Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

БАЛА МЕН КОМПЬЮТЕР

Мақалалар

БАЛА МЕН КОМПЬЮТЕР

Әділеттің қуанышында шек жоқ! Енді ше?! Айт мейрамында оған су жаңа компьютер сыйлыққа берілді!

Кеше ғана Рамазан айы аяқталып еді, әкесі үйге бірнеше қорапты көтеріп кірді. Бірінде – монитор, екіншісінде – процессор, басқаларында – пернетақта, тышқан, жалғайтын сымдар...

Қораптарды ашқанша тым кеш болып кетті. Әкесі:

       Ертең кешке дейін шұғыл істерім бар, үйде болмаймын. Сен бұларға тиіспе. Кешкісін екеуміз бірге қосамыз,-деді.

Таңертең төсектен қарғып тұрған Әділет таң намазынан кейін көз іле алмады. Ұйқыға киетін киімін шешпестен, компьютердің жанына жүгіріп келді. Көптен күткен арманы көз алдында тұрғанда кешке дейін шыдай алсын ба? Ол компьютер алдындағы орындыққа отырды да, қолының батырманы қалай басқанын байқамай қалды. Өйткені, компьютер қосуды білетін. Сыныптасы Жарастың үйіне бірнеше рет барып, компьютер ойындарын ойнаған. «Әкем болмаса да қоса аламын ғой! Қалай жұмыс істеуді білемін. Артық нәрсеге тиіспеймін. Тек өзіме таныс ойындарды ғана қосамын!» деп ойлады.

Компьютер де тез қосыла қалды. Сүйікті ойынын да оңай тапты. Бірден сол әлемге еніп кетті.

       Әділет!-деген анасының даусын естіп, селк ете қалды да, атып шықты.

       Сен неге әлі киіміңді ауыстырмағансың? Тісіңді де жумағансың, шашың да таралмаған. Жүр, таңғы ас ішейік. Бүгін қонаққа баратынымызды ұмыттың ба?

Әділет бәрін ұмытқан. Қонақты да, таңғы ас, тіс щеткасы, тарақ – бәрін де. Ол ойынды ғана ойлап тұр.

       Анашым, мен қонаққа барғым келмейді. Үйде қалсам бола ма?

       Үйде қалу? Неге? Кеше қатты барғың келіп еді ғой. Әлия әпкең бармасаң ренжиді. Оған үй шаруаларына, бақша жұмыстарына көмектесіп, жігіт болып қалып едің...

       Келесі жолы барамын деп уәде беремін. Ал бүгін үйде боламын. Мен үшін алаңдама, жасым он екіде, үлкен жігіт болдым ғой.

       Жарайды, өзің біл. Тек таңғы асыңды ішіп, бөлмеңді жинауға уәде бер. Үйде қалсаң, дүйсенбі күнгі сабақтарыңды да әзірлеп қой,-деді анасы.

       Жарайды!-деп айқайлап жіберді де, бөлмесіне жүгіріп кетті. Ойынды жалғастырып, беріліп кеткендігі соншалықты, анасы мен төрт жастағы қарындасының үйден шығып кеткендерін байқамай қалды.

Әділет уақытты мүлде ұмытты. Ол ойнай берді, ойнай берді. Үстелдегі таңғы ас суып қалған. Ұйқыға жататын киімін шешпеген, жуынбаған, таранбаған Әділет ойын қызығына батқан. Ол әдетте осы уақытта бірнеше бет Құран және дұха намазын оқитын. Бүгін бұл істерді әкесінің сағаты бесін намазының уақыты жариялағанда бірақ есіне түсірді.

«Бар болғаны бір рет қой» деген оймен ойынын жалғастыра берді. Анасының есіктен кірген дыбысын естігенде ғана орындықтан атып тұрып, таңғы асты бөлмесіне алып кірді. Жүгіріп барып, үй киімін ауыстырды.

       Алланың сәлемі болсын, балам!

       Саған да Алланың сәлемі болсын, анашым!

       Неге шәйіңді ішпегенсің? Бөлмеңді де жинамапсың. Төсегің де жиналмаған ба?

Әділет қызарып кетті.

       Жарайды, жинал!

       Қайда?

       Қалай дегенің не? Саябаққа барамыз деп едік қой. Содан кейін Әсия әпкеңмен көкке шығамыз деп келіскенбіз. Айт күні бәрі де ерекше қуанып, уақытты қызықты өткізуге тырысады.

Әділет компьютеріне бір қарады. Жоқ, ол мұны тастап кете алмайды! Ойын аяқсыз қалды ғой. Тағы да бірер сағат отырса, осыған дейін бағындыра алмаған деңгейге жетеді.

       Анашым, сендер бара беріңдер. Бүгін маған үйде болған ұнап тұр. Сабақтарым да көп.

Анасы таңғала қарап:

       Расымен де барғың келмей ме? Өзіңе ұқсамай қалыпсың...

       Иә, расымен бармаймын. Сіздер жақсылап демалыңыздар, мен осында боламын.

       Жарайды, өзіңе сорпа жылытып іш. Және намазыңды ұмытпа.

Олар кетісімен Әділет сорпаны да, намазды да ұмытты. Әкесінің сағаты екінті намазын көрсеткенде санын соқты. Бұл қалай? Ол намаз уақытын ұмытпаушы еді ғой. Керісінше, үйде бәрінің есіне салатын. Енді басқа амал жоқ. Ойынды әрі қарай жалғастырды.

Әкесінің сағаты келесі намазды ұрғанда Әділет қалтырап кетті. Жүгіріп барып, терезеден қарады. Күн батып кеткен. Тағы да намазды жіберіп алды.

Қынжылған қалпы компьютер алдына отырды да: «Жоқ, енді ойнамаймын!»-деді. Кенет «аз ғана қалып еді ғой. Бірнеше минуттан кейін соңғы деңгейді бағындырамын» деген ой сарт ете қалды.

Әкесінің сағаты құптан намазының уақытын хабарлады. Әділет онан сайын қынжылып, өзін сөге бастады.

Бұл қалай? Үш намазды қатарынан жіберіп алу! Көздерінің ауырғанын енді байқады. Себебі, бір күнді компьютер алдында өткізді. Терезеге жақындады, дала тас қараңғы. Бірер минуттан кейін әкесі мен анасы келеді. Ал ол әлі тісін де тазаламады. Таңғы, түскі ас, шәй ұмыт қалған. Құран да жайында қалды. Намазының ешбірін оқымады. Бөлмесін жинамады. Сабақтарына қолының ұшын тигізбеді. Өзін сондай жақсы көретін Әлия әпкесіне де бармады. Көкке шыққанда Әсия тәтенің балаларымен намаз оқитын еді. Олар уақытты қызықты әрі пайдалы өткізген болар... Көлігін жөндесуге шақырған Омар көкеге де бармады. Қаншама жақсы істерді жіберіп алды.

Анасына сабаққа қатысты өтірік айтты. Негізінде, оларға аз тапсырма берілген еді. Бүгін анасына қанша рет өтірік айтқанын есіне түсіре алмады. Әділет өзіне қатты ашуланды, жанын жегідей жеді. Әкесінің үстеліне барып еді: «Асығу – шайтаннан» деген Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзін жазып қойыпты. Өзінің қателігін түсініп, компьютерді өшірді. Төсегіне барып, жылап жіберді.

Екі апта бойы асыға күткен мейрам күнін пайдасыз өткізді. Бәрі де компьютердің себебінен... Көңіл-күйі әбден түскен Әділеттің басы ауырды, көзден ыршып шыққан жастарын сүртумен болды. Есіктен әкесі кірді. Әділет тез-тез жастарын сүрте бастап еді, әкесінің бәрібір жылғанын біліп қоятынын түсініп, қолдарын түсіріп, басын көтермеді.

       Балам, бәрі дұрыс па? Саған не болды?

       Жай... Анашым қайда?

       Ол хабарласқан, қарындасың екеуі Әсия әпкеңнің үйіне қонып, таңертең келеді. Не болғанын айтпайсың ба-деді әкесі қайтадан.

       Бәрі дұрыс...

       Онда компьютерді қосайық. Мені әбден күткен шығарсың. Бәрін реттейік.

       Жоқ, жоқ! Қаламаймын! Мен оны өзім...

       Өзім?

Әділет басын төмен түсіріп, барлығын баяндап берді.

       Сондықтан да, компьютерді қаламаймын,-деді ол.

       Өте өкінішті, әрине. Сен мені  күтпей, асығыстық таныттың. Сондықтан да, шайтан өзіне ұнайтынын жасатты, ал өзің ұтылдың. Ал мен саған компьютермен жасауға болатын өте көп пайдалы істерді көрсеткім келген. Мұның көмегімен Құран тыңдауға жаттауға, аса қажетті, танымдық видеоларды көруге, тіл үйренуге, әлемдегі мұсылмандардың тіршілігімен танысуға, басқа да пайдалы ақпараттарды алуға болады. Олай болса, менде ұсыныс бар. Біздің компьютерде ойын деген атымен болмасын. Таңертең екеуміз пайдалы әрі қызықты нәрселерді тауып, компьютеріміз тек пайда әкелетіндей етіп қояйық. Келістік пе?

Әділет басын изеді. Осы күннен бастап оның компьютері тек қана пайда әкелетін болды. Ол асықпауды және әрдайым әкесін тыңдауды әдетке айналдырды.

 

 

ПІКІР (5)

Нурсауле

Жүрегімді ауыртты... Менің де балам компьютер көп ойнайды... Кеш болмай тұрғанда бір шара қолдануым керек...

Толқын

Алла бәрімізге туралықты нәсіп етсін! Әділет ең бастысы қателігінен сабақ алды. Бұл ата-ананың баласына берген тәрбиесінің жемісі.

Гүлім

Өте керемет! Құрметті "Асыл арна" ұжымы сіздерге Алла разы болсын!!!

Анар

керемет. расында да бұл баланың өз кінәсін сезініп, істеген ісіне өкініуі ата-анасының берген тәрбиесінен деп білемін. Аллаһ разы болсын сиздерге!

Анар

Қазіргі өзекті мәселенің бірі жас балалардың, жас бала түгілі ересектердің ұялы телефондарга , компьютерлерге, планшеттерге деген тәуелділігі. Кейде жақындарымның баларынан карап ишим удай ашыйды, бала бала болып ойнап , кулип журудин орнына таңертеннен кешке дейин телефонда немесе компьютердің алдында шошайып отырады. Ал казирги ата-аналар балаларым ушин акша табам деп журип, сол балар туралы умытып кетеди, жумыстан шаршап келип тек оздеринин құлақтары тыныш болу ушин баланын қолына телефон ұстатып қояды. (Бұл ата-ананың санасыздығы деп білем). Телефонды алған бала тек ойындар ойнап қоймай интернетке киреди, ал интернетте шошырлық сансыз бейнебаяндар бар, ал онын барлығы баланың міңезіне , тәлім- тәрбиесине әсер етеді. Соны неге ата-аналар түсінбейді екен!!! Қітап оқып, білімге, адам ретінде өсуге талпынғанның орнына уақыттары босқа өткізеді.... Осыны ұқыған ата-аналарға айтатыным "Ойлаңыздар, жас балаға жол көрсететің сіздерсіздер, баланың жастан деген бекер айтылмаған сөз , сондықтан кейин өкінбеу ушин жол көрсетініз: кітапқа баулыңыз, жақсы істер жасауға уйретіңіз, қаржы жағы қиын болмаса әр-түрглі үйірмелерге беріңіз, спортқа баулыңыз..." (граммтикалық қателік болса кешірім сұрайм)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер