Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

БАЛАМЫЗДА ОН ҮШІНШІ МҮШЕ ҚАЛЫПТАСЫП ЖАТЫР (Бала және смартфон)

Отбасы


Адам ауасыз өмір сүре алмайтыны сияқты, бүгінгі технология қызметі түрленіп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан заманда смартфонсыз өмір сүру мүмкін болмай бара жатыр. Қолжетімді интернет арқылы өмірімізге керекті ақпаратқа дер кезінде қанық болып, үйде отырып-ақ кез-келген затты сатып алып (киім, тамақ, әшекей-бұйымдар т.б), әлем жаңалықтарын да назардан тыс қалдырмаймыз. Жатсақ та, тұрсақ та жанымыздан бір елі тастамайтынымыз, тіпті, жақын туысымызға, бауыр еті баламызға да қимайтын уақытымызды сағаттап сарп ететініміз жасырын емес. Бірақ әрбір заттың өз уақыты, өз орны болу керек емес пе? Балды да көп жей берсе, кері әсер беретіні сияқты, смартфонды да шектен тыс пайдалану, біріншіден, адам өміріне, денсаулығына зиянды болса, екіншіден, арам пиғылды адамдардың сананы құрықтау үшін пайдаланатын үлкен құрал көзіне айналды. Әрине, сіз ересек адамсыз, өзіңізге есеп беріп, қажетті мәліметтерді сұрыптап алып жатырсыз делік. Ал өмір мектебіне енді қадам басып келе жатқан балаңыздың смартфонмен қарым-қатынасына бір мезет болсын көңіл бөліп көрдіңіз бе? Ол күніне қанша уақыт смартфон пайдаланады? Қандай сайттарға кіреді? Балаңыздың кімнен тәрбие алып жүргенін білесіз бе? Сіз ата-анасыз. Бұл сұрақтарға бей-жай қарамасыңыз анық. "Заманың қалай болса, бөркің солай" демекші, балаларымызды бұл мүмкіндіктен шектей алмаймыз. Десек те, смартфонмен қарым-қатынасын барынша ретке келтіріп, тәуелділіктен арылта аламыз. Ол үшін біз айтқан кеңестерді мұқият есте сақтап алғаныңыз жөн.

ТАҢДАУ БЕРІҢІЗ

Бала - біздің көз қуанышымыз, жанымызға жылу беріп, ізімізді  жалғар ертеңгі болашағымыз әрі ең қымбат инвестициямыз. Оның әр басқан қадамы, "әке", "ана" деп жанымызда еркелеп жүргенінің өзі бір бақыт. Ол не қаласа да, ойланбай-ақ алып беруге бармыз. Дұрыс, әрине. Бірақ смартфон алып берер алдында аз-кем ойланыңыз. Оның бала тұрмақ, үлкен адамдардың санасын жаулап аларлық қуаты бар екенін еске түсіріп, балаңызды барынша райынан қайтару үшін таңдау ұсыныңыз. Бір ескеретін жағдай, таңдауға қойған затыңыздың артықшылығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, оның смартфоннан артық тұстарын көрсетіңіз. Таңдауға бала санасын дамытатын қызықты дүниелерді қойғаныңыз абзал. Мысалы, құрастырғыш робот.

Егер балаңыз мектеп жасында болып, қайда жүргендігінен үздіксіз хабар алып отыруды қаласаңыз, смартфон алып беруге асықпаңыз. Бүгінде баланың қайда жүргенін, қандай жылдамдықпен кетіп бара жатқандығын білетін, тіпті тілдесе алатын мүмкіндікке ие, тиімді бағада смарт сағаттар қолданысқа енген. 

ШАРТ ҚОЙЫҢЫЗ

Дұрыс әрі орнымен пайдалана білген жан үшін смартфон көп мүмкіндіктің көзі. Балаңыз "сабақ оқуға пайдаланамын, маған смартфон алып берсеңіз" десе, әрине сабағын жақсы оқысын, жан-жақты білім алсын деген ниетпен алып беруге келісім бересіз. Бірақ, оның балаңызға тигізер кері тұстарын әуелден ескеріп, алып бермес бұрын онымен ортақ мәмілеге келіңіз. Бұл балаңыздың өскенде де кез келген іске жауапкершілікпен қарауына септігін тигізеді. 

Сіз қоятын шарттар: 

- Егер смартфонды сабақтан тыс, бас-артық дүниелерге пайдалансаң, қайтарып аламын.

- Смартфон алып берген күннен бастап сабақ үлгеріміңді бұрынғы айлармен салыстырып отырамын, егер бұрынғы көрсеткіштен де нашарлап кетер болсаң,  қайтарып аламын.

- Смартфонды ұстаған күннен бастап, тәртібіңді қадағалаймын. Егер қандай да бір бұзақылық жасасаң, оны смартфонның саған тигізіп жатқан кері әсері деп қабылдайтын боламын және қайтарып аламын, т.б. 

Ата-ана, сіз бұдан да өзге шарттарды қоса аласыз. Ал балаңыз бұл шарттарды орындаудан бас тартса, смартфон алып бермейтіндігіңізді айтасыз. 

ТИІМДІ ТҰСТАРЫН ҚАРАСТЫРЫҢЫЗ

Бүгінгі таңда смартфонның көмегімен көп мүмкіндіктерге жол ашамыз. Балаңызбен дұрыс мәміле жасап, ұялы телефон алып бергеннен кейін оның атыс-шабыс, жарылыс немес уақытын құр босқа өткізетін ойындар ойнатудан аулақ ұстаңыз. Ол ойындар жасөспірімді қатігездік пен мейірімсіздікке, тәрбиесінің нашар болуына әкеліп соғады. Үйге берілген тапсырмаларынан бөлек уақытта логикалық жүйені дамытатын түрлі мобилді қосымшалар жазып бергеніңіз абзал. Мысал ретінде, ай сайын артық қаражат құртпай-ақ, тиімді әрі тегін тіл үйрену мобилді қосымшаларына қатыса аласыз. Толық меңгеріп шығатынына кепілдік беру қиын, әрине. Дегенмен, бала нені көріп өссе, соған бейімделеді. 

ҚАДАҒАЛАП ОТЫРЫҢЫЗ

Балаңызға смартфон алып бергеннен кейін үнемі жанында отырып қадағалап отыруға мүмкіндігіңіз бірде болса, бірде болмасы анық. Бірақ, балаңыздың интернет әлеміне қызығып, жас сананы улайтын түрлі ақпараттар көріп, тәрбиесінің нашарлап кету қаупінен қорықсаңыз, оның да шешу жолдары қарастырылған. Қол жетімді заманауи технологиялардың қарыштап дамыған заманында балаңыздың смартфонынан өзіңіз керексіз деп тапқан сайттар мен  теріс жолға бағыттайтын бағдарламаларға бұғат қойып, балаңыздың смартфонын назарда ұстай аласыз. Мәселен Айфон, Андройт смартфондарына «Play Mapкет», «Apple-store» жүйесі арқылы «родительский контроль» мобилді қосымшасын жүктей аласыз.

БҰРЫНҒЫДАН ДА КӨП КӨҢІЛ БӨЛІҢІЗ

Смартфон балаңыздың досы, сырласы, ата-анасы, ажырамас он үшінші мүшесі рөліне айналмай тұрғанда, оған көп көңіл бөліңіз. Өзіңіздің мүмкіндігіңізді смартфон қызметінен төмен етіп көрсетпеңіз. Біз айтқан кеңестерге құлақ аса отырып, оның смартфонмен қарым-қатынасын ретке келтіріп, ұялы байланыс құралының адамдардың өмірін жеңілдету үшін ғана пайдаланатын көмекші құрал екендігін, ол болмаған кезде де өмірдің, отбасындағы берекелі қарым-қатынас пен жан жылуының бар екендігін сезіндіргеніңіз абзал. 

         

ПІКІР (6)

Арай
2019-01-24 09:03:14

керемет пост екен. Аллаһ разы болсын

Мұхаммед
2019-01-24 09:18:51

жаксы кенес екен

Нұршайым
2019-01-24 18:18:37

Өтеее керемет кеңес.Бала тәрбиесі өте маңызды.

Гульаим
2019-01-25 02:06:45

Коп рахмет!оте жаксы жазылган екен

Гулхадиша
2019-01-25 04:35:10

Жақсы кеңес екен.

Куттыбаева Кунслу
2019-02-07 07:04:16

Сиздермен калай хабарласамын отинем 87058534493 ватсап или хабарласуыңызды Алла разылығы үшін

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер