Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Ардақ НАЗАРОВ: ҚЫЗДАРҒА ҚОРҒАН БОЛАТЫН ЕРЛЕР СЫРҒА ТАҚПАЙДЫ

Сұхбат


Бүгінгі өскелең жасты иманды, білімді, батыр әрі намысты, елі мен жерін сүйетін азамат болуға шақырып, ағалық ақылын бөлісіп жүрген, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы, "Alem Fighters" кәсіпқой спорт клубының президенті Ардақ Назаровпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сұхбатымызда бала Ардақтың арманы қандай еді? Жастық жігер мен қайратты қалай тиімді пайдаланамыз? Ата-ананы не үшін құрметтеу керек? Бала тәрбиесінде қандай тәсілдер қолданған дұрыс? Спорттың бізге берері не? деген сұрақтар төңірегінде парасатты пайымдарын ортаға салмақ. 

«Менің атым-Қожа» деген шығармадағы Қожа мен ғой»

"Асыл арна": - Ассалаумағалейкүм Ардақ аға, кез-келген табысқа жеткен тұлғаның негізі қызықты балалық шақта жатыр. Тәтті шағыңыздың бал тұстары қалай өтті? Қандай бала болдыңыз?

Ардақ Назаров: - Уағалейкүмәссәләм,қадірлі  asylarna.kz  сайтының оқырмандары! Күллі  қазақ еліне Алла Тағаланың мейірімі, жақсылығы, берекеті болсын! Жалпы балалық шақты еске алсам сағынамын. Қайта айналып келмейтін заман ғой... Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Хантәңірі етегіндегі Қақпақ деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келіп, сонда өстім. Қызығы сол, бала кезімде жиі есімнен танып қалатын аурушаң болған екенмін. Анашым жұмыста болғандықтан, мені қарау тікелей әпкелеріме жүктеліпті. Бүгінде «үйде үлкендер жоқ кезде саған бірнәрсе болып қалса қайтеміз деп, "қит" етсе ауруханаға жүгіріп баратынбыз. Кейіннен энергиясы тасыған бір орында тұрмай, таңнан-қара кешке дейін әрлі-берлі шаршамай шапқылап жүретін "сотанақ" балаға айналдың ғой" - деп, күле еске алып отырады. Соған қарап ата-анам мені спорт мектебіне берген екен. Сөйтіп, спорттағы өмірім ең алғаш грек-рим күресінен басталды.

Есігіміз әрдайым ашық, дастарханымыз үнемі жайылып тұратын. Ағамның балалары, бөлелер, туған-туыс, көршілер барлығы біздің үйде жүретін. Әкем-автомеханик, тау-тас  аралап қойшыларға кино қойып келеді. Анамның жұмысы таңғы сағат 9-да басталып, кешкі 5-те аяқталады. Сағат 9-дан 5-ке дейін үй біз үшін рахат, жәннат. Ол заманда кәмпит деген жоқ, қара шай мен қара нан, майы, құрты бар. Анашым кеткеннен кейін, қонақ үйге кіріп, төсектің астындағы қантты алып, ағам екеуміз сумай мен қантты қуырып, арасына бидай қосып, керемет кәмпит жасап рахаттанып жейтінбіз. Қыстыгүні сүтті балқаймақпен араластырып, оған бал қосып, таңертеңге дейін қар астына көміп қойып, балмұздақ дайындайтынбыз. Айтулы мерекелерде ғана анам бір сом, әкем бір сом, әпкелерім бір сомнан береді. Қалтаңда 3-4 сом болса, сенен бай адам жоқ. Бірден дүкенге барып лимонад, қалың пряник пен консервідегі балықты сатып аламыз. Аңсап, армандап жүріп жылына бір рет алатын едік... Үйде алты баламыз, бесеуі-ұл. Таудан түскен таналар сияқты гүдір-гүдір етіп үйді шашып, одан қалса тайға мініп, сиыр айдап, өріске жеткенше құйрығына жабысып дырылдатып барып, берген киімді жыртып, аяқ киімнің табанын тесіп тастайтынбыз. Кейде анам отыра қалып «Өңкей сұр бойдақтар» деп жылап алатын.

Мектептегі өмірім бір ғажап! «Айналайын, айналайын Ардақжан!» - деп, білім нәрімен сусындатқан ең алғашқы сынып жетекшім Сәуле апайдың берген тәрбиесі мен мейірімі әлі күнге дейін есімде. «Менің атым-Қожа» деген шығармадағы Қожа мен ғой. Қожа сабақты жақсы оқиды, бірақ бірдеңені бүлдіремін деп бүлдірмейді. Неге екенін қайдам, мектепте қолыма парта ұстасам да, терезе ұстасам да сынып қалатын. Апайлар бірден "Назаров орныңнан тұр! Анаңды шақырып кел!" дейтін. "Апай енді олай істемеймін, кешіріңізші" деген сөз мүлдеп қабылданбайтын. Сөйтіп, мектептің жанындағы шешем бухгалтер болып істейтін конторға барамын, бірақ ішіне кірмеймін. Анамның мектепке барып, мұғалімнің алдында басын төмен қаратып тұруы – маған ар-намыс. Контордың бұрышында тұрсам, бірнәрсені тындыратындай староста қыз келе жатады. Оны да апай «Бар, Назаровты алып кел!» - деп жіберген (ол заманда атыңмен атау деген жоқ, бәрі Назаров дейді). Бұрышта тұрамын да "Таяқ жейсің" (жұдырығын түйіп көрсетті) деп қорқытамын. Ол ақыры маған ренжіп кетеді де «Назаров оңбаған, мені кіргізбей қойды» деп айтып барады. Іле-шала анашым жоқ екен деп, мен де барамын. Содан апай: «Әй, Назаров, сен бәле бодың ғой. Сенен құтылсам, мұғалімдерді жинап бір шәугім шай берем» дейтін (күлді). 

"Асыл арна": - Екі алып көрдіңіз бе? 

Ардақ Назаров: - Иә, екіні біз де алғанбыз. Бірақ сол бағаның қандай жазығы бар екенін қайдам, күнделікке түскен бетін сол күні-ақ жыртып алып, өртеп жіберетінбіз (күлді).



"Асыл арна": - Қазақстанның қарапайым ғана ауылынан шыққан бала - бүгінде елімізге танымал спортшы. Бала Ардақтың арманы қандай болды? 

Ардақ Назаров: - Мектеп кезінде есепті жақсы шығаратын математик болатынмын. "Кімде-кім есепті жақсы шығарса, сол ғарышкер болады",- деген сөзден шабыт алып «Шіркін-ай, ғарышкер болсам ғой!» - деп армандайтынмын.  Балалық шағымның тәтті арманы да сол еді. 

"Асыл арна": - Еңістегі елдің шөлін қандыратын таза, мөлдір, тұнық бұлақтың қайнар бастауы биік шыңдарда болады. Мектеп қабырғасынан бөлек сізге тура жолды нұсқап, бойыңызға асыл қасиеттерді дарыта білген қандай орта?

Ардақ Назаров: - Аллаға шүкір, ата-анамыз жақсы тәрбие берді. Соның арқасында кез-келген нәрсенің қадірін біліп, еңбек етіп өстік. Әкем:  «Өтірік айтпаңдар, ұрлық жасамаңдар! Құран деген - ұлы кітап, одан асқан қасиетті кітап жоқ» - деп, Құран мен дінге деген құрметтің дәнін бала күнімізден-ақ санамызға екті. 

Жалпы Алла Тағалаға, дінге, өмірге деген көзқарасымды қалыптастырып, тәрбиелеген - әжем. Ол кісінің жүрген жүрісі, тұрған тұрысы, сөйлеген сөзіне дейін тұнып тұрған тәрбие еді. Көптеген діни әңгімелер мен жырлар айтып беретін (мысалы: аспаннан Исаның түсуі, қиямет-қайым, қылкөпір т.б.). 

Кейін намазға жығылып, діни ілімнен хабардар болғаннан кейін әжемнен сол әңгімелерді қайдан білдіңіз деп сұрасам: «Бала кезімде ауылдың ақсақалдары, жыраулар, имамдар үйге келіп шариғат, шежіре, тарихтан көп әңгімелер айтып отыратын. Жанында ойнап жүріп естігендеріміз санамызда жатталып қалған»,- дейді. 

Батыр бабаларымыз түбі  жеңіп шықты

Асыл арна: - Біздің батыр бабаларымыз он үшінде отау иесі атанып, он алтысында жауға қарсы қол бастаған. «Сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер қазір де арамызда жоқ емес. Бірақ «сол күштерін пайдалы іске жаратып жүр ме?» дегенде сәл қиналатынымыз тағы рас. Жас күндегі тасып тұрған жігер мен қайратты қайда жұмсаған дұрыс? 

Ардақ Назаров: - Рас! Жеріміздің жетпіс пайызын қалмақтар алып, оның сыртында орыстар, көршіміз түрікмендер, қоқаны мен қырғызы барлығы қазақ халқына көзін тігіп отырса да, батыр бабаларымыз түбіжеңіп шықты. Себебі, олар елі мен жері үшін үлкен тәуекелге бара алатын. Деректерде Төле би атамыз Бұқарадағы Көкілташ медрессесінде бірнеше жыл оқып, үлкен білім иесі әрі қари (Құранды жатқа білетін адам) болған дейді. Ол кісі екі бірдей баласын қалмаққа бекерден-бекер он бес жылға кепілдікке берген жоқ. Сол жылдардың ішінде жүйелі түрде жұмыс істеп, Қойгелді батырдың өзінен сабақ алғызып, керемет батырлар тәрбиелеп шығарды. Сонда олар тек қана батырлыққа ғана тәрбиелеп қоймай, рухани ілімді қатар берген. Бірінші жүрегіне Алланы танытқаннан кейін ғана, әскери тәрбиені үйреткен. Төле би атамыз:

Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек,

Бірлікті ойлаған соң тірлік керек.

Ағайын, алакөз бола қалсаң,

Аузыңдағы несібеңді біреу жемек - деп айтқанындай, сол батырлар бірлікті берік  тас қазына қылып ұстауының арқасында біз ел болып қалыптастық. Уақыттың тезінен өтіп, қаншама қиындықты басынан өткерген халқымызды ары қарай әлем таныған үздік елдермен терезесін теңестіру - бүгінгі жастың міндеті. Ол үшін әуелі Алланы тануға, жан-жақты білім ізденуге, тарихты және тарихта өткен батыр тұлғаларды тануға ұмтылу қажет. Сонда ғана бойда тұнған күш-қуат зая кетпей, жақсылыққа қарай бағытталады.


"Асыл арна": - Бүгінде балалықты алты қыр артқа тастап, ағалықтың биігіне аяқ басқан Ардақ Назаров кімді үлгі тұтады?


Ардақ Назаров: - Әуелі кез-келген мұсылманның үлгісі ол – Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Одан кейін Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли, ибн Масхұд, ибн Аббас (оларға Алла разы болсын) атты сахабаларды, біздің батыр бабаларымызды, ғалымдарымыз бен би-шешендерімізді, 15 жасында атқа қонып, 70-80 жасына дейін ерден түспеген Райымбек, Қабанбай, Бөгенбай сынды аталарымыздың бәрін үлгі тұтып, өмірлерінен ғибрат аламын. Жалпы даналар салған даңғыл жолдан адаспай өткен барлық тұлға маған үлгі. Себебі олар артына дүние емес, өшпес өнеге қалдырды. Мысалға, Райымбек бабамыз өмірден өтер шағында келіншегі: «Оу, батыр-ау, артыңызда бала-шағаңызға мұра болатын ешнәрсе қалмады ғой»,- деп жылапты. Сонда батыр: «Қане, менің ізімді жалғастыратын қайсың барсыңдар?» - дегенде, 7-8 баласы қарғып тұрып: «Біз бармыз!» - деген екен. Батыр: «Міне, мен артыма дүние қалдырып бара жатқаным жоқ. Елін, жерін ойлайтын иманды, рухы мықты ұлдар қалдырып бара жатырмын»,- депті. Соңғы жылдары Бауыржан Момышұлын оқып жүрмін. Атамыздан үлгі аларлық тұстар өте көп. Мысалға, генерал Чистоков Бауыржан атамызды «Волоколамское шоссе» кітабындағы негізгі кейіпкер деп таныстырғанда, маршал Жуков: «Е, Бауыржан мен сені соғыс қаһарманы ма десем, әдеби шығарманың қаһарманы екенсің ғой»,- деп күлді дейді. Сонда батыр: «Жолдас маршал, мен бұл соғысқа соғыс қаһарманы не әдеби шығарманың қаһарманы болу үшін емес, ар-намысымды биік ұстап, азаматтық, жігіттік парызымды өтеуге келдім»,- депті. Тіпті соғыс майданында жүрсе де, 1942 жылы М.Әуезовтің «Абай жолы» кітабының 1-томын оқып шыққан, ал біз тыныш заманда жүріп оқымаймыз. "Сен маған досыңды көрсет, мен саған кім екеніңді айтайын",- дейді ғой. Атамыз өзінің майдангер досы турасында былай дейді: «М.Исламқұлов сияқты текті, жомарт, бабалардың өмірбаянын керемет білетін сондай білімді жігіт көрмегенмін". Ал досы 31 жастағы Бауыржанға "ақсақал" деп айтады екен. Бірде Мұхаммедқұл қасындағы жеті солдатымен немістердің қоршауында қалып қояды. Ол Бауыржан Момышұлына телефон шалып: «Бауке, не істеймін? Қоршауда қалдым»,- деп сұрағанда, атамыз: «Ей, Мұхаммедқұл, қазақта мынадай мақал бар: “Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді”. Осыны білесің бе?» «Иә, білемін!» «Білсең сол!» - депті. Осы жігерлі сөздің арқасында Исламқұлов өзінің немістердің қоршауында қалып, жан-жаққа бытырап кеткен 70-80 жігітін жинап, жауды талқандап шығады. 

Мен жастарға үнемі батырлардың жасаған ерлігі туралы айтамын. Себебі бүгінгі жігіттеріміздің де рухы биік, өресі кең, күші мығым, иманы берік болып өссе деймін. Жігіттің сегіз қырының ең біріншісі – тектілік. Тектілік, бекзадалық, мәрттік, жомарттық, ілімпаздық, батырлық, сақилық. Бір сырың - Алланың жаратқан жұмыр басты пендесісің.



"Асыл арна": - Жалқаулық, қызғаншақтық пен көреалмаушылық қазақтың қанында бар деген стереотиппен келісесіз бе? 


Ардақ Назаров: - Жоқ, бос әңгіме. Жалқаулық, қызғаншақтық пен көреалмаушылық сонау ықылым заманнан бері кез-келген адам бойында бар табиғи қасиет. Ол еврейдің де, ағылшынның да, орыстың да болмысынан көрініс береді. Алайда, оны тек қазақ халқына ғана тән дүние етіп көрсету арқылы бүтін бір ұлттың рухын әлсіретіп, жігерін жасытуды көздеген. Шын мәнінде, қазақ – өте текті, еңбекқор, иманды, жомарт әрі мәрт халық болған.

"Асыл арна": - Ал іс бастайын десең, жабыса қалатын сол жалқаулықтан қалай арыламыз?

Ардақ Назаров: Негізінде жалқаулықтың бастамасы бала кезде жатыр. Біз өзіміз: «қойшы істемей-ақ қойсын, қиын болады, ұйықтай салсын, бармай-ақ қойсын бүгін»,- деп айту арқылы бала санасына мынадай ойлар саламыз: «шынымен маған істемеуге болады екен ғой, ертең істей саламын, бүгін ұйықтай тұрайын, бір күннің ары-берісі не?». Жоқ, керісінше баланы аямау керек! Оны міндетті түрде еңбекке, білімге, спортқа баулыған дұрыс. Осы турасында менің ағылшын тілінен беретін ұстазым қызын ағылшынша қинап оқытқандығын, қазір ең керемет білетін адамдардың бірі екенін айтады.Баланы қазір еңбекке баулысаң, оқытсаң, күндердің бір күнінде ол сізге рақметін айтады. Мысалға, біздің үйден бір көше кейін, әкемнің інісінің үйінде әжеміз тұратын. Сол кісі бірінші сол үйді сағат алтыда тұрғызып, содан кейін бізге келіп алты жарымдарда оятататын. Таяғымен түртіп-түртіп: «Тұрыңдар, ерте тұрмаған ер азаматтың ырыздығы кемиді»,- деуші еді. Тұрмай жатып алсақ, таяғымен сарт еткізетін. Он шақты бала шөп түсіреміз, әжеміз шөп келіп жатқанына қуанып, кеспе құйып беріп: «Мынаның ішкен-жегені адал» - деп мақтап, бармаған балаларына: «Мынаның жегені арам»,- дейтін. Бұл баланың жастайынан жалқаулықтан арылып, еңбекпен келген адал ырыздықтың қадірін біліп өсуі үшін көрсетілген бастапқы тәрбие көзі екен.


"Абыройдың ең үлкені – Алланың құлы болу!"

"Асыл арна": - Шүкір, сізде Алла берген атақ та, абырой да бар. Атақ пен абырой туралы бірер сөз айтсаңыз...

Ардақ Назаров: - Атақ пен абырой – өте қауіпті нәрсе. Егер адамның бойында имандылық болмаса, ол сені жамандыққа жетелеп, құрдымға жіберуі мүмкін. Кез-келген жетістіктің артында Алла Тағаланың қалауы тұрғанын ескермеу, үлкен адасуға ұрындырады. «Мен, менді екі рет айтқан адам – шайтан болады. Өйткені «менмен» шайтанның бір есімі»,- дейді бабаларымыз. Адам құрдымға кетемін десе, «Мен» деген сөзді айтқаны да жеткілікті. Кезінде Омар ибн әл Хаттаб (Алла оған разы болсын) Иерусалимді, әл-Ахса мешітін жаулап алып келген кезде түйесінен түсіп құлын мінгізіп, өзі түйені жетектеп кіреді. Үстінде сексеннен аса жамауы бар екен. Иордания жеріне келген кезде, түйесінен түсіп, суды кешіп өтеді. Осындай Омардың (р.а) қарапайымдылығын көрген сахаба әрі қолбасшы Әбу Убайда ибн Жаррах таңғалып, былай деген екен: «Пах, пах, пах, сен қандай керемет ерлік істер істедің»,- деп  мақтай бастаған кезде, Омар оны кеудеден бір соғып: «Ей, Әбу Убайда! Сенің орныңда басқа біреу болғанда, әлбетте басын алатын едім. Сен білесің бе біздің кім болғанымызды? Осыдан біраз жыл бұрын, ру-руға бөлініп, далада қой бағып жүрген, бір-бірімен қырқысып жатқан бейшара арабтар едік. Алла Тағала бізге Исламды және Пайғамбарын жіберді, қасиетті Құранды беріп, біздің дәрежемізді көтерді. Егерде кімде-кім атақ пен абыройды, мансап пен даңқты Исламнан басқа жерден іздейтін болса, Алла Тағала, әлбетте, оны қор қылады» - деп,қолбасшыны сабасына түсірген екен. Біз мұсылманбыз. Жақсылыққа қуанып, қиындыққа сабыр етіп, берілген атақ пен абыройға үнемі шүкір етуіміз қажет. Ал шүкірліктің ең ұлысы – Раббыңа сәжде қылу. Бүгін мені адамдар әспеттеп жатса қорқып кетемін де, «Я, Алла, бұлар менің кемшілігімді, күнәмді білмейді ғой»,- деп кешірім сұраймын. Абыройдың ең үлкені – Алланың құлы болу! 

"Асыл арна": - Сіз бүгінде жастарға ақыл-кеңесіңізді айтып, оларға үлгі-өнеге болып жүрсіз. Жалпы айтатын мысалдарыңыз қазақтың батыр, би, шешендерінің тәліміне толы. Бойыңыздағы осы қасиеттің түп-төркінін қайдан іздесек болады?

Ардақ Назаров: - Балалық шақта батырлар, билер, шешендік сөздердің барлығын әжемнен естіп өстім. Әжемнің есімі – Рахия (Рухия), сіңлісінің есімі – Рахима. Екеуі жүн түтіп отырып «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты небір жырларды айтып отыратын. Бүгінде әжем айтқан сол жырлардың біразын «Бабалар сөзінен» де таппадым. 

Кезінде, үш рет қажылыққа барып келген Хамза атадан жарысқа барған сайын батасын алатынмын. Ол кісіден де көп шежіре мен «Сүйінбай мен Қатағанның жырын» естігенімде «қандай шешен кісі!» - деп, таңданысымды жасыра алмайтын едім. Жалпы шешендік сөзге дегенмахаббат сол кезде пайда болды. 

Халық әртісі Сәбит Оразбаев атамыздан да көп әңгіме естідім. «Райымбек батыр қалмақтың қара тонын киіп алып, ой жарықтық, қалмақтың арасына кіріп кетеді екен» - деп, әңгімесін бастайды. Сөздің құдіретті екендігі  жүрегіме сол кезден бастап кірді. 

Төртінші, профессор, жырау Алмас Алматов ағамыз болды. Қызылорда өңірінде дүниеге келіп, сол заманда талай ғұламаның қолына су құйған, сол ақсақалдардың тәрбиесін көрген бүгінгі таңдағы қазақ даласында жүрген таза Бұқар жырау десек болады. Сонда  әкесі: «Е, шырағым, қонақтың үш түрі болады. Олар: той қонағы, қой қонағы, ой қонағы. Той қонағы деген тойдағы бауырсағыңнан ауыз тисе, соған батасын береді. Қой қонағы деген қонақ  келеді. Ол келе жатқан кезде қойыңды сойып, сыбағасын беріп, жілігін жіліктеп күтіп аласың. Ол да разы болып кете барады. Үшінші, ой қонағы деген болады. Міне, соған ие бол. Оған  ие болсаң, өзіңнің де, бала-шағаңның да үлесі соның ішінде. Оған кешегі бауырсағың да, кәделі жілігің де керек емес» - деп айтып отырады екен. Соны естіп, мен аң-таң болдым...



"Жүрегінде мейірім дәні өссе деймін"

"Асыл арна": - Жетіліп келе жатқан жасты тұлға ретінде қалыптастыру, мақсатқа жете алатын табысты азамат етіп тәрбиелеу үлкен еңбек пен ыждаһаттылықты қажет етеді. Өз балаларыңызға қандай тәрбие беріп жатырсыз? Еркелігін көтересіз бе? 


Ардақ Назаров: - Көбі бізді үнемі мінезі ауыр деп ойлайды. Менің қоғамдағы, залдағы орным бір бөлек, үйдегі орным бір бөлек. Бала – мейірім, үйдің берекесі. Құдайға шүкір, Алла Тағала маған екі қыз, бір ұл берді. Олармен бірге бала да боласың, дана да боласың, керек болса ит те, мысық та, ат та болып бірге ойнауға тура келеді. Олай болмаса бітті "Сенімен ойнамаймын" - деп, ренжіп жатып алады. (күлді) Оларға махаббатымды сезіндіргім келеді. Жүрегіне шыншылдық, шынайылық, мейірім дәні өссе деймін. Дегенмен, әр нәрсе өз орнымен. Белгілі бір дәрежеде еркелігіне де шектеу қойып отырамын. Өйткені, осы бастан барлық нәрсеге қол жіткізіп қалыптасқан бала, үлкен өмір айдынында кездесетін кедергіге қарсы тұра алмай қалады.

Мен үлкен қызыма кішкентай кезінен бастап ертегі оқып бастадым. Ал 3-4 жасында батырлардың, би-шешендеріміздің өмір баянын айтуға көштім. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырлардың ерліктерін, Төле би атамыздың даналықтарын, т.б. Одан кейін жаратылыс жайлы айта бастадым: «Бір күні Алла Тағала періштелерге жерде Адамды жарататынын айтыпты. Адам топырақтан жаратылған. Оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Екеуі жәннатта болды. Шайтан осылай деді... Екеуі жерге түсті». Келесіде таңдауды өз еркіне беріп: «Ертегі айтайын ба, батырлар туралы айтайын ба, Алла Тағала жайлы айтайын ба?» - деп сұрасам, бірден: «Алла Тағала жайлы айтыңыз» - дейді. Нәтижесінде, қазір 7 жастағы қызыммен үлкен адамдарша сөйлесе беремін. Байқап қарасаңыз, баламен бала болсаңыз, ол - бала болады. Дана болсаңыз – дана болады.


"Асыл арна": - Адамның сөзі, айтқан ақылы, елге ұсынып жатқан насихаты өтімді болып, ел жаппай қабылдай алуы үшін не қажет?

Ардақ Назаров: - «Амалдар ниетке байланысты». Кез-келген істің басында «Алланың разылығы үшін»,- деген шынайы ниет болса, ойға алған ісің берекелі болады. Ал егер, көздеген мақсатың жеке мүддеңе немесе дүниелік мақсатта құрылса, онда ол ешқашан жемісін бермейді. 

"Лайықты деңгейде махаббат бере алмай жатқаныма өкінемін!"

"Асыл арна": - Қазақ халқы кез-келген істі бастамас бұрын ата-ананың алдынан өтіп, ақ батасын алған. Асыл дінімізде де сені шарана күніңнен тәрбиелеп жеткізген ата-анаңа сөз қайтармақ түгілі, «уф» деп айтуға рұқсат жоқ дейді. Оның мәнісі неде? Бала үшін ата-ананың разылығына жету қаншалықты маңызды?

Ардақ Назаров: Алла Тағалаға құлшылық қылғаннан кейінгі дініміздегі ең үлкен сауап пен жақсылық – ата-анаға деген құрмет. Оларға қарсы шығып, ренжіту – Алла Тағалаға серік қосқаннан кейінгі ең үлкен күнә. Бұл, тіпті, кісі өлтіруден де ауыр. 

Мен ата-анамның жанында жүрмесем де, ұялы телефон арқылы жаңа іс бастағалы жатсам да, жол жүрмекші болсам да, үнемі хабарласып, батасын алып отырамын. Дегенмен, лайықты деңгейде құрмет көрсетіп, махаббат бере алмай жатқаныма өкінемін. Негізі күнде аяғын жуып, аузына тәтті-жұмсақты салып, үлде мен бүлдеге орап қоятын адамбыз ғой... Бірақ олар ауылда, мен қалада. Сол себепті шамамыз келгенше ренжітпеуге, арасында болса да жандарында болып, қуантуға тырысамыз. Кейде, қу тіршілікпен өзіңе де, отбасыңа да көңіл бөле алмай қаласың. Сондай сәттерде, ата-анама ауыр сөз айтып, бір нәрсені дұрыс орындамай қаламын ба деп қатты қорқамын. Себебі, ата-анасын ренжіткен баланың оңғанын көрген емеспін. Тірі күнінде қадіріне жете алмаймыз да, өмірден өткеннен соң өкінеміз. Сондықтан олардың батасын бүгін алып, құрметтеу керек. Бізді өзімізден қатты уайымдайтын да сол кісілер. Жеткен жетістігімнің бәрі - сол кісілердің қабыл болған дұғасы. Алла Тағала ата-анамызға жәннатты нәсіп етсін!



"Асыл арна": - Отбасындағы сылдырлап тұратын ыдысты  сындырмай ұстау да үлкен сабыр мен шыдамдылықты талап ететіні жасырын емес. Шаңырақтың берекесін ұстап тұруға не ұйтқы болады?

Ардақ Назаров: - Үйлену – Алла Тағала алдында үлкен аманат. Некемізді Алланың алдында қиғаннан кейін, оны өміріміздің соңына дейін жеткізу міндет. Ол үшін, әуелі, өзіңізді тәрбиелеңіз. Себебі, өзіңізді тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейсіз. Сіз бұзылсаңыз, ұлт бұзылады. Ажырассаңыз, бір ұлттың керегесі сөгіледі. Бір баланы дұрыс тәрбиелемесеңіз, ол ертең Гитлер болып, бүкіл әлемді төңкеруі мүмкін. Ал бір балаға дұрыс тәрбие берсеңіз, ол ертең әл-Фараби, Абай, Әлихан, Бауыржан болуы да ғажап емес. 

Жалпы отбасының берекесі – сабырда.  Мысалы, ол бір үйдің еркесі, мен – бір үйдің тұңғышымын. Мен бұйырып үйренгенмін, ал оған ешкім ешнәрсе деп көрмеген. Екі жанұяда өскен екі мінез келіп қосылғанда оның кері мінезіне, бұйырып сөйлеуіне, еркелігіне, шолжаңдығына, жалқаулығына, теріс қылықтарына үлкен сабырмен қарау керек. Әйтпегенде, бірін-бірі қабылдай алмай, аяғы отбасының бұзылуына алып барады. Махаббатыңызды өміріңіздің соңына дейін жеткізе білу де тікелей өзіңіге байланысты.

Қыздарға қалай тірек болпақпыз?!

"Асыл арна": - Кешегі ержүрек батырлардың ұрпағын бүгін қандай бейнеде көргіңіз келеді?

Ардақ Назаров: - Қазақтың жігіттерін, Мәшһүр атам айтқандай, ең алдымен иманды, ақылды, сосын сабырлы, тәубе мен шүкірі бар және көркем мінезді, батыр, бір сөзді, шыншыл, намысты, еліне жаны ашитын, қазақтың әрбір қызын қарындасындай көріп, қорған болатын жігіт бейнесінде көргім келеді. Сонда ғана қыздарымыз бізге арқа сүйеп, құрметтейтін болады және өзге ұлттың азаматтарына тұрмысқа шығуын тоқтатады. Егер біз, балық сияқты, басымыздан шіріп, өсекті қыздардан көп айтып, әлем-жәлем киініп, сырға тағып, ырбың-ырбың етіп жүрсек, қыздарға қалай тірек болмақпыз?! Естеріңізде болсын, ер-азаматтар! Біз түзелмей, бұл қоғам түзелмейді. Қоғамның тірегі – намысты жігіттер!

"Асыл арна": - Бірлігі бекем, берекесі мол елдің ғана ертеңі нұрлы болатыны баршамызға аян. Ағайынның ауызбіршілігін сақтауы, татулығы туралы айтсаңыз..

Ардақ Назаров: «Ағайын ала болса, ауыздағы кетеді». Ағайын-туыспен үнемі араласып, хал-жағдайларын біліп, жақын қарым-қатынас орнатып, бермесе беріп, келмесе барып тұру керек. Ағайын-туыстың ішінде де қырсығы бар, аласы бар. Бірақ бабаларымыз ол турасында былай дейді: «Ағайын-туыс кімде жоқ, сыйласпасаң, жатпен тең». Яғни, сенің пешенеңе қандай туысқан берсе де қабыл алып, арадағы байланысты үзбей отыруың шарт! Аллаға шүкір, басқа ұлтқа қарағанда қазақ халқы туыстарымен жақсы араласады. Мысалы, қыз ұзатылатын болса, біреу китін, біреу кәдесін алып келеді. Ал өлім-жітім бола қалса, қайғысына ортақтасып, кем-кетігін бірге жабуға атсалысады. Міне, ауызбіршілік деген - осы. Бұл дәстүріміздің жібі үзілмесе екен. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) да хадисінде: «Кімде-кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын»,- деген (Бұхари, Мүсілім). 

"Асыл арна": - Спорттың денсаулықтан басқа адамға берері не?

Ардақ Назаров: - Батырлық, жігер, күш-қайрат, табандылық және мақсатқа жетуге үлкен талпыныс береді. Қазір адамдар өмірінде бір келеңсіздік жолықса, өзіне қол жұмсап немесе теріс жолға түсіп кетіп жатады. Ал спортшылар - сол қиындыққа үйреніп өскен жандар. Сондықтан спортта табанды болған жігіт өмірде де сынбайды. 

"Асыл арна": - Жастарға сенесіз бе?

Иә, әрине сенемін! Аллаға шүкір, қазіргі жастар жақсы өсіп келе жатыр. Тек енді дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру қажет.



"Асыл арна": - Бір сөзіңізде «Қазақтың дәстүрі - тұнып тұрған тәрбие, тұнып тұрған дін» деген едіңіз. Осы сөзіңізді тарқатып берсеңіз.

Ардақ Назаров: - Біздің бабаларымыз дінді қабылдап, оны қанына сіңіріп, дәстүрге айналдырып жіберген. Сол заманда әрбір қазақтың жүрген  жүрісі, тұрған тұрысы дінмен ұштасып жатты. Біз де сол қалыпқа қайта оралуымыз керек. 

"Ең бірінші бақытым – Алланың құлымын!"

"Асыл арна": - Өміріңіздегі ең бақытты кезіңіз?..

Ардақ Назаров: Әр күні таң намазына аман-есен тұрып, басымды сәждеге тигізгенде өзімді ең бақытты жанмын деп санаймын және сол күннің қайырын, жақсылығын сұраймын. Жалпы, ең бірінші бақытым – Алланың құлымын! Сосын ата-анам аман-есен, бауырларым, жұбайым, бала-шағам қасымда, ең бастысы - елімізде тыныштық, соған бақыттымын, Аллаға шүкір! 

"Асыл арна": «Әрбір адам - қоғамдағы тұлға. Ал, қоғам тұлғалар арқылы өзгереді» деп едіңіз. Жастарға қандай үміт  артасыз?

Ардақ Назаров: Кезінде Ер Тұғырыл баласы Османға: «Балам, мен бұл істі бастаған кезде, маған тиесілі жердің көлемі  құмырсқадай ғана болған. Мұны кеңейтіп берген Алла Тағаланың өзі. Балам шыншыл бол, ғұламаларды құрметтеп, ақылын тыңдап, мемлекеттің қазынасына қол сұқпа, халқыңа адал бол»,- деп ақыл айтқан екен. Негізінде әрбір адам – тұлға. Тек оның бойына дұрыс тәрбие, имандылық, көркем мінез, шыншылдық, ар-намыс сынды асыл қасиеттерді сіңіріп, әуелі елдің азаматы екендігін, қолында елінің болашағы тұрғандығын мойнына жауапкершілік етіп жүктей білген дұрыс.


Сұхбаттасқан: Үміт Қонысбек

ПІКІР (6)

Жадыра
2018-10-11 14:02:46

Керемет, тәрбиелік мәні мол, жастарға берері көп сұхбат екен. Алла разы болсын.

Сәндібек
2018-10-11 14:13:57

Өте жақсы насихат

Гулжаухар Тастанбеккызы
2018-10-12 05:33:33

Алла разы болсын.отте керемет Ардактай ул тарбиелеген.ата ана на.шексиз рахметим Алла нурын жаугызсын.улдарымызга сондай керемет касиет жугысты насип.етсин.ар пендесине. Бир Алла Ози жар болсын.иншалла амин.машалла.

Өтеулі Қазына
2018-10-12 06:01:06

Аллам сіздерге екі дүние бақытын нәсіп етсін! Үміт етемін, сенемін, сансыз шүкір!

Ақерке
2018-10-12 06:37:24

Өте жақсы әңгіме айтылған. Оқып отырып талай қажетті дүние аласын. Рақмет

Назира
2018-10-12 09:05:36

Керемет Қазақтың əрбір ер жігіттері үлгі алса Еліміз болашақ ұрпағымыз бақытты болады Иншалла

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер