 40 пайызы жүлде қорына жұмсалады. Толық есеп беруге де даярмын. Бірақ таң қалатыным, кейбір бауырларымның біреуге жала жабудан ұялмайтыны мен қорықпайтыны. Өркениетті елдерде біреуге бұлайша дәлелсіз жала жабылса, сот арқылы жаза қолданылады. Әрине, мен өз бауырларымды сотқа сүйреп жүрер ойым жоқ. Бірақ солай бола қалса, жұрт алдында абыройсыз болатынын ойламайтындарға таңым бар. 

Екі адамның басын қосып, есіктің алдын сыпыртуға шамасы жетпейтін кейбір кісілердің осы іске кіріскісі келетініне таңым бар.

Тағы да айтайын, қажет деп тауып, орнымды босатуды талап етіп жатса, орнымды беруге дайынмын. Бұл орынға жабысып қалған ешнәрсем жоқ. Рахатанып басқарып, атын шығарып отыр десе — ол екінші мәселе. Жасыратын ештеңесі жоқ. Ат пен танымалдылыққа зәру болып жүрген адам емеспін. «Ұлттық спорт Бекболатқа керек пе? Бекболат - ұлттық спортқа керек пе?» деген тағы бір мәселе бар. Мақтанып жатқаным жоқ. Таза мінсіз асыл тас шер тарқатқанда шығады демекші, алдыларыңызда шерімді тарқатып отырмын. Басыңнан төмен қарай аспа-төк ақша төгіліп жатса қызық шығар?! Айналып келгенде, анаған-мынаған жалпақтап жалығасың. «Әй, жігіттер, бере тұрыңдаршы. Сендерге бергенге ақша болмай тұр. Осының бір есебін табармын» деп өздеріне жалынып кетесің. Ана байдан барып бір тиын, екіншісінен он тиын сұрап күнің өтеді.

Біздің аударыспақ деген спортымызды бір жарым миллиард халқы бар Қытай Халық Республикасы мойындады. Бұл әлемнің бестен бір бөлігі мойындады деген сөз. Сол кезде "Біздің аударыспағымызды әлем мойындап жатыр" деп неге айтпады? Я болмаса «Этноойындарда Қазақстан жеңіске жетті» деп сүйінші сұраған кезде неге үн қоспады? Бір рет өзбектен жеңілген едік «атсыз барды» деп жала жапты. Біздің сағымызды сындырғаннан қандай пайда бар?
–  Көшпенділер ойынында халықаралық көкпар ережесі сақталмады деп естідік. 

– Иә, халықаралық көкпар ережесі туралы мәселенің бары рас. Осы күні Қазақстанда 2014 жылы құрылған, құрамына бірнеше мемлекет мүше болған «Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығы» бар. 

2016 жылы халықаралық кеңесте командалық көкпар ойынының ережесін талқылай келе, ережеге екі үлкен өзгеріс енгізілді. Біріншісі – салымды бұрынғыдай биік қазандыққа емес, жерге сызылған шеңберге тастау, екіншісі – серкені әр команда өз жағындағы шеңберге салу. Неге?

Өйткені, көкпардың шығу тарихына ой жүгіртсек, мұның философиясында серке дегеніңіз –  олжа деп түсіндіріледі. Сондықтан, ойын барысында әр команда олжаны, яғни, серкені өз жағына алып кетіп, өз шеңберіне салуы керек. Бұл – білікті этнографтардың ұсынысы. Көкпарды Батыс елдерде қалыптасқан спорттық ойындарға ұқсатып, серкені қарсыластың шеңберіне таласып-тартысып жүріп салуға болмайды. Көкпарда қарсыластың қақпасына гол соққан сияқты, қарсыластың шеңберіне салым салып, ұпай жинауға болмайды. Себебі, бұл көкпар ойынының шығу тарихына қарама-қайшы келеді. Қарсыластарынан тартып алған серкені әркім өз жағына қарай алып қашуы керек. Өйткені, серке – олжа. Көкпар ойынының ерекшелігі де осында. Сондықтан, 2016 жылы өткен семинар-кеңеске қатысқан Венгрия, Ресей, Монғолия, Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстандағы ұлттық спорт федерациялары өкілдерінің келісімімен көкпар ойынында салымды әр команда өз шеңберіне салуға тиіс деген шешім шығарылды.

Семинар-кеңесте шығарылған екінші шешім – қазандықты алып тастау. Себебі, көкпарды қазандыққа ойнаған соңғы 15 жылда қазақ пен қырғыз көкпаршыларынан басқа ел көкпаршылары серкені қазандыққа салуға мүлде үйрене алмады. Өйткені, қазандыққа серке салудың қауіп-қатері өте көп. 10-15 жыл көлемінде осы қазандықтың кесірінен қанша жігіттеріміз қатты жарақат алып, денсаулықтарына зардап келді. Көп жыл көкпаршылардың еңбектеніп үйреткен қанша мықты аттары мертігіп қалды. Биылдың өзінде Қырғызстанда қаңтар, ақпан, наурыз айларында, қазандық басындағы опыр-топырда әр айда бір көкпаршыдан өліп, үш айда үш көкпаршы қайтыс болды. Қырғыздар бір жылда төрт-ақ адам өлді дейді. Бір адам өлсе де жақсы ма? Сонда не, жылына қырық адам өліп отыру керек пе?

Қысқасы, қазандық дегеніңіз – осыдан 15 жыл бұрын ғана ойдан шығарылып, қолдан жасалған нәрсе ғана. Оның үстіне өткен 15 жыл ішінде бұл қазандық өз тиімділігін еш көрсете алған жоқ. Қазақ пен қырғыздан басқа ел ойыншылары қазандыққа серке салуға үйрене алмады. Себебі, адамға да, атқа да қауіп-қатері өте көп. Сондықтан, қазандыққа ойнаумен көкпарды әлемдік деңгейге шығарудың мүмкін еместігі осы өткен 15 жыл көлемінде айдан-анық түсінікті болды.

Ал серкені шеңберге салу – осы көкпар тарихында бар жағдай. «Шапанға шабу», яғни, көкпаршылардың серкені белгілі бір жерге төсеп қойған шапан үстіне әкеліп тастау, қазақта да, өзбекте де, қырғызда да бұрыннан бар дәстүр. 

Бұрын да айтқан болатынмын, тағы да қайталап айтарым, көкпар ойыны – қазақ пен қырғыздың меншіктеп алатын, тек қана менікі деп айтатын ойыны емес. Көкпар – Азия халықтарына ортақ ұлттық ойын. Ортақ құндылық, ортақ мәдениет, ортақ бір спорттың түрі. Сондықтан, алдағы уақытта біз қырғыздың «Көк-бөруу» федерациясы болсын, басқа елдердің көкпар федерациялары болсын, барлығымен тығыз қарым-қатынаста болуға тиіспіз. Болашақта көкпардың аймақтық, өңірлік, республикалық деңгейден дүниежүзілік деңгейге көтерілуі үшін бәріміз бірлесе жұмыс істейтін боламыз. 

–  «Аударыспақ бәсекесінде де әділетсіздіктер орын алды. Төрешілер ереже бұзғандарға көз жұма қарады» дегенді де естіп отырмыз? Азияның бірнеше дүркін чемпионы Сырым Ізбасаровтың қатты жарақат алып қалғаны рас па?

–  Аударыспаққа біздің ең мықты балуандарымыз барды. Кілең Азияның, халықаралық жарыстардың чемпиондары. Бес салмақ бойынша бесеуі де финалға жетті. Сөйтіп, бесеуінің де финалда қатарынан жеңілгені кім-кімнің де күмәнін туғызбай тұрмайды ғой. Бұған дейін жауырындары жер иіскемеген, жекпе-жекте бірнеше жыл бірде-бір рет жеңіліп көрмеген Біржан Қосалиевтің, Сырым Ізбасаровтың, биылғы Азия чемпиондары Арман Сағынбаев пен Азамат Серғазиндердің, Ерназар Байғоновтың ұтылғаны -елеусіз қалдыра салатын жағдай емес қой. Біржанды қарсыласы атпен қағып құлатқан. Сырым басынан қатты соққы алып, аяғынан да жарқаттанып,  сол жерден ауруханаға жөнелтілген. Әрине, «протестік» хат жазылды. Жасыратыны жоқ, төрешілер тарапынан жіберілген бұра тартушылықтың, аздаған әділетсіздіктердің жасалғаны рас.

Бірақ, аталарымыздың«жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегендей, енді жарыс өтіп кеткен соң оның өзі бір өнбейтін дау сияқты нәрсе ғой.


ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер