Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Еркінбек Шоқай: "БАСТЫҚ БОЛУ ҮШІН БОЙЫҢЫЗДА ЕКІ ҚАБІЛЕТ БОЛУЫ КЕРЕК"

Сұхбат




Тарихтың сан қилы қыспағынан өткен қазақ даласында Құран ілімін жетік меңгерген қари, Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқаймен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Кейіпкеріміз балалық шағының қызықты сәттерінен сыр шерте отырып, «Мақсатыма жету үшін қандай тәуекелге бас тіктім? Ізгі жолға бағдарды кімнен алдым? Құранды қалай жаттадым? Неден қорқамын? Мен қандай әкемін? » - деген секілді бірнеше сұрақтарға жауап береді.


"Бала кезімде араны да жегенмін"

Асыл арна: - Ассалаумағалейкум, Еркінбек аға! Сайтымызда халықтың батасын алып, елдің құрметіне бөленген, белгілі тұлғалардан сұхбат алатын дәстүріміз бар еді. Бүгін сізбен сұхбаттасудың сәті түсіп тұрғанына дән ризамыз! Әуелі сөз басын туып-өскен өңіріңізден бастасаңыз. Қай жылы, қай мекенде дүниеге келдіңіз?

Еркінбек Шоқай: - Уағалейкүмәссәләм қадірлі  asylarna.kz  сайтының оқырмандары! Күллі  қазақ еліне Алла Тағаланың мейірімі, жақсылығы, берекеті болсын! Мен 1980 жылдың 20 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Бәйдібек ауданы, Арыстанды өзені бойында орналасқан Шақпақ (бұрын Алғабас совхозы деп аталған) деген ауылда дүниеге келіп, естен кетпес балалық шағымды сол мекенде өткізіп, осы ауылда Ғани Мұратбаев атындағы мектепте тәлім алғанмын.

Асыл арна: - Өзіңіз айтып өткендей, балалық шақ десе кім-кім де жымиып тәтті, балғын кездерін еске түсіреді ғой. Сол балалық шағыңыздан қандай қызықты жайларды айтар едіңіз? 

Еркінбек Шоқай: - Әрине, балалық шақ - ең қызықты кез ғой. Өзімнен кейінгі інім менен 5 жас кіші болғандықтан, үйде қатар ойнайтын бала болған жоқ. Бала-шағасы бір-бірімен тете өскен ағайынымның үйі маған әрдайым қызық болып тұратын. Сол үйдің ойыны мәндірек, тамағы дәмдірек көрінетін. Себебі, олар - көп, мен - жалғыз. Кейде мені қатарларына қосқысы келмегенде, оларға жалынып, әжемнің кәмпитін, жылы-жұмсақтарын ала баратынмын. Сосын, қатарға қайта қосылғаныма мәз болып, солармен бірге тынымсыз шапқылайсың, ерсілі-қарсылы жүгіресің, тамақты да апыл-ғұпыл іше саласың.  Бірде, сол үйде,  түскі асқа «бермешел» жеп отырғанымда тілім «дыз» етіп, удай ашып кетті. Қарасам, аузымды ара шағып алған екен. Асығып тамақ ішемін деп, араны да қоса аузыма салғанымды байқамай да қалыппын (күлді).

Асыл арна: - Бала Еркінбек кімнің тәлім-тәрбиесін алып, қандай тұлғаға еліктеп өсті?

Еркінбек Шоқай: - Мен атам мен әжемнің үлкен немересі болғандықтан 5 -сыныпқа дейін қазақтың дәстүрімен тікелей шал мен кемпірдің қолында өскен баламын. Жасымнан атамның тәрбиесін көріп, сол кісіге еліктеп өстім. Бір ауылдың әкімі болып, мемлекеттік қызметте істегендіктен болар ұйқыдан тұруы, жұмысқа барып-қайтуы, уақытылы тамақтануына дейін жүйелі тәртіппен жүзеге асатын. Атамның айналасындағы адамдар мен отбасына орынды қойып отыратын талап пен тәртібінен үнемі үлгі ала білдім. Ол кейін білім ізденуде де, жасаған жұмысымда да өз нәтижесін беретін. Тіпті, бір күн дайындалмасаң, бір күн қари болуға кешігетін Құран оқып, оны жаттау кезінде де, атамның бойыма сіңірген осы тәрбиесінің рөлі жоғары болды. 

Асыл арна: - Құран оқып, оны жаттауға да жүйелі тәртіп керек дейсіз ғой?

Еркінбек Шоқай: Иә, өте маңызды.

Асыл арна: - Құран әріптерімен қай жастан бастап таныстыңыз? Кім себеп болды?

Еркінбек Шоқай: - Бесінші сыныпта оқитын кезім. 1992 жылдың көктемі әлде күзі болатын. Тәуелсіздік алып, мемлекет дінге рұқсат берген шақ. Осыған орай, халық та дінге бет бұра бастаған еді. Ауылға молдалар тағайындалып жатты. Сөйтіп бір күні Шынбол деген имам мектепке келіп: «Сендерге құран, араб тілін үйретейін. Қаласаңдар, жазылыңдар» деп хабарландыру жасап, азғантай (20 тиын ба есімде жоқ) соманы атады. Балалық қызығушылығым болса керек, Құран мен үшін жаңа дүние болып көрінді ме, қатты оқығым келді. Үйге барып, осы ниетімді ата-анама айттым. Ол кісілер, басында "өз сабағыңа зияны тиеді" деп, қарсы болды. Дегенмен, жалынып тұрып рұқсатын алдым. Сөйтіп, алғашқы сабақтарға көптің бірі (басында 30 шақты бала болғанбыз, кейіннен 2-3 ғана бала қалдық) болып қатыса бастадым. Барсам, әріптер біздікінен өзгеше: оң жақтан бастап жазылады екен. Бала деген өзі жаңа дүниеге құмар келеді ғой. Мысалы, үйдегі ескі ойыншықтардан гөрі жаңасымен ойнағанды құп көріп тұрады. Сол сияқты, Құран үйренуге де ерекше құлшыныспен кірісіп кеттім. Мектепте үздік оқыдым, жаттау қабілетім де жақсы еді. Алғашқы сыныптарда төрт жолдан тұратын тақпақты апай қолыма ұстатқан бойда жаттап алатынмын. Сондықтан әріптерді, кәлиманы жаттау қиынға соқпады. 


"Арманым 6 жылдан кейін іске асты"

Асыл арна: - Қазақ халқы қашан да «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп, білім ізденуші адамға ақ батасын беріп, тілеуін тілеп отырған. Діни біліміңізді қай жерде жетілдірдіңіз? Шетелге қашан шықтыңыз?

Еркінбек Шоқай: - Мектеп бітіретін кезде Шынбол ұстаз жоспарым жайлы сұрады (курсымыз тоқтап қалса да ұстазымыздың үйіне барып, сабақ тапсырып жүретінмін). Саясат, тарих, журналистика салаларының ішінен қайсысын таңдарымды білмей жүргенімді айттым. Содан ұстазым Шымкенттегі медресеге түсуге кеңес берді. Үздік оқысам, Араб еліне барып, білім шыңдауыма болатынын тағы айтты. Осыдан кейін ойым өзгеріп, үйге келіп, жоспарымды білдірдім. Курсқа сұранған кезден он есе артық жалындым. Айналамның бәрі қарсы шықты. Әрине, ер балалар ішінде үздік бітірген жалғыз мен болғандықтан ата-анам, ұстаздарым «Бұл бала журналист, философ болуы тиіс» деп жоспарлап жүрген. Араб тілін ескі, төте деп санайтын. Дінді оқитын болса, қайда жұмыс істейді деп уайымдады. Баланың арман-мақсаты айқын болса, кез-келген ата-ана бетін қақпайды ғой: «Ақыры таңдаған жолың осы екен, аман бол» деп рұқсаттарын берді.

Медресеге алғаш түскенімде Кәмілжан қари есімді ұстазымыз Құраннан сабақ берді. Ұлты – өзбек. Өзі Құранды толық жаттаған кісі еді. Бірте-бірте оның бойындағы көп қасиеттер үлгі аларлықтай екенін байқай бастадым. Сабақ үстінде анда-санда «Мені сынап көріңдер, Құранның кез келген бетін ашсаңдар да, айтып бере аламын» деп кішігірім «шоу» жасап беретін. Сонымен бірге жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, киім киісі керемет болатын. Осылайша ол кісі "кумирімізге" айналды. Тарауықта халықтың алдына шығып, имамдық етсем, Құранды толық хатым қылсам деп армандадым. Қарилыққа деген қызығушылық тіптен еселене түсті. Бір жылдық медресені тәмамдаған соң, ұстазым «Қазақтан шыққан қарилар өте аз. Сенің қабілетің бар. Сол жерден білім ал» - деп, қарилар дайындайтын оқуға жіберді. Күткенім де сол еді. Қуана келістім. Сол жерде жүріп Құранды толық жаттауды Алла нәсіп етті.

2000 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тұңғыш рет ұйымдастырған республикалық Құранды жатқа оқу жарысының 30 паралық номинациясы бойынша бас жүлдесін иелендім.Жарыстан кейін дін саласында жүрген үлкен имамдар мені жұмысқа, медресеге ұстаз болуға шақырды. Мен: «Енді осы Құранның мағынасын түсіндіре алатын дәрежеге жетуім керек» - деп,бәрінен бас тарттым. Сөйтіп, Араб еліне барып оқимын деген арманым 6 жылдан кейін іске асты. Алланың қалауымен, досым Ерсін Әміре екеуіміз 2001 жылы Ливанға сапар шектік. Бірінші жылы араб тіліне дайындық курсынан өтіп, 4 жыл бакалаврда ғұламалардан, қырағат ғалымдарынансабақ алып, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дейін жалғасатын тізбегі бар ижәзасы (ұстаздың шәкіртіне беретін рұқсаты), сәнады бар шейхтардың алдында сабақ тапсырып, Триполи университетінің шариғат факультетінің "Исламтану" мамандығын 5 жылда бітіріп қайттық. 

Асыл арна: - Сонда Құранды бастан-аяқ жаттап шығуыңызға қанша уақыт кетті? Ерекше жаттау тәсіліңіз бар ма?

Еркінбек Шоқай: - Мен Орта Азиялық тәсілмен жаттадым. Ұстаздарымыз да көбіне осы әдіске жүгінеді. "Санақ" деп аталатын бұл тәсілде, бірден көп жаттауға қызықпаған жөн. Қабілеті жақсы адамдар болады, бір күнде көп жаттай алатын. Бірақ бір жүйемен жүрмесе, тез жатталғанымен, көп оқылмаған Құран болашақта тез ұмытылып кетеді. Мысалы, күніне он бет жаттағандарды білемін. Яғни, бес-алты мәрте оқып, жаттап алып сол бойда жатқа айтып тапсырады. Десе де, келесіде сол жаттағанын ұмытып қалады. Яғни, әр жаттаған сайын жаңадан оқығандай болады. Егер күніне он беттен емес, тұрақты екі беттен жаттаса және оны 200-300 рет қайталап оқыған болса, есінде жақсы қалады. Еске түсірерде еш қиналмайды. Құранды қаншалық көп оқысаңыз, есте жақсы сақтайсыз. 5-6 рет қана оқып, жаттап тапсырудың бір жаманы – 600 бет Құранның сол жеріне қайта келгенде ойыңыздан шығып кетеді. Сонымен бірге, тым көп бет жаттасаңыз, зорығып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан мынадай тәсілді ұстануға кеңес берем: екі бет жаттаңыз да, соны 200 рет қайталаңыз. Жақсылап жаттаған соң, ұстазға тапсырасыз. Құранды толық жаттаған соң, тағы бір мәрте айналдырасыз. Бірақ бұл жолы екі бет емес, төрт беттен оқисыз да, санақты 150-ге азайтасыз. Келесі қайталағанда 130 мәрте оқисыз да, беттің санын беске көбейтесіз. Бұдан кейін санақты 100 рет қылып, алты беттен оқисыз. Одан кейін сегіз беттен оқып, 70 рет қайталайсыз. Келесісінде санақты 50-ге түсіріп, бетті он қыласыз. Осылайша, уақыт қысқара береді. Мысалы, Құран оқуда алғашқысында бір жылда бітірген болсаңыз, екіншісін жеті айда, кейінгісін бес айда бітіруіңіз мүмкін. Яғни, Құранды толық оқып шығып, хатым етесіз. Бара-бара күніге екі парадан оқып, он мәрте оқисыз. Осылайша, 15 күнде хатым қыласыз. Соңында 5 параға көтересіз. Бұл – біздің жүйедегі шың. Бас-аяғы алты күнде толық оқып шығасыз. Осылайша, ұстазыңыздың алдында екі жарым-үш сағаттай отырып, тапсырып бересіз. Сәтті өтсеңіз, «Ал, мінеки, қари болдың» деген батасын аласыз. Осы жүйе бойынша жаттасаңыз, санақтың жалпы саны 1000 мәртеден асады. Бұл – Құранның құдіреті. Бұдан басқа ешқандай кітапты мұнша рет оқу мүмкін емес.

Асыл арна: - Сізді қазіргі қазақ жұрты Құранның бірнеше қырағатын меңгерген ең алғашқы қари ретінде таниды. Жалпы қырағат дегеніміз не? Оны қалай түсіндіресіз?

Еркінбек Шоқай: - Көбі қырағатты әуезбен шатастырады. Ол мүлдем басқа. Қырағат дегеніміз - Құран аяттарының түрлі тәсілмен оқылуы. Мысалы, бір қырағатта сөз екі мәдке ғана созылатын болса, келесі бір қырағатта ол алтыға дейін созылады. Құрандағы «әлейһим» сөзі «әлейҺим», «әлейһум», «әлейһиму» деп үш жолмен оқылады. Бірақ сөздерінің дыбысталу, оқылу жолдары өзгергенмен, мағына өзгермейді. Жалпы, қырағат ғылымы деген осы.


"Араб тілі маған орыс тілінен оңай"

Асыл арна: - Бүгінде қарыштап дамыған заман талабына сай өзге ұлттың тілін білудің маңыздылығы өте жоғары. «Қанша тіл білсең –сонша рет адамсың» деп те жатады. Сіз қанша тіл меңгергенсіз?

Еркінбек Шоқай: - Құран – араб тілінің негізі. Оны үйрену аса қиын болған жоқ. Аллаға шүкір, араб тілінің грамматикасын жақсы меңгеріп, сабақ та бердім. 

Медреседе тәлім алған Кәмілжан қари деген ұстазым өзбек кісі болды. Кейін қарилықты оқып жүргенде де, өзбек ағайындардың арасында оқыдым. Ол тілде діни кітаптар да көп болды. Өзбекшені сол кезде үйрендім. 

Орыс тілінде өз ойымды жеткізе аламын, бірақ араб тілі маған орыс тілінен оңай. Астана мен Атырау қаласында мемлекеттік қызметте жүргенде көбірек үйрендім, қазақтардың ортасында өскендіктен, орысшаны қатты жетік білмедім. Ауылымызда екі ғана орыс болды, олардың өзі қазақша сөйлеп кеткен (күлді). Қаладағы медресеге келгеннен кейін де, өзбектермен араластым. Ары қарай, арабтардың ортасына кеттім.

Ағылшын тілін үйрену үшін біраз курстарға қатыстым. «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға түсемін деп IELTS-қа да дайындалдым. Бірақ Нұр-Мүбаракқа докторантураға түстім. Кейін ағылшын тіліне деген ынтам сәл баяулап қалды. Одан деңгейім бастауыш деп айтуға болады. 


Асыл арна: - Өзіңіз айтып өткендей, Астана мен Атырау қалаларындағы қызметіңіз мемлекеттік жұмыстар болыпты. Құран жаттаған адам ретінде оны жұмысыңызбен қалай үйлестіре білдіңіз?


Еркінбек Шоқай: - Атам ер азамат жақсылықты да, бейнетті де көріп, төзе білетін жан-жақты болуы керек деп тәрбиелеген. Әрине, мемлекеттік қызметтің талабы мешіт тәртібімен сәйкес келмейді. Құранды үнемі қайталап, оқып беруге ең ыңғайлы орын - мешіт. Бірақ  мемлекеттік қызметте жүріп те Құранды қайталап, уақытылы намаз оқып жүруге болады. Мысалы, Атырауда жүргенімде жұмыстан кейін мешіттерде сабақ беретінмін. Білім берумен, шығармашылықпен айналысу мемлекеттік істің талабына қарсы емес.


Асыл арна: - Біз Алматы қаласының бас имамы және қари, ұстаз деп танитын жан отбасында қандай әке? Отбасыңызға қаншалықты уақыт бөлесіз? Қысқаша тоқталып өтсеңіз.


Еркінбек Шоқай: - Мемлекеттік қызметте де, имамдықта да бір мүдде - халықты риза қылып, талаптарына сәйкес қызмет көрсету. Таңнан кешке дейін жұмыста, маңызды жиналыстарда жүресің. Жұмыс кешкі сағат 6-да біте қоймайды. Демалыс күндері де реттеу керек шаруалар шаш етектен. Сондықтан, отбасыға уақыт өте аз бөлінеді. Аптасына үйгебалалар ұйықтамай  тұрып баратын екі күнім ғана болады. 

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Балаларыңды алаламаңдар!» - деген хадисі бар. Балаларыма жеке-жеке көңіл бөліп, әрқайсын иіскеп, айналып-толғанып, жағдайларын сұраймын. 

Олар менің әкелік қамқорлығымды сезінсін деймін. Жексенбі күндері (уақыт болғанда) отбасыммен бірге дәмханаға, ойын алаңдарына, паркке серуендеуге шығып тұрамын. Жалпы, бала-шағамның жанында болып, көп нәрсе үйретуге уақытым болмаса да, барынша бақылауда ұстауға тырысамын.


Асыл арна: - Сырт көзге оңай көрінгенімен, табандылық пен күш-жігерді, ұйқысыз түндер мен  күлкісіз күндеріңізді сарп етіп, үлкен істі арқалап жүрсіз. Алматыдай ірі шаһардың бас имамы болу жауапкершілігі қандай? Уақытыңызды қалай тиімді пайдаланасыз? Бәріне үлгеру үшін  жасайтын амал-әрекеттеріңізді айта отырсаңыз?


Еркінбек Шоқай: Басшылық қызметтегі адам бойында екі қабілет болуы керек деп ойлаймын. Біріншісі – ұйымдастыра білу, екіншісі – қадағалау. Басшы қарамағындағы қызметкерлердің біліміне, қабілет-қарымына орай тапсырма беріп, ұйымдастыра білуі қажет. Одан кейін сол тапсырманың жүзеге асуын қадағалау. Мен қолдан келгенше осы екі дүниеге көп мән беремін. Әрине, мынадай үлкен шаһарда бәріне үлгеріп жатырмын деп айту қиын. Бір кабинетте ғана отырып, тек имамдармен жұмыс жасап отырмаймын. Мешітке намазға шығып, сұрақтарға жауап беріп, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатамыз. Сондықтан, имамдық қызмет – жан-жақты болуды талап ететін, жауапкершілігі мен ауыртпашылығы қатар жүретін ауыр қызмет.


"Әлеуметтік желіге материал салуға асықпаймын"


Асыл арна: - Заман талабы немесе жұмыс барысы деп жатамыз. Жалпы әлеуметтік желілерді қаншалықты жиі пайдаланасыз?


Еркінбек Шоқай: Әлеуметтік желіге материал салудың өзі бір жауапкершілік. Оны жан-жақты ойланып, дұрыстап қарастырып, көңілді бөліп жасау керек. Себебі, парақшаңда тұрған материалды мыңдаған адам оқуы мүмкін. Олар дұрыс түсінетіндей, пайдасы болатындай, пайдасы болмаса да, зияны болмайтындай етіп салуың керек. Сондықтан, атаулы бір материалдар мен шаралар болмаса, әлеуметтік желідегі парақшама материал салуға асықпаймын. 


Асыл арна: - Неден қорқасыз?


Еркінбек Шоқай: Аллаға шүкір, Алла Тағала бізді мұсылман етіп жаратты. Жүрекке иман ұялатты. Құран үйретті. Исламның жолында қызмет етіп жүрміз. Мен осы иманнан кейін күпірлік етуден қатты қорқамын. Ол ең үлкен бақытсыздық. Алла одан сақтасын! Сол үшін, Алла Тағаладан әрдайым: «Я, Алла, бізді тура жолға салғаннан кейін адастыра көрме» - деп дұға қылып жүруіміз керек. 


Асыл арна: - Сізді не қуантады?

Еркінбек Шоқай: - Әрекет жасап, бейнетке шыдап, Ливанда шейхтарда оқып, ижәзамды алғанда қатты қуандым. Сондықтан, адам еңбегінің нәтижесін екі өмірде көргенде қуанады деп ойлаймын. 


"Бір уақытта бірнеше кітап оқимын"


Асыл арна: - Соңғы рет қандай кітап оқыдыңыз?


Еркінбек Шоқай: - Менде бір уақытта бір кітапті оқу, айналысу мүмкіндігі жоқ. Бірнеше кітапты қатар оқып жүремін. Кей кітаптарымды іс-сапарға шыққанда алып кетіп, ұшақта, пойызда не барған жерімдегі қонақ үйде оқитын кезім болады.

Қазір «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары және олардың Құранға жасаған қызметі, Құранды үйрету жолындағы бейнеті», «Бәйдібек би», Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құқықтары мен ақысын таныстыратын Қази Иядтың «Шипа», «Мешіт дәрістері» атты кітаптарды оқып жүрмін. 


Асыл арна: - Білімді алғаннан кейін оны бөлісу – парыз. Абай атамыз да «Шәкіртсіз ұстаз - тұл» деген ғой. Қазіргі таңда тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз бар ма?

Еркінбек Шоқай: - Имамдық қызметке келудің алдында Нұр-Мүбаракта оқытушы болдым. Сол кезде бір күнімді толығымен университеттегі дәрістерімнен бөлек, Құранды ижазаға тапсыратын шәкірттеріме арнайтынмын. Қазір сапарларым көбейіп кетті де, үзіліп қалды. Жалпы, ижазаға 9 қариды оқытып жаттым. Оның ішінде Шоқан деген қари  толығымен бітіріп, "ижаза" алды. Алла қаласа, қалған қариларды оқытуды жақында бастайын деп отырмын. Оның ішінде Серік Ахметов деген қари жігіт (қазір орталық мешіттің ұстазы), Бауыржан деген қари жігіт (қазір Белбұлақтағы қарилар курсында ұстаздық етеді). Құдірет Бекжанов сынды ижазаға оқытып жатқан шәкірттерім бар.

Асыл арна: - Әлемдердің Раббысы тарапынан түскен Құранның құндылығы, берекеті туралы не айтасыз?


Еркінбек Шоқай: - Құран – адамзатты екі өмірдің бақытына жетелейтін ең соңғы иләһи кітап. 14 ғасырдан бері әріпті былай қойғанда, үтір-нүктесіне дейін өзгермеген Алла Тағаланың уахиі. «Хижр» сүресінде Алла Тағала «Шын мәнінде, Біз зікірді (Құранды) түсірдік. Енді оны өзіміз сақтаймыз» дейді. Ал қазір біз бұл иләһи кітаптың, Алла уәде еткендей, сан түрлі жолдармен сақталып отырғанын көзбен көріп келеміз.

«Исра» сүресінде Алла Тағала «Шын мәнінде, бұл Құран ең тура жолға бастайды. Ізгі амалдарды жасаған мүміндерді үлкен сауаппен сүйіншілейді» деп, Құранның адам баласы үшін мәні мен маңызын айтып өтеді. Демек, Құран мұсылманды ең дұрыс, ең пайдалы, ең бақытты өмірге жетелейді. Құранмен өмір сүрген адамды Алла Тағала екі өмірде қор етпейді.

Алла Тағала Құранда адамзат үшін өмірлік қажетті болған ереже-қағидалардың барлығын көрсеткен. Бұл турасында «Әнғам» сүресінде «Біз кітапта ешнәрсені қалдырмадық…» делінеді. Бұл - адам баласына, адамзат қоғамына қажетті принциптер мен негізгі құндылықтардың барлығы осы кітапта келтірілген деген сөз.

Олай болса, Құранды оқитын адам Алланың 14 ғасырдан бері әрпі өзгермеген кәләмін оқиды. Алла Тағаламен тілдескендей болады. Себебі, Хасан әл-Басриден келетін хабарда «Кімде-кім Алланың өзімен тілдесуін қаласа, Құран оқысын..» деп айтылады. Ең тура, ең пайдалы жолды, ғұмырына қажетті өмірлік рухани-моральдық азықты осы кітаптан табады. 


ПІКІР (5)

Болатбек
2018-10-31 16:32:12

Ассалаумағаликумбауырым? Әлемді кім жаратты, Тұтастай әлемнің ішіндегі әлемді атап берініз? Ібілістің мекенің айтып берініз? Жер бетінде шайтанның ордасын айтып берініз?

Алтын-Айдар
2018-11-01 02:16:25

..."қазақ даласында Құран ілімін алғашқылардың бірі болып жетік меңгерген қари" бұл қалай түсінуге болатын сөз? Бұл кісі туылып, өсіп, өнеге алам дегенге дейін Қазақ даласында алдыңғы ғасырларда жетік меңгерген қари болмаған деп түсінуге болама? Журналист деген ойына келгенді ойқастап жаза салатұғын адам емес. Ол бұқараға сөйлеген, елді сөзіне ұйытар адам емеспе? Осылай алғашқы сөйлемнен бүткіл сұхбат, мақалаға жиеркеніш тудыруға болама екен?

Алдиев Сағат
2018-11-01 14:59:15

Алла разы болсын! Еркінбек устазга

Алдиев Сағат
2018-11-01 14:59:16

Алла разы болсын! Еркінбек устазга

Алдиев Сағат
2018-11-01 14:59:18

Алла разы болсын! Еркінбек устазга

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер