Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Аз тамақтанудың 10 пайдасы

Мақалалар

 

Астың адам баласының арқауына теңелуі оның тіршіліктегі орнын ешбір анықтамасыз айқындап тұр. Дастарханға қойылған ас-судың мөлшері, азық-түліктің бағасы – үй иесінің әлеуметтік жағдайын көрсетеді. Дәмді тағам әзірлеп әрі неғұрлым көп мәзір білетін әйел елдің ықыласына бөленеді. Кімнің қалтасы қалың, сол қаладағы ең қымбат асханалар мен мейрамханалардың тұрақты клиенті. Үш мезгіл тамақты қалдырмайтын адамның денсаулығы жақсы. Бұл – ХХІ ғасыр өкілінің санасында жатталған түсінік һәм стереотип.

Көріңіз де тұрыңыз, бүгін сіздің пікіріңізді біржола өзгертеміз. Ас ішуге қатысты стереотиптеріңіздің күл-талқаны шығып жатса да таңғалмаңыз...

 

Алла орнатқан «рацион»

 

Аллаға және Ақыретке иман келтірген әрбір пенде үшін көркем үлгімен безендірілген Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақ ішу рационын (ас мөлшері) он төрт ғасыр бұрын тайға таңба басқандай көрсетіп берген болатын. Ол: «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген еді. (Тирмизи). Мұнда сөзсіз табыс бар! Өйткені, ол адамды жаратқан және оның тұла бойының құпиясын білетін Алланың көкейіне құйғанын ғана сөйлейді.

Осы хадисті оқыған дәрігер ибн Масауи: «Егер, адамдар осы сөздерге құлақ асқан болса, оларға ауру-сырқат төнбейтін еді, сонда ауруханалар мен дәріханалар бос тұрареді» деген екен.  «Ауру – астан», «Дәрінің ең жақсысы – аз тамақ» деген даналық сөздер текке айтылмаған. Тіпті, бүгінгі ғалымдар мен дәрігерлер: «Қарын – «дерттің үйі» деген тұжырымды жиі айтатын болды. Қомағайлық – зұлымдық. Ол тек қана артық салмақ апатына ұшыратпайды, жалқаулық, ұйқышылдық есіктерін ашады.АҚШ-тың тамақтану саласының маманы Марси Парацель көп жеудің миға әсері туралы былай дейді: «Көп жеу мидың денсаулығына қауіп төндіреді. Ми қан тамырлары қабырғаларының ауырлауына, яғни атеросклероздың пайда болуына және ойлау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Бұған қоса, қант пен тәтті-дәмділерді көп жеу – протеин мен тамақтың бойға сіңуін тоқтатып, дұрыс тамақтану мен ми қызметінің бұзылуына себеп болуы мүмкін».

 

 

«Ас ішіп ауырғанша, ашығып сау жүр»

Адамның ағзасы жинақтаушы және өткізуші (сыртқа шығарушы) болып екіге бөлінеді. Мәселен, сіздің жеке кәсіпорныңыз бар. Сізге күнделікті жүк көлігіне тиелген тауарлар келіп тұрады. Оларды түсіретін 10 жұмысшыңыз бар. Күніне 2 көлік тауар келсе, бесеуі оны түсіріп қояды да, қалғаны оны жинайды, басқа жұмыстарды бабына келтіріп қояды. Көлік төрт-беске көбейіп кетсе, жұмысшылар үлгермей, сапасыз жұмыс істейді, тауарлар ретсіз, шашыраңқы қойылады, басқа жұмыстар жайында қалады. Біздің асқазанымыз да жоғарыдағы хадисте айтылғандай бірнеше түйір асқа лайықталып жаратылған. Онда неғұрлым көп ас түскен сайын игерілмей, ағзаға жиналып, басқаларын бүлдіреді немесе дәретханаға шығарасыз. Бұл ай сайынғы жалақымыздың 30 пайызы әжетханаға кетіп жатыр дегенді білдіреді. Бір келі артық салмақ – таяуда басталатын сырқаттың тамыры. Ағза тек қана әу баста өзінің бағдарламасына орнатылған бірнеше түйірді ғана алып қалады. Медицина ғалымдары бір рет ішілген асты қорыту үшін 16-20  сағаттың қажет екендігін ашық айтады (мәселен, 1 стақан сүт 10 сағат қорытылады). Сондай-ақ, ғалымдар қауымы күніне бір рет қана ас ішкен немесе 16 сағат бойы тамақ ішпеген адамның ағзалары өз-өзін емдейді деген тұжырымды мәлімдеді. Бұл уақытта сырттан енген түрлі токсиндер де шығады. Ішкі ағза тазарғандықтан, адамның бет әлпеті де әдемі бола түседі. Бұл механизм тек ағзаға ас келмей қалғанда ғана жұмыс істейді екен. Бұл мүлде тамақ жемей қою немесе нан, май, ет жеме деген бұйрық емес, адам бар болғаны астың асқазанында қорытылуына мүмкіндік беруі керек. Тәжірибе барысында мұның ақиқат екендігі елімізде де талай рет дәлелденді. Бұл Алла орайластырған өте керемет әдіс! Дәріге, ауруханаға ақша, уақыт шығындалмайтындығы тағы бар. «Анодет» аталатын бұл методика туралы арнайы мекемелерден толығырақ білуіңізге болады.

Қарынның құштарлығы немесе нәпсінің нәубеті

Сонда асқазан тоқ болса, үнемі мазамызды алып, тамақ сұрап тұратын не нәрсе? Ол – біздің нәпсіміз. Біз асқазанға қажет мөлшерден артық астың бәрін де ләззат үшін жейміз. Имам Ғазали осыған қатысты: «Адамды өлімге итермелейтін ең үлкен себеп – қарынның құштарлығы. Сол себепті де Адам (оған Алланың сәлемі болсын) мен Хауа Жәннаттан шығарылды» деген екен. Нәпсіні сындырғанда, қаншама игілікке жеткелі тұрғанымызды мынадан білуге болады. Адам аш кезде 90-100 пайыз энергияның бәрі миға жиналып тұрады. Асқазанға ас түссе, энергия да сонда жинақталады. Ғалымдар емтиханға, маңызды сынаққа, жұмысқа аш баруға кеңес береді. Мұндай кезде адамның басына түрлі ұтымды идеялар келеді екен әрі жұмыс өнімді болады. Ұйқысы қашық, сергек жүреді.

 

Тиімді тамақтануға байланысты үш қағида...

«Тазалық жиналған жерде емес, шашылмаған жерде» деген сөз бар. Сол секілді артық салмақтан жаттығу, диета арқылы құтылуға болады. Бірақ, мұның бәріне уақыт жұмсау қажеттілігі туады. Жолдағы кептеліс, жаттығу залына төленетін, диетаға қажетті азық-түлікке жұмсалатын қаржы...Ең абзал шешім – артық тамақ жеуден тыйылу. Уақыттың қадірін түсінген ізгілердің сөзіне назар салыңызшы: «Алламен ант етейін, тамақ жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкінемін. Өйткені, уақыт қашан да қымбат қой». (Фахраддин). «Мен тамақ уақыттарын қысқарту үшін барынша қолымнан келгенді жасаймын. Тіпті, көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз, шайнауға уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба аламын». («Әл-имам Әбул-уәфа Али ибн Ақил).

Медицина ғалымдары тамақтануға қатысты төмендегі үш қағиданы ұстануға кеңес берген:

1.     Аз тамақ жеу;

2.     Үйлесімді тамақ жеу;

3.     Тек қарын ашқанда тамақ жеу.

Қарыныңды күзеткенің – құлшылығыңды түзеткенің

 

Имам Шафиғи (оған Алланың рақымы болсын): «Тамаққа тою тәнді ауырлатады, қабылдауды әлсіретеді, ұйқышылдықты шақырады және адамды құлшылығында төмендетеді» деген.«Кім өзінің қарынын қадағалайтын болса – ол дінін қадағалағаны. Кім аштыққа шыдаса, көркем мінезді әрі тақуа болады. Шын мәнінде, күнә аш адамнан алыс, тоқ адамға жақын» (Ибрахһим ибн Адһам).

Әсіресе, жатарда тойып тамақтанбай ұйықтаған адам түнгі намазға оңай тұрады. Әрі Алланың алдында қолын байлап, ұзақ тұруға да дағдыланады. Құранға деген құлшынысы артып, есте сақтау қабілеті де жақсы болады. Нәпсің әлсірегенде қиялға берілу, артық дүниеге қызығу сезімдері де ұмыт қалады. Тоқ адамның шаһуаты күшейіп, тыйым салынған нәрселерге жақындайды, біреуді кекетіп-мұқатуға, ренжітуге құштарланып тұрады.

Сондай-ақ, құлшылықта озық болу үшін ерте ұйықтаудың да пайдасы аса зор. Сағат 22.00-02.00 аралығында ағза ертеңгі күнге дайындалады. Осы аралықта ұйқыда болған адам ертеңгі күні шаршаңқылық, ұйқышылдыққа берілмейді. Мейлі, 01.00-де ұйықтап, ертең 13.00-ге дейін ұйықтасақ та мұндай әсерді сезіне алмайды екенбіз.

Бұхари мен Муслимде келетін танымал хадисте: «Иманды адам бір қарынмен жейді, имансыз адам жеті қарынмен жейді» делінген. Бұл мұсылманның басқа дін өкілдерінен әлдеқайда аз тамақтану керектігін нұсқайды және қарапайымдылыққа, азға қанағат етуге шақырады. Дініміздің жан-жақтылығы сол, аз тамақты берекелі етудің де жолдарын көрсетіп берген. Бірде сахабалардың бірі: «Я, Алла Елшісі, расында біз тамақ жеп, оған тойына алмаймыз» деді. Сонда ол: «Сендер бөлек тамақ ішетін шығарсыңдар»-деді. Олар: «Иә» деп жауап береді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұны естіп: «Онда тамаққа жиналып, Алланың есімін айтып жеңдер, сонда сендерге тамақтың берекесі болады» деген (Әбу Дәуд).

 

Құлшылықта ең озық ізгілердің үлгісі

 

Ислам діні ең алғаш тамыр жая бастағанда сахабалардың тұрмысы нашар болды. Тарихтан аштыққа қатысты түрліаянышты оқиғаларды оқыдық. Кейбір ғалымдар мұны бір қарағанда сынақ болғанымен, Алланың үлкен мейірімі еді деп тәпсірлейді. Себебі, сахабаларға қаншама аят пен хадисті жаттап, жүрекке сіңіру үшін энергия қажет болды дегенді де айтады.

 

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Мединеге келгеннен кейін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасының үш күн қатарынан бидай нанына тойғанын көрген емеспін» деген. Және бұл оның өмірінің соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ, анамыз Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан тоя тамақ жемегенін жеткізді.

Бірде Абдулла ибн Омардың (оған Алла разы болсын) еркіне жіберілген құлы Убайдуллаһ Адий Ирак жерін барады. Елге келген соң Ибн Омарды (оған Алла разы болсын) зиярат етуге келеді. Қал-жағдайын білгеннен кейін, Ирактан әркімде бола бермейтін сыйлық әкелгенін жеткізеді. «Ол қандай сыйлық?» деген сұраққа: «Мұның аты – жавариш, ол ас қорыту үдерісін жақсартады» деп жауап береді. Сонда ибн Омар: «Мен 40 жылдан бері тоя тамақ жемедім, бұл дәріні қайтемін?» деген екен.

Лұқман Хакім де баласына өсиет айтқанда: «Уа, ұлым! Қарын толғанда – ойлау ұйықтайды, даналық үндемейді, Аллаға құлшылық етуде тән әлсірейді. Өзіңді аштықпен тәрбиеле, ізгі амалдар жасауда және Құдайға бойсұнушы болуда шайтанға кедергі жасауға мүмкіндік берме. Ешқашанда тәкәппар және зұлым болма» деген екен. Құран тамақ жеуде асыра сілтейтін адамдарды ысырапшыл деп атайды.  «Ағраф» сүресінің 31-аятында:  «Ей, адам баласы! Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киіңдер). Және жеңдер, ішіңдер де, ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді»,-делінген.

 

Аз тамақ – жүректі нұрландырады

 

Ислам ғалымдары тамақта, ұйқыда, сөзде үнемшіл әрі ұстамды болуды жиі насихат еткен. Ибраһим Нахағи бір сөзінде: «Бізден бұрынғылар үш нәрседен сәтсіздікке ұшырады: көп сөйлеу, көп тамақ  ішу, көп ұйықтау» деген. Ал Абдулла ибн Масғұд (оған Алла разы болсын) мынадай төрт дос пен төрт дұшпанды таныстырды: «Төрт нәрсе жүректі қарайтады: тамақты мөлшерден көп жеу, залымдармен бірге жүру, күнәларынан қорықпау, амал етпей үміт ету. Төрт нәрсе жүректі нұрландырады: тамақты аз жеу (сүннет бойынша), ізгілермен бірге жүру, күнәларынан қорқу, алдымен амал істеп алып үміт ету». Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі болсын) өз үммбетіне адамның қанымен жылжитын шайтанды шөлмен және аштықпен тұншықтыруды өсиет етті.Осыған байланысты жылына бір ай ораза, айына үш күн (13,14,15), бейсенбі және дүйсенбі күндері ораза ұстау енгізілген. Бұл құлшылықтың бәрінде дерлік адамның рухани, физикалық жағдайына оң әсер беретін даналықтар бар.

 

Аз тамақ жеудің 10 пайдасы

 

Имам Ғазали «Ихия ъулумуддин» атты кітабында аз тамақтың 10 түрлі пайдасын тізіп көрсетеді:

1.     Аз тамақ сананы тазартып, есте сақтау қабілетін жақсартады. Тоқтық сананы тұмандап, ойлауды әлсіретеді.

2.     Аз тамақ жейтін адамның жүрегі жұмсарады. Жұмсақ әрі мөлдір  жүрек – мейірімнің қайнар бұлағы. Ондай жүрек зікірдің (Алланы еске алудың) ләззатын да сезінеді. Көп тамақ жеп, тойып жүрген адамның жүрегі соқыр болады.

3.     Аз тамақ жейтін адам бойсұнушы, бағынушы, қарапайым болып, тәкәппарлықтан алыс келеді.

4.     Аштықты сезінген адам Алланың сынағы мен жазасын ұмытпайды. Және сынаққа ұшырағандарды (жетімдерді, кедейлерді, үйсіздерді) есіркейді.

5.     Артық сөзге, зинаға, кекшілдікке, ашуға деген құштарығы сөнеді. Жан тыныштығына қол жеткізеді.

6.     Ұйқысы азаяды. Алланың бұйырғандарын орындауда озық болады. Аса Ұлы Алла Құранда түнгі намаз туралы: «Ей, жамылып алушы! Түннің аз бөлігінен өзгесін, тұр (намаз оқуға), оның жартысын не одан біраз кеміт, не оған қос. Әрі Құранды анық етіп оқы» («Муззәмил» сүресі, 1-4-аяттар); Және түннің бір бөлігін ұйықтамай, өзіңе қосымша намазға тұр. Раббың сені мақтаулы орынға жібереді» («Исра» сүресі, 79-аят) деген. Аз тамақ жейтін адам осы бұйрықты асқан жеңілдікпен орындайды.

7.     Басқа құлшылықтарда сергек болады.

8.     Ағзалары сау, ауру-сырқаудан аман болады.

9.     Аз тамақ жейтін адам қаражатын үнемдейді және көбірек садақа беруге мүмкіндік туады (адамның бір айда 40-60 пайыз қаржысы тамаққа кететіндігі анықталған).

10.                       Адам нәпсісін басқара алады. Шынайы бақыт - нәпсіні басқара білуде..

Сөзімізді домалақтай келгенде түсінгеніміз, үнемі тойып жүру – мұсылманның сипаты емес екен. «Мұсылман тамақты көтеріп жүрмейді, тамақ оны көтеріп жүреді». Яғни, «адам тамақ ішу үшін емес, өмір сүру үшін тамақ жегені» дұрыс. Тіпті, адам күнделікті құлшылығы үшін әлденіп алуды ниет етіп, тамақ жесе, әрбір ішкен асы құлшылыққа айнала шығады...

 

P.S немесе автордан:Әрине, адам бір ізгілікке өзгелерді шақыру үшін алдымен өзі амалына шығаруы қажет емес пе? Сол секілді, осы жазбаныдайындау үшін бір жыл өзімді сынап көрген жайым бар. Сүннетте бекітілген оразаны қалдырмай (тіпті, бір ай үздіксіз ораза қостым), кешке тамақ ішпей, барынша үйлесімді рационға орын беріп, спортпен айналысып, қысқасы, жоғарыда көрсетіген әдістерді барынша толық орындауға тырыстым. Нәтижесінде, түнгі намазға тұра алмай қалған, ауырған, ұйқышылдыққа беріген сәттерім болмады. Жұмыста сергек болып, Құран оқуда біршама дәрежеге жеттім. Бұрын соңды мазамды қашыратын бет әлпетімдегі қызыл дақтардан арылдым. Әсіресе, аз сөйлеудің бір етегінен ұстап қалдым. Әрине, бәрі де Алланың қалауымен... Соңғы уақытта отбасылық жағдайыма байланысты, бұл үрдісті бұзып алып, көп нәрседен артта қалып қойдым. Шынайы табыстың,  қос дүние жетістігінің кілті аз тамақта екендігіне әбден көзім жеткендіктен, осы жазбаны әзірлеуге бекіндім. Игілігіңізге жаратарсыз!

 

Кәусар Әбдулһәкім

ПІКІР (1)

Аманов Адилбек

Ассалаумаглейкум уа рахматуллаху уа баракатух амансыздарма Асыл арна қызметкерлері жұмыстарыңыз ға табыс тілеймін Аллах разы болсын! Менің бір ұсынысым бар еді егер қабыл алсаңыз дар Кəзіргі кезде барлық жанұялар ға барып қалмаңыз мəні жоқ Түрік сериялын көреді менің ұсынысым жəне өтінішім Омар Ибн Ал Хаттаб оған Аллах разы болсын сол кісіге арнап жасалын ған киносын қазақ тілінде қойып берсеңіз дер Аллах разылығы ұшын

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер