Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Әлия ТӨЛЕГЕНОВА: Әйелдің миы өзгеше

Сұхбат



Қазақ ежелден-ақ жаңадан отау құрған жас отбасыларға үйлену оңай болғанмен, үй болуда кездесетін қиындықтарға әрқашан сабырмен қарап, жанұя тірегі ер адам болса, оны толықтырып тұрушы әйел екенін, екеуі бір мәміледе болғанда ғана ұйыған отбасы қалыптасарын түсіндірген. Қыз-келіншектерді жиі мазалайтын «Күйеуімді қалай түсінемін?», «Отбасындағы жанжалдың зардабы қандай?» тәрізді сауалдарды психолог, PhD доктор Әлия Төлегеноваға қойып көрдік. Жауаптар – төмендегідей.  


«Құрмет - бақытты отбасының негізі»

Асыл арна: Әлия ханым, отбасындағы дау-дамайдың тууы көп жағдайда әйел адамның күйеуіне құрметсіздікпен қарауы салдарынан туындайды деген пікір рас па? Жалпы, жанұядағы өзара құрмет қалыптастыруды қалай түсіндірер едіңіз?

Әлия Төлегенова: Құрмет - өте нәзік мәселе! Кейде бұл - уақтылы даярланған кешкі ас, кейде үтіктеліп дайын тұрған жейде, кейде жай шынайы күлімсіреп қараған жүзден-ақ көрініс беріп жатуы мүмкін. Бірақ жас жұбайлар іштей бірін-бірі қатты жақсы көріп тұрса да, сыртқа шығаруға қысылатын жағдайлар да кездеседі. Бұл, әрине, көрінген жерде өліп-өшіп, сөніп-жанып отыру деген сөз емес. Дегенмен, әр адам үшін өзіне көрсетілген құрмет пен сыйластықтың орны қашанда бөлек екенін ұмытпау керек. Әсіресе, ер адамдарға өзін сыйлы, құрметті сезіну өте маңызды. Сондықтан, әйелі үнемі күйеуіне құрмет көрсетіп, сөзімен, әрекетімен ерінің дәрежесін арттырып отырар болса, сол отбасыдан қуаныш пен бақыт қашпайтынына көптеген мысал бар. 

Күйеуіңіздің мына қасиеттерін құрметтесеңіз, оның алмайтын асуы болмайды:  

• «әулетіміздің тірегі», «отағасы», «қожайын» сияқты сөздерді жиі айтып, мәртебесін көтеру;

• оның қабылдаған шешіміне қарсы шықпай, сенім арту;

• ер адамның ақыл-ой өресінің қашанда әйелдерден бір саты жоғары екенін ескеріп, күйеуіңізге арқа сүйеу;  

• оның кез-келген еңбегін және жетістіктерін бағалау;

• қызығушылықтары мен өзге қабілетін сыйлау;

• отбасындағы беделі мен қадір-қасиетін сезіндіру;

• адамның жеке кеңістігіне түсіністік таныту (телефон, компьютер, күнделік), сондай-ақ оның туыстарына және достарына құрметпен қарау;

Күйеуіңізді жәй құрметтеу - жеткіліксіз. Себебі, оқыған, көзі ашық адам ретінде жәй мәдениеттілікті, сыпайлықты қоғамдағы кез-келген адамға көрсетуге міндеттісіз. Ал өмірлік жолдасыңыз автобуста бір рет орын беріп, енді ешқашан ұшыраспауыңыз да мүмкін қоғамдағы әйтеуір бір кісі емес қой. Сондықтан, көшеде қаншалықты интеллигент болсақ, үйге келе сап маскамызды шешкендей күйеуіңіздің мазасын алудың қажет жоқ. Яғни, түзде қандай сән-салтанатты болсақ, үйде одан асып түспесек, кем болмағанымыз дұрыс. Бұл, әрине, «әдепті адамның рөліне кіріп ал да, шықпай қой» деген мағына емес. Күйеуімізге, қала берді оның ет жақындарына деген құрмет біздің - әйел адамдардың болмысына айналып кетуі керек. Сонда ғана жолдасыңыз құрметіңіздің қарымтасын беруге асығып тұрады. Сізге деген махаббаты молаяды. Өзіңіздің де Алла алдындағы дәрежеңіз артады. Ал өздеріңіз жақсы белесіздер, Алла кімді жақсы көрсе, адамдардың да ол адамға деген құрметі зораяды. Сондықтан, құрмет - бақытты отбасын құраудағы ең маңызды кірпіш дегім келеді.



«Ер мен әйелдің миы әртүрлі»

Асыл арна: Ғылымда дәлелденген ер мен әйел психологиясының әртүрлілігі туралы айтып берсеңіз. Көпшілік ескере бермейтін ерекше тұстары бар ма?

Әлия Төлегенова: Ер мен әйел арасындағы айырмашылық, әсіресе, психологиялық ерекшелік өте үлкен. Мысалы, ер мен әйелдің миы әртүрлі – олардың өзара қарым-қатынас кілті де осында шығар. Ерлердің миы – жүйелілікке, яғни, тәртіпке құрылған. Ер адамның миындағы барлық нәрсе бөлек-бөлек сөрелерде, папкаларда рет-ретімен орналасқан заттар сияқты. Мысалы, отбасы - бір сөреде, спорт - басқа сөреде, жұмыс - үшінші сөреде. Ол жерде барлық нәрсеге арналған жәшіктер бар. Автокөлікке арналған жәшік, ақшаға арналған жәшік, жұмыс туралы ойларға арналған жәшік және тағы басқа. Балаларға арналған бөлек жәшік бар. Ер адамдар бәрін миында бөліп сақтайды. Яғни, өзіміздің жеке компьютеріміздегі әртүрлі тақырыптарға арналып ашылған файлдар сияқты. Тағы бір маңызды ереже бар: ерлер миының заңдылығы бойынша, бір жәшікпен жұмыс істеп жатқанда, екінші жәшікке, яғни, екінші мәселеге көшпейді. Егер нақты бір мәселе талқыланып жатса, жігіттер қауымы сол мәселеге қатысты деректер жиналған жәшіктің аузын ашады. Ер кісілердің тек нақты нәрселерді (сұрақтарды) талқылауға бейімдігі де, жауапсыздықты жақтырмайтындығының себебі де осында жатыр.

Ал әйел миы өзгеше жұмыс істейді. Ол ой орамдарымен қапталған шар тәрізді. Онда барлық нәрсе өзара тығыз байланысты. Мысалы, күйеуі – үймен байланысты, ақша – автокөлікпен, автокөлік – жұмыспен, балалар – анамен, ана - әжемен, әже туралы ойлар тағы бір нәрселермен байланыста болады. Сондықтан болар, әйел адамдар көп нәрсені есте сақтап қалады. Керек болса да, керек болмаса да, әйел миы қанша жыл бұрын өтіп кеткен жағдайларды еске түсіре алады. Мұның бәрі әйелдің эмоциясымен басқарылады. Ал эмоциясмен байланысты нәрсенің бәрі есте ұзақ сақталады.

Сондықтан, әлдебір шешім қабылдар алдында біз, психолагтар, әйел адамға міндетті түрде күйеуімен ақылдасуды ұсынамыз. Себебі, эмоцияға негізделген ақпараттар алдамшы болуы мүмкін. Ер азаматтарға салқынқандылық тән ғой. Сондықтан ер адамның шешімі түбі табысқа апарды. Тіпті әуелгіде әйелге күйеуінің ойы қате сияқты боп көрінсе де…


«Ер адам ештеңе ойламаған кезде миы демалады»

Асыл арна: Қазіргі келіншектерді «Күйеуімді қалай түсінемін?» деген сұрақ жиі мазалайды. Психолог маман ретінде ер адамға ғана тән мінез ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз. Ер кісіні терең тану үшін әйелдерге қандай кеңес бересіз? 

Әлия Төлегенова: Ер адамдардың миында көп әйел түсінбейтін сондай бір «бос жәшік» бар. Яғни, көптеген ер адамның миы ештеңе ойламаған кезде демалады. Әйел миында ондай «жәшік» немесе қыртыс жоқ. Сондықтан болар, әйелдер кейбір кезде күйеуін түсіне алмайтыны... Сондайда олар «Неге ешнәрсе ойламайсың, ешнәрсе істемейсің?!» деп реніш білдіріп жатады. Оларға ер адамдар жалқау болып көрінеді. Шын мәнінде, ерлердің миы бұл кезде жәй ғана демалып тұрған сәт болуы әбден мүмкін.

        Керісінше, әйелінің осындай бір мазасыз күйге енуі - күйеуі үшін мүлдем түсініксіз жағдай саналады. Мұндай кезде ер адам өз миындағы «бос жәшігінде» бола тұрғысы келіп «болды ғой, қашанғы айта бересің осыны, бір пәс демалғым келеді» деп дүрсе қоя беруі де ғажап емес. Ал нәзік жандыларда «ойланбау арқылы демалу» қабілеті болмағандықтан, өзі тым маңызды деп есептейтін ұсақ істер күйіп бара жатқандай көрініп, жолдасының жәй ғана футбол қарап жатқанын ұғына қоюы неғайбыл. 

Кейбір әйелдер күйеуін өзіндей көреді. Яғни, өзімен салыстырады. Бұл – қателік. Мысалы, әйел әлденеге уайымдағанда жылы сөз естігісі келеді. «Қалың қалай? Не болып қалды? Қобалжыма, бәрі жақсы болады!» деген қолдау сөзді қалайды. Сондықтан, енді ер адам әлгіндей көңіл күйге түскенде, әйелі өз психологиясына салып, «не болып қалды, айтып берші?!» деп қолдау мақсатында қайталап сұрай береді. Алайда, ер азаматтар псиxологиясына назар аударсақ, мұндай сәттерде керісінше жалғыз қалып, ойланғысы келеді екен. «Тап қазір ешкім мазаламаса екен» деп өз-өзімен жеке қалуды жөн санайды. Ал келіншегі не бүлінгенін білгісі кеп, одан әрі тықтақтай берсе, әлбетте, жанжалдың жалыны көрінеді. Тура сол сияқты, керісінше, күйеуі де өз психологиясына салып, уайымдаулы әйелінің мазасын алмауға тырысады. «Оған тыныштық керек болар» деп топшылап, оңаша қалдырып кетеді. Ал үнемі күйеуінен қолдау күтетін әйелі бұған қатты өкпелеп жатады. Осы психологиялық айырмашалықтар төңірегінде де ерлі-зайыптыларға ойланып көруге кеңес береміз. 

Көрермен қауым білетін де болар, «Асыл арна» эфирінен көрерменге ұсынылатын «По душам», «Сырласайық» бағдарламаларында осы ерекшеліктерді әлденеше рет хабарымызға арқау еттік. 



«Бақыттың кілті – еркекте!»

Асыл арна: «Абай жолы» романында «Бала көп ішінен ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер!» деді» деген үзіндіден-ақ әкенің отбасындағы биік беделін бала санасына жастай сіңіре білген дана әйел бейнесін көре аламыз. Қазір көптеген қыз-келіншектер керісінше «қолыңнан түк келмейді», «ақша тауып келсеңші», «сенен түк жақсылық көрмедім» деп бала алдындағы әке абыройын түсіріп жатқандай көрінеді. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?

Әлия Төлегенова: Өткен тариxымызға үңіліп қарасаңыз, небір батыр, билердің жетістігі артында үйінде дұрыс тәрбие берген анасы тұрады. Демек, ер адамды құрметтеу – әрбір қазақ әйелінің болмысында бар. Заманауи тілде айтсақ, генімізде тұр. Тек кеңес идеологиясы тұсында ата дінімізден алыстағанымыз себепті діңгегімізден де ажырай жаздадық. Енді сол қалғып кеткен құнды қасиеттерімізді түртіп оятуымыз керек. Былайша айтқанда, негізімізге қайтуымыз қажет. 

Әйел жаратылысы сондай, қисық қабырғадан жаратылғаннан кейін, қисаймай тұра алмаймыз, сондықтан да бас бола алмаймыз. Бас болуға талпынып-таласып та керегі жоқ. Неге десеңіз, жанұялық биліктің бұйдасын қолға алғаныңызбен, бақыт орнай қаларына ешкім кепілдік бермейді. Әрі бұл - Құдай заңдылығына да қайшы құбылыс. Себебі, бақыттың кілті – еріңіздің қолында. Неғұрлым әйел күйеуін құрметтеп, жоғары бағаласа, ырқына көніп, ымырашылдығы артқан сайын соғұрлым Алла Тағала оған бақытты өмір сыйлайды. Жүрегіне тыныштық, кеудесіне қанағат рахатын орнатады.

Қай заман болсын кез-келген ер адамды алсаңыз, ол кіші болсын, үлкен болсын, бай болсын, кедей болсын дөрекі сөз не болмаса құрметсіздікті көтере алмайды. Ал Алла алдында аманат етіп, бір жастыққа бас қойған жарынан жеткілікті дәрежеде құрмет көрмеген ер адам жүйкесі сыр бермегенде қайтеді? Тіпті, көріп отырғанымыздай, мұның салдары шаңырақтың шайқалуына дейін апарып соғады. Жаратушымыз ер адамдарға басшылық қасиетпен бірге оның шешімдеріне береке де қоса берген. Мұны жоққа шығару мүмкін емес. Бұл - әйел бейшара үйдегі шешілуі тиіс шаруалардың бәріне бас шұлғып қана отыра беру керек деген сөз емес. Біз, әйелдер, ой айтуға, көзқарасымызды білдіруге, ақыл қосуға, әлбетте құқылымыз. Бірақ соңғы түйінді жолдасыңыз қабылдағаны – міндетті түрде береке шақырады.  

Асыл арна: Сонда әйел кісілер күйеуіне құрмет көрсетуді неден бастағаны жөн?

Әлия Төлегенова: Ең алдымен, жұмыстан шаршап келген жолдасыңызға табалдырықтан аттағаннан бас салғандай ғып енді үйдегі проблемаларды айтып, басын ауыртпайық. Үйдегі мәселелерді де шешу, рас, ер адамның міндеті. Бірақ мәселе айтуды шәй ішіп шекесі жіпсіп, ішіне ел қонғаннан кейін сыпайылап жеткізіңіз. Әйтпесе, сіз айтқалы тұрған жайт таудай үлкен болса да қабылданбайды, керісінше, агрессия шақырады. Тіпті келе-келе жұмыстан үйге асықпайтын сезімдерге бастауы ғажап емес. 

Сосын бар ғой, күйеуіңіз үйге дүкеннен нан әкелді ме? Рахмет айтыңыз! Сізге көмектесті ме? Алғыс айтыңыз! Күлімсіреді ме? Сіз де ризашылық көзқараспен қараңыз! Махаббат деген де гүлге су құйғандай бапты қажет етерін ұмытпайық. 



«Әр жүректің кілті бар. Таппай жүрген өзіміз»

Асыл арна: «Отбасының жанжалы қайнамаған шайдан туады». Кейде болмашы дүниеге бола келіспей, керісіп қалып жататын жағдайларды жиі кездестіреміз. Мұндай жағдаяттарды қиындатпай шешудің жолдары бар ма?

Әлия Төлегенова:  Ерлі-зайыптылардың бір-біріне ренжу себептері әр-түрлі болуы мүмкін. Психологтардың пікірінше, бір-біріне көңіл бөлмеуден ушығатын жәйт көп. Әлгінде айтқандай, әйелдерге тиісті көңіл бөлінбесе, өзін керексіз сезініп, ренжіп қалады екен.

Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар арасындағы реніштердің бірден-бір себебі – екеуара шағымдар, түгесілмейтін талаптар. «Сен осындай болу керексің!» «Ал сен ше, сен мүлдем басқа болуың керек еді!», «Елдің байын қарашы!» сарындағы наразылықтар ақ некеге іріткі салып, екеуі бір-бірінен алшақтауы әбден ықтимал. Оның орнына ешқандай зілді сөзсіз, жәй ғана күйеуіңіздің немесе әйеліңіздің күнделікті шаруаларына ісіңізбен араласып, көмектесіп, түсіністік танытуға тырыссаңыз, ешкім ұтылмайды. Басқаша айтқанда, сізге өзіңізге қандай қарым-қатынас жасалуын талап етсеңіз, өзіңіз бірінші соның үлгісін көрсетіңіз. Ал өзіңіз күйеуіңіздің, не әйеліңіздің қақын бере алмай жүріп, біржақты талап ете беру - әдептілік те, әділеттілік те емес. 

Негізінде көбіне дау-дамай майда, ұсақ мәселеден басталады. Мысалы, күйеуі кешкісін шаршап кеп шәй ішкісі келсе, шәй әлі дайын емес. Күйеуіне бұл, әрине, ұнамайды. Мұндайда «ең болмағанда, шаршап келгенде бір шәй демдеп беру қиын ба сонда?!» деп найзағайдай шатыр ете қалу – тоқсан тоғыз пайыз жағдай. Ал әйелі күні бойғы шаруаларын тізбелеп айтып, «мен де адаммын ғой, бір рет уақытылы шәй бермесем, тәулік бойы тәшпіш боп істегенімнің бәрі жоққа шыға ма?» деп салса – үй тарихындағы келіспеушіліктер архиві көтерілетін, жақын-жуықта аяқталмайтын ұрыс басталды дей беріңіз. Мұндайда әйелі шоқпар ала ұмтылмай, лып етіп, «қазір дайын болады отағасы, айып етпеңіз!» деп күйеуінің бір сәттік ашуын қалпына келтіріп алса, бәрі мамыражай қалыппен дүние дөңгелей берер еді.

Әрбір адам жүрегіне апарар жолдың кілті бар. Таппай жүрген, ізденбейтін өзіміз. Біреуіне айрықша көңіл бөлу, кейбіріне жылы және жанына жағымды сөз, біріне уақытылы дайындалған тағам, кейбіреуіне сыйлық дегендей. Маңыздысы - күйеуіңізге не нәрсе ұнайтынын анықтап алу қажет. Сонымен қатар, өзіңіздің сезіміңізді жиі білдіріп отырыңыз. Сонда күйеуіңіздің сенімі мен түсінігі артып «мен үшін қолынан келгенін істеп жүрген жанды ренжітіп алмасам екен» деп қадірлеп, ол да сізді бақытты жан ету үшін барынша тырысатын болады. 


«Мін іздеген адам таппай қоймайды»

Асыл арна: Үлгілі отбасы құруға үмітті жастарға айтар ақылыңыз қандай? 

Әлия Төлегенова: Үлгілі отбасын құрудың ең басты қағидаларының бірі – кешірімді болу, кінәласпау. Жанұяда орын алатын түсініспеушілік тек бір ғана тараптан болмайды. «Бәріне сен кінәлісің!» деп кесіп-пішіп мүлде айтпаңыз! Қандай жағдай болсын, ер де, әйел де кінәні өзінен іздеп, бір-біріне түсіністік танытқанда отбасында береке болады. Себебі, мін іздеген адам таппай қоймайды. 

Қазақ - үлкендердің батасымен отбасы құрып, отау болуды қалаған әрбір жігіт пен қыздың талабын құптай отырып, әуелі олардың үлгілі отбасы болуы үшін тәрбие тағылымымен сусындатқан. Тіпті кез-келген жас отбасының керегесі бекіп, шаңырағы шайқалмайтын уақытқа жеткенше қарайласып, өз ақыл кеңестерін беріп отырған екен. Соның нәтижесінде үлгілі отбасы құрылған. Яғни, жақын-жұрағаттарымыз отау көтеріп жатса, бәріміз жан-жақтап, ептеп-септеп, сылап-сипап көмектесуіміз керек. Бірі қателессе, оны ортаға алып талаудан, «сенің күйеуің бір жүрген сүмелек!» немесе «Құдай әйелге жарытпаған екен» сықпытындағы сөздерден барынша қашуымыз керек. Өкінішке қарай, қазір тәжірибесіз жастардың айырылысып кетуіне осындай жаны ашымайтын жауапсыз айтылған жел сөз себеп боп жатыр. Туыстық – ажырату үшін емес, біріктіру үшін керек қой.

Әрбір отбасыға береке, бірлік және екі дүниелік бақыт тілеймін! 

Асыл арна: Риясыз әңгімеңізге, арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!

         


Сұхбаттасқан

Үміт ҚОНЫСБЕК


ПІКІР (2)

Nauar
2018-07-19 02:11:30

Jaraysing!

Құланбек бердімұратұлы
2018-07-19 09:31:11

Керемет жанды да тартымды сұқпа АЛҒААААА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер