Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

АЛЛАНЫҢ ҚҰДІРЕТІН ТАНЫТАТЫН БЕС АҚИҚАТ

Иман


1) ТАУЛАРДЫҢ ЖЫЛЖИТЫНЫ ТУРАЛЫ XIV ҒАСЫР БҰРЫН ҚҰРАНДА ЖАЗЫЛҒАНЫН БІЛЕСІЗ БЕ?


Бұл қозғалыс жер қабығының қозғалысына байланысты. Жер қабығы мантияның үстінде үнемі қалқып жүреді. Ең алғаш ХХ ғасырдың басында неміс ғалымы Алфред Вегенер жер бетіндегі құрлықтардың бастапқыда біртұтас болғанын, кейіннен түрлі бағыттарда жылжып, бір-бірінен бөлінгені туралы тұжырымды ортаға салған.
Геологтар осыдан 50 жылдан кейін мұның тұжырым ғана емес, ғылыми ақиқат екенін дәлелдеді. Ал Құран бұл құбылысты 14 ғасыр бұрын мәлім еткен болатын.
Құранда Алла Тағала: "Тауларды көріп, табжылмай тұр деп ойлайсың. Негізінде ол бұлт тәрізді жүреді. Бұл - әр нәрсені берік жасаған Алланың шеберлігі. Күдіксіз, Ол жасаған нәрселеріңді толық біледі", - дейді. ("Нәміл" сүресі, 88-аят)
Ал келесі аятта: "Біз жерде, оның олармен бірге шайқалмауы (жер сілкінбес) үшін берік тұрғандарды (тауларды) орнаттық. Және онда олардың жол табулары үшін кең жолдар жасадық", - делінген. ( «Әнбия» сүресі, 31-аят)
Бүгінде геологтар тау құрылымының бұл ерекшелігін толықтай дәлелдеп шықты. ХХ ғасырға дейін таулар жай ғана "түзіліс барысында пайда болған қалдықтар" деп түсіндірілді. Олардың жер бетіндегі биік тастар ғана емес, жер астында да тамырларының бар екендігі анықталғанда күллі әлем дүр сілкінді. Білесіз бе, бұл тамырлар таудың жер бетіндегі биіктігінен 10-15 есе артық екен. Өзіміз жақсы білетін биіктігі 9 000 метрге жақын Эверест тауының тамыры 125 000 метрге жуық болып шықты. Бұл тамырлар үлкен жер плиталарының соқтығысуының нәтижесінде пайда болады. Соқтығысқан плитаның жұмсағы үстіне, қаттысы астына кетеді. Үстіңгісі тау түзу процесіне қатысса, астыңғысы тамырға айналады. Осы ерекшеліктің арқасында тау «шегеге» айналып, жер қыртысының плиталарын берік ұстап тұрады. Бұл туралы Құран тағы да:
"Біз жерді төсеніш етпедік пе, ал тауларды қазық?" дейді. («Нәбә» сүресі, 6-7 аяттар). Егер тауларда мұндай ерекшелік болмағанда, ғаламшарымызда топырақ та, су да, өсімдіктер де болмас еді. Тіпті, тіршіліктің болуы екіталай. Алайда, Алла Тағаланың мейірімі мен даналығының арқасында таулар өз қызметін үздіксіз атқарып келеді!


2) ЖАҢБЫР ТҮСКЕН ЖЕРІН ТАСТАЛҚАН ЕТЕР ЕДІ, ЕГЕР...


Бір қарағанда ешқандай қиындықсыз төбеден тегіннен-тегін төгіліп тұратын бұл несібенің сіз бен біз білмейтін сырлары көп. Қандай дейсіз бе?
Мәселен, көктен жауған жаңбырдың әр тамшысы 6 мм-ден үлкен болмайды және миллиондаған су тамшылары бір-біріне ешқашан тимейді екен. Егер жоғарыдан бірдеңені лақтырар болсаңыз, жердің тартылыс күшіне сәйкес оның құлауы жылдам болатынын білесіз. Ал жаңбыр тамшылары бұл заңдылыққа бағынбайды. Егер жаңбыр жердің тартылыс күшіне бағынатын болса, ол өте тез жылдамдықпен жерге түсіп, денені тесіп өтер еді. Адамдарға зияны тиер еді. Түскен жерінің талқанын шығарар еді. Ал бірнеше мың биіктіктен төмен түсетін жаңбыр тамшылары бізге ыңғайлы, өзінің қалыпты жылдамдығын жоғалтпайды. Яғни түскен сайын жылдамдығы артпастан бірқалыпты жауады. Ендеше, бұл реттілікті кім ұйымдастырды? Жаңбыр тамшыларының көлемін кім өлшеп қойған? Олар қалайша бір-біріне соқтығысып қалмайды? Бәрімізге белгілі xадисте жаңбырдың әр тамшысын бір періште алып түсетіні әрі оны Алла бұйырған жерге қойып кететіні айтылған.
Біз аспаннан берекелі су түсіріп, онымен бақтар және орып алынатын дақылдар өсірдік. («Қаф» сүресі, 9-аят)
Әрі аспаннан таза су түсірдік. Онымен өлі жерлерді тірілтіп, малдар мен адамдарды сумен қамтамасыз ету үшін.
(«Фұрқан» сүресі, 48,49-аяттар)
Әр сәтті адамдарға дәл осылай қолайлы, пайдалы етіп қойған Жаратушы Иеміз неткен Дана десеңізші!


3) ҒАЛЫМДАР АШҚАН ЖЕЛДІҢ ТОЗАҢДАНДЫРУ ҚЫЗМЕТІН АДАМДАР  XIV ҒАСЫР БҰРЫН ҚҰРАННАН БІЛГЕН.


Терезені аштыңыз. Дала жел. Не істейсіз? Көбіміз желді ұнатпаймыз. Мазам кетеді дейміз. Немесе жай ғана қалыпты құбылыс ретінде қараймыз.
Шыны керек, желге тек табиғи құбылыс ретінде ғана қарайтынымыз өтірік емес. Алайда, желдің де мына әлемдегі үйлесімділік пен тепе-теңдікті сақтаудағы өз қызметі бар екен.
Құрандағы «Хижр» сүресінің 22-аятында Алла Тағала былай дейді:
«Әрі Біз желдерді тозаңдандырушы етіп жібердік. Аспаннан су түсіріп, онымен сендерді қамтамасыз еттік»
Аяттан көріп тұрғанымыздай, жел жаңбырдың пайда болуына тікелей әсер етеді екен. Жаңбыр болмаса, жер беті құрғап, жеміс-жидек, өсімдік, көкөніс атаулы қурап, жер бетінде қуаңшылық орнар еді. Ал соның барлығын өз уақытымен реттеп, жерге белгілі мөлшерде жаңбырдың жауып, онымен өсімдіктердің тірілуіне жағдай жасап тұрған – жел екен!
Сонымен, жел жаңбырдың жаууына қалай әсер етеді? 
Қатты желдің әсерінен ірі теңіздер мен мұхиттардың бетінде көбік пайда болады. Әлгі көпіршіктер жарылған кезде оның ылғалы ауаға тарап, мыңдаған көпіршіктердің температурасы аспан әлемінің бірінші қабатына дейін жетеді. Аэрозоль деп аталатын бұл көпіршіктер ауамен араласып, аспанда бірнеше тонналық бұлттарға айналады. Ал аспанды бұлт торлады деген сөз көп ұзамай жаңбыр жауатынын білдірмей ме?
Иә, жел тек жаңбырдың жаууына ғана әсер етіп қоймайды. Ол өсімдіктерді де тозаңдандырады. Олардың ұрықтанып, бүршік жаруына, гүл ашуына жағдай жасайды. Бұл процестің бәрі ғылымда енді дәлелденіп жатса, қасиетті Құранда бұл осыдан 1400 жыл бұрын жазылып қойған еді.


4) АСПАН 7 ҚАБАТ ЕКЕНІН VI ҒАСЫРДА АДАМДАР ҚАЙДАН БІЛДІ?

Қасиетті Құранда мына ғаламның пайда болуы, жаратылыс, оның құрылысы мен қалай қызмет ететіні жайлы түгел жазылған. Ал өзіміз жаратылыстану пәнінен өткен атмосфераның 7 қабаты туралы Құранда аяттар бар екенін білетін бе едіңіз? Білмесеңіз, оқып көріңіз:

Алла Тағала атмосфераның 7 қабаты туралы Құранда былай дейді:
«Алла сендер үшін жер бетіндегі барлық нәрселерді жаратқан. Кейін аспанға назар аударып, оны жеті аспан етіп жасады. Ол – барлық нәрсені Білуші» («Бақара» сүресі, 29-аят)
«Кейін Ол түтін (бу) күйіндегі аспанға қарап, оған және жерге: «Ерікті немесе мәжбүрлі түрде келіңдер» деді. Ол екеуі: «Біз ерікті түрде келдік», -
деді.
Әрі Алла оларды екі күнде жеті аспан етіп жасады және әрбір аспанға оның өзіне қатысты ісін білдірді. Әрі Біз төменгі аспанды шамдармен (жарық түсіретін нәрселермен) безендірдік және онымен қорғадық. Бұл – бәрінен Үстем, бәрін Білушінің белгілеп бекітуі» («Фуссилат» сүресі, 11,12-аяттар)

Иә, бүгінде ғылым аспанның қат-қабат 7 қабаттан тұратынын толық дәлелдеп бітті. Әр қабаттың температурасы мен химиялық құрамы әртүрлі. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Құранда айтылып қойған атмосфераның бұл жеті қабаты ғылымда:
Тропосфера
Стратосфера
Мезосфера
Термосфера
Экзосфера
Ионосфера
Магнитосфера
деген атаулармен аталып жүр.
Қазір ғылым бұл жеті қабаттың әрқайсысы өзінше қызмет атқаратынын және бұл адам өмірі мен табиғаттың үйлесімділігін сақтап тұрғанын айтады. Бірі жаңбырдың пайда болуы мен түсуіне, енді бірі метеориттердің түсуіне, радиотолқындардың қызметіне жауап береді.
Бұл туралы «Фуссилат» сүресінің 12-аятында:
«...әрбір аспанға оның өзіне қатысты ісін білдірді (яғни реттеп бекітті)» - делінген.
«Алла жеті қабат аспанды қабат-қабат етіп қалай жаратқанын көрмедіңдер ме?» («Нұх» сүресі, 15-аят)
"Жеті аспанды қабат-қабат етіп жаратқан сол – Алла. Рахманның жаратуынан ешқандай кемшілік көре алмайсың. Қайта көз салшы, бір сәйкессіздік көре аласың ба?" («Мүлк» сүресі, 3-аят)
Осы «Мүлк» сүресінің 3-аятында келген «ТЫЙБӘҚА» сөзі «қабат», «жабу» деген мағыналарды да береді. Яғни мұндағы қабаттардың өлшемдері бір-бірінен, тіпті, миллиметр асып, не кеміп кетпей дәл орналасқан.
Бұл сөздің көпше түрде қолданылуы да Құранның ақиқат екендігін көрсетеді.
Бұл жаңалық ғылым өркендеген XX ғасырда ғана ашылып, әртүрлі ғылыми құрылғы, құралдардың көмегімен айқын дәлелденіп, белгілі бола бастады. Ал бұл Құранда одан 1400 жыл бұрын айтылып қойған еді...


5) XX ҒАСЫРДА АШЫЛҒАН БҰЛ ЖАҢАЛЫҚ ҚҰРАНДА 1400 ЖЫЛ БҰРЫН АЙТЫЛҒАН ЕДІ


1933 жылы ағылшын физигі Поль Дирак әлемдегі барлық нәрсенің жұп-жұп болып жаратылғанын ғылыми түрде дәлелдеп, Нобель сыйлығына ие болды.
Ол әлемдегі әр бөлшек, әр заттың, тіпті соңғы нүктесіне дейін өзінің қарама-қарсы жұбы болатынын дәлелдеді. Мысалы, электр зарядын алайықшы. Ол бір-біріне қарама-қарсы сипаттағы оң заряд пен теріс зарядтан тұрады. Ботаник ғалымдар өсімдіктердің де өз жұбы болатынын айтқан. Мысалы, біз күнделікті көріп жүрген қарапайым гүлдердің өзі аталық, аналық болып бөлінеді. Аталық гүлден тозаң екінші гүлдің аналық аузына түсуі арқылы тозаңданып, бүршік атады. Гүл жарады. Бұл осыдан 100 жыл бұрын ғана толық зерттеліп, дәлелденіп шықты. Ал Құран одан 1400 жыл бұрын түсіп қойған еді...
«Алла сендер үшін жерді жазық қылып жаратты және жердің үстіне жолдар жасады. Әрі аспаннан су түсірді. Сөйтіп онымен әртүрлі өсімдіктерді жұп-жұп етіп шығарды»
(«Та Һа» сүресі, 53-аят)

«Ол жерді созып, онда таулар мен өзендерді пайда қылған және онда жемістердің әрбірінен жұп етіп екеу жасаған»
(«Раъд» сүресі, 3-аят)
"Жердің өсірген нәрселерін, адамдардың өздерін және олар білмейтін нәрселердің барлығын жұп-жұп етіп жаратқан Алла барлық кемшіліктен пәк!"
(«Йа син» сүресі, 36-аят)
Шынында да, барлық нәрсені жұп-жұп етіп жаратып, өсіріп-өндірген, тіпті, адамдарды да жұптастырып, "бір-бірінен тыныштық, тыным тауып орнығуына" мүмкіндік берген Алла неткен мейірімді десеңізші!


ПІКІР (11)

Әділбекова Малика
2019-01-11 19:38:12

Өте жақсы мақала!

Әділбекова Малика
2019-01-11 19:39:23

Өте жақсы мақала!

Сұлтан
2019-01-11 21:22:08

Ма Шаа Аллаһ! Керемет мақала

Бейсембаева Улпан
2019-01-12 07:24:07

Алла разы болсын!

Айнур
2019-01-12 08:58:07

Керемет...АЛЛАМА ШЕКСІЗ РАХМЕТ ӨЗІНІҢ ЖАРАТҚАН ПЕНДЕЛЕРІНЕ ...АСА МЕЙРІММЕН ҚАМҚОРЛЫҚПЕН ҚАРАҒАН...

Айнур
2019-01-12 08:58:29

Керемет...АЛЛАМА ШЕКСІЗ РАХМЕТ ӨЗІНІҢ ЖАРАТҚАН ПЕНДЕЛЕРІНЕ ...АСА МЕЙРІММЕН ҚАМҚОРЛЫҚПЕН ҚАРАҒАН...

Жапанаева .Асель
2019-01-12 09:09:01

Керемет.Алла разы болсын.

Асатулла Дінмұхаммед
2019-01-12 14:56:01

Пайғамбардың құдыреті шексіз деген осы шығар МашаАллаһ, мейірімі мен нұрын төгуден шаршамасын Алла тағала❤

Байжан
2019-01-12 16:25:58

Өте керемет. Шеберді шебер дегенде ұлы Аллаһты шебер десеңші.

Айдархан
2019-02-21 05:17:42

Жаратушы Алламызга сансыз шукиршилик айтамыз. Шыныменде Алла барин жасаушы,коруши жане мейиримди,аса камкор.

Айдархан
2019-02-21 05:22:35

Жане пайгамбарымыз Мухамедке де шукиршилигимиз мол болсын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер