Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

АҚЫНДЫҚТЫҢ ИСЛАМДАҒЫ ОРНЫ

Отбасы

Шариғат ғалымдары ислам дәуіріндегі ақындықтың түп тамыры оған дейінгі Ислам келмеген кезеңде жатқандығын айтады. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) елшілік берілгенге дейін өмір сүрген надан арабтардың өзге халықтардан бір басымдылығы болатын. Ол - ақындық еді. Арабтар мың шумақты бір ғана ұйқаспен айтатын шайырларды нағыз ақын деп бағалайды екен. Ал өлең десе делебесі қоза жөнелетін құймақұлақ тыңдаушылар болса, күн демей-түн демей, аузының суы құрып, әлгі ақындардың жыр шумақтарын тыңдаудан жалықпаған деседі тарих кітаптарында. Тіпті, Меккеде өлең оқушылар мен беріліп тыңдаушылар үшін арнайы орын әзірленген. Сондай орындардың бірі "Ъуказ базары" деп аталатын. Қағбаның түбінде орналасқан бұл сахнада әр маусым сайын шайырлар жарысы ұйымдастырылады екен. Ең үлкен теке-тірес барлық тайпалардың басы қосылатын қажылық маусымында өтетін. Мұндай өлеңдер ел арасында "Муғаллақат" (яғни, ілінуге лайықты өлеңдер) деп аталып, үздік шыққан ақындарға ерекше сый көрсетіліп, олардың өлеңдері Қағбаның бір қабырғасына ілінетін болған. Өлеңшіл халық келесі қажылық маусымына дейін ілінген ол өлеңдерді санасына сіңіріп, ұрпақтарына үйретуді дәстүрге айналдырған.

Кейбір Ислам тарихын зерттеушілердің айтуынша: Құранда айтылған Мұса пайғамбардың (ғ.с.) қауымы сиқырға бір табан жақын еді. Олар адамдарды көзбояушылық әрекеттерімен таң-тамаша қалдыратын. Тіпті олардың қарапайым таяқты жыланға айналдырып көрсеткен оқиғасы Құранда баяндалады. Алайда, Мұса пайғамбарға (ғ.с.) Алла тағала сиқырға төтеп берерлік мұғжиза берді. Алладан келген мұғжиза олардың сиқырынан асып түскен кезде, сарайдағы бүкіл көзбояушылар бір-ақ күнде иман келтіріп, сиқырдың есігі жабылды.

Ал Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қауымы шешендік өнермен аты шықты. Олар күнделікті қарым-қатынаста бір-бірімен өлеңдете сөйлесетін. Сөз қадірін өзгелерден артық білетін арабтарды сөзден өзге еш нәрсемен таң қалдыру мүмкін емес еді. Сұлу сөз салтанат құрып тұрған қоғамға Алла тағала Пайғамбар (с.ғ.с.) арқылы үйлесімге толы үстем сөз - Құранды түсірді. Құран аяттары бір сөзбен өте терең мағыналарды қамтитын мұғжиза еді. Құран түсірілгенде, өзін шешен санайтын арабтар айран асыр боп, ақылынан адасты. Ондай жан-жақты даналықты қамтыған көркем сөзді бұрын-соңды естімегендіктерін айтып, жүрегі ашылғандары иман келтіре бастады.

Алайда, Пайғамбар (с.ғ.с.) тұсындағы ауыз әдебиетін зерттеушілердің кейбірі Құран аяттары түсе бастағанда мұсылмандардың өлеңге деген құлшынысының төмендегендігін айтады. Оған негізгі себеп: сахабалардың Құран жаттау, ұғымын түсіну, аяттары жайлы ой жүгірту сынды ұлы мақсаттарды бәрінен жоғары санауында болса керек.  Сөйте тұра, олар шайырлықты қажетсіз деп тастап қойған жоқ. Керісінше, Алла берген қабілеттері ақиқи иманмен астасып, нұрлана түскендей еді. Ал  Алла елшісі (с.ғ.с.) оқып-жаза алмайтын сауатсыз болғандықтан, ол өлеңдерді өзі оқи алмайтын. Тіпті, басқаға бұйырған ақындық Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) нәсіп болмаған еді. Алла тағала «Йасин» сүресінің 69-аятында: "Біз оған ақындықты үйретпедік. Әрі оған ол лайық емес", - деп айтқаны белгілі. Иә, егер Пайғамбар (с.ғ.с.) ақын болғанында, Құрайыш мүшриктері уахи боп түсіп жатқан Құран аяттарына "ақынның сандырақ өлеңдері ғой!" деген баға беріп, одан әрі келеке етер еді.

Алла тағала «Шуғара» (Ақындар) сүресінің 224-227 аяттарында: "Ақындарға азғындар ереді. Олардың әр ойпатта қаңғып жүретінін, істемеген істерін айтатынын көрмедің бе? Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер, зұлымдық көргеннен кейін жәрдем тілегендер бір басқа" - деген. Бұл аяттарда Алла тағала ақындық қабілетін зиянды бағытта қолданып, азғындықты үгіттейтін өлең шығарушыларға сөгіс береді. Онсыз да дін ғылымдарынан алшақ, құлшылықта енжар адамдарға мұндай ақындардың өлеңдері майдай жағып, азғындаған үстіне одан әрі азғындай түсетінін ескертіп тұр. Сондай-ақ, арсыз өлеңді азық еткен мұндай шайырлардың серілік құрып, нәпсі қалауларының жетегінде жүруіне сөгіс беріліп тұр. Дейтұрғанмен, ақындардың бәрі бірдей арсыз емес. Олардың арасынан имандылықты дәріптейтін, ізгі амалдарды насихаттайтын, Алланы еске алуы өлеңімен ұштасқан, Аллаға ғана жалбарынатын шынайы мұсылмандары бар. Міне, солар өзі де азғындап, өзгені де адастырушы арсыз ақындар сияқты емес, олар "жақсылықтың жаршысы" - деп айтылып тұр.

 

Алла елшісі (с.ғ.с.) ақын сөзіне тоқтаған

Алла елшісінің (с.ғ.с.) есті өлең кезіксе құлақ асқаны, мағыналысына жақсы баға бергені, тіпті, егер көркем өлең жолықса, шайырға одан әрі айта түсуін өтініп, әр ұйқас сайын оған дем беріп отырғаны риуаяттарда баяндалған. Бірде, Алла елшісі (с.ғ.с.) олжаны арабтың әр руына таратып жатып, Ғатафан руының мырзасы Ғуйайна деген ақсақалға жүз түйе, Тәмим тайпасының мырзасы Ақрағ есімді қарияға жүз түйе бергізеді де, қалған елу түйені Аббас ибн Мирдас атты мырзаға ұсынады. Аббас дуалы ауыз ақын болатын. Ол Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұнысына разы болмай:

Ғуйайна мен Ақрағтан

Үлесім кем болды ма?

Аталары бұлардың

Мирдасқа тең болды ма?

- деп, өлең шумақтарын бұрқыратады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірден түсіне қойып, сөзге тоқтайды, өлеңге разы болады. Қасындағы Әбу Бәкірге (р.ғ.) қарайды да, бұл өлеңді қайталап айтып береді. Бірақ, өлеңнің құрылымын толықтай біліп тұрса да, буындарын бұзып, ұйқасына әдейілеп мән берместен: "Кем болмасын үлесі, Ақрағ пен Ғуйайнадан"- деп жымияды.

Бірнеше риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілі шайырлардың бірі Хассан ибн Сәбитті (р.ғ.) Құрайыш мүшріктері жайлы қағыта сөйлеуге құлшындырып: "Мүшіриктерді әжуала! Шындығында, Қасиетті Рух (яғни Жебірейіл періште) сенің жағыңда!" - деп бұйырғаны жайлы дерек айтылады. (Ахмад, Ибн Хиббан, әл-Хаким және басқалар)

Мұсылмандар Меккені жаулап алған кезде, әйелдер қуанғанынан сәйгүліктерге мініп, орамалдарымен сабалап, шаттана шаба жөнеледі. Шайырлар бұл көрініс жайлы бірдеме айтпауы мүмкін еместігін білетін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жанында тұрған Әбу Бәкірге қарап: "Бұл жайлы Хассан не деп жатыр?" - деп сұрайды. Сонда Әбу Бәкір:

"Сәйгүліктің барлығы шапқылап жүр,

Орамалмен қатындар соққылап жүр!

- деген өлең айтыпты" - дейді. Мұны естіген Алла елшісі (с.ғ.с.) жымия күліп: "Турасын айтқан екен", - деп разы болады.

 

Өлеңнің қоғамдағы маңызы

Кеңес үкіметінің кезінде ақындарды елдің рухын көтеріп, арнайы идеологияны насихаттайтын қауым ретінде бағалаған. Және ерекше қабілет иелерін тиімді пайдалана білген. Екінші дүниежүзілік соғыста Жыр алыбы Жамбылдың "Ленинградтық өрендерім" деген сияқты жырларының өзге ұлт өкілдерінің де жүрегінде жатталуы соған дәлел.

Қазақтың билері мен жыраулары сөз өнерінің шыңын бағындырған. Алланың атымен басталған ақиқи жырлар қай заманның көшінде де жылаған елге жұбаныш, қайғырған елге қайрат берген. Тәуелсіздік алған тұста да жұртты жігерлендіретін, ұлттың басын біріктіретін, намысыңды қайрайтын нағыз өлеңдер өзінің тарихи қызметін атқарды. 

 Алла елшісі (с.ғ.с.) өлеңнің маңыздылығы мен қоғамдағы орнын түсінетін. Шайырлық өнерімен әйгілі болған кейбір сахабаларын әскер рухын өлеңмен көтеруге үндейтін. Әскер құрамындағы әрбір сарбаздың ақын немесе ақындыққа жақын екенін жақсы түсінетін. Осындай қақтығыстардың бірінде Алла елшісі (с.ғ.с.) Кәғб ибн Мәликке бұйырып, мұсылмандарды өлең шумақтарымен жамандаған  Құрайыш шайырларына қарсы өлең шығаруын талап етіп: "Оларды әжуала! Жаным қолында болған Алламен ант етейін, сенің айтқан сықақ өлеңің оларға жебеден де қатты тиеді", - деп құлшындырады.

Өзге бір риуаятта «Ибн Рауаха деген ақын дінсіздерді келемеждейтін өлеңдерді әл-Харам мешітінде отырып айтатын болған» деген дерек келтіріледі. Сахабалардың арасынан Омар ибн әл-Хаттаб оның бұл ісін теріс көріп: "Әй, Ибн Рауаха! Әл-Харамның ішінде отырып, Алла елшісінің алдында өлең айтқаның не?!" – дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): "Қоя бер оны, Омар! Бұл өлеңдер дінсіздерге жебеден де қатты тиеді", - деп тоқтам айтады.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылман ақындарға арнайы дұға жасаған.

Сәләмә ибн Акуағдан (р.ғ.) жеткен хадисте ол былай деген: «Пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге Хайбарға шыққанымызда түн қатып жүрдік. Адамдардан бір кісі Амирге: «Ей, Амир! Бізге (өз өлеңдеріңнен) бірдеңелер оқып берсеңші!»—деді. Амир ақын кісі еді. Ол адамдарға ырғағы түйелердің жүрісімен сай келетін өлеңдер оқуға кірісіп:

«Уа, Аллаһ! Сенсіз тура жолды біз таппас едік,

Зекет беріп, сәждеде жатпас едік.

Жаным пида, қылайық Саған тәуба,

Бізді орнықтыр, кез келсек қалың жауға!

Тыныштық бер, біз қарсымыз,

Шақырса да жәһілдер.

Қайыспаймыз, біз қарсымыз,

Айқасса да кәпірлер!»,—деп айта бастады. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): «Мына (түйелердің) айдаушысы кім?»—деп (сұрады). (Адамдар): «Амир ибн Акуағ»,—деді. (Пайғамбар): «Аллаһ оны рақымына алсын!»—деп дұға етті.

Жоғарыда атап өткен ақын Ибн Рауаһа бірде Алла елшісіне (с.ғ.с.) арнап:

"Сен едің табанында нық тұратын,

Қарсыласқан дұшпанды ықтыратын.

Одан әрі нығайтсын Алла сені,

Келістіріп мақтауға кеп тұр атың." – деген шумақтар айтады. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Алла сенің де табаныңды  нығайтсын!" – деп дұға етеді.

Тағы бірде Алла елшісіне (с.ғ.с.) араб тайпалары келеді. Арасында Набиға әл-Жағдий деген сексен жастағы қария ақын бар еді. Лақап аты Әбу Ләйлә екен. Қария сәлем беріп кіреді де, бір-екі шумақ өлең айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.): "Айта түсіңіз!" – деп қолқа салады. Әбу Ләйлә іркілместен:

"Қылмадым қыңыр қылық, өрескелді,

Төбесіне көтеріп ел ескерді.

Сексенге енді міне келсем-дағы,

Бағындырсам деп жүрмін белестерді." – дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) жымия күледі де: "Әй, Әбу Ләйлә, енді сізге қай белес қалды?" – деп таңырқайды. Ол: "Ендігі белесім жәннат", - дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): "Аузыңа Алла дерт бермесін!" – деп дұға етеді.

 

Есті өлең - даналық бұлағы

Муслимнің "Сахихында" келген бір хадисте Шәрид атты сахаба былай дейді: «Бір күні Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.) көлігіне мінгесіп жүрдім. Ол: «Сен Умәййә ибн Салттың өлеңдерінен жатқа айтатының бар ма?»–деді. Мен: «Иә», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қане, айта қойшы»,–деді. Мен оған бір шумақты мәнерлеп айтып бердім. Ол разы болып: «паһ!»,–деді. Мен оған тағы бір шумақты жатқа айттымм. Ол тағы да: «паһ»,–деді. Сөйте-сөйте мен оған жүз шумақ өлең айтып бердім. Сонда ол: "Расында, өлеңде даналық бар», - деп таңырқады."

Убәй ибн Кағбтан (р.ғ.) жеткен тағы бір хадисте Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): «Расында, (кейбір) өлеңде даналық бар»,—деп таңданады.

Алла елшісі (с.ғ.с.) ақындардың өлеңдерін құптап қана қойған жоқ. Ақындарға қандай жағдайда не айту керектігін де ауыздарына салып отырды. Мәселен, Муслимнің "Сахихында" келген дерек бойынша Ухуд шайқасында мүшриктердің басшысы Әбу Суфиян (сиынатын пұтын дәріптеп): «Асқақта, Һубәл! Асқақта!» деп дауыстап өлеңдетеді. Мұның мұсылман әскерінің рухын төмендетерін сезген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Оған жауап қайтармайсыңдар ма?!"—дейді. Сахабалар: "Уа, Аллаһтың елшісі, не айтайық?"—дейді. «Ең ұлы Аллаһ - ең асқақ!» деп айтсаңдаршы!",—дейді. Арғы беттен Әбу Суфиян тағы да: «Бізде Ғұзза бар, сендерде не бар!»,—деді ұйқастыра айғайлап. Пайғамбар (с.ғ.с.) тағы да: "Оған жауап қайтармайсыңдар ма?!"—дейді. Мұсылмандар: "Уа, Аллаһтың елшісі, не айтайық?"—дейді. «Қамқоршы Алла бар, қамқоршың жоқ!» деп айтсаңдаршы!",—дейді араб тіліндегі сөз ұйқастарымен.

Жәбир ибн Самра (р.ғ.) былай дейді: "Мен Аллаһ елшісін (с.ғ.с.) жүз мәртеден де көбірек көрдім. Оның сахабалары мешітте отырып бір-біріне өлең шумақтарын айтатын. Надандық дәуіріндегі кейбір оқиғаларды естеріне алғанда мәз-мейрам боп күлетін. Пайғамбар (с.ғ.с.) да жымиятын."

 Алла елшісі (с.ғ.с.) көркем өлең шумақтарын тыңдауды жақсы көргендігімен шектелмей, кей жағдайда өзі де екі-үш буын ұйқастыра сөйлеп қалатын еді. Бұхаридің "Сахихында" келген бір риуаятта ол өзінің Алла тарапынан елші етіп жіберілген шын пайғамбар екенін:

"Пайғамбармын, Алланың мен құлымын,

Абдул-Мутталиб атамның ұлымын!" - деп ұйқастыра айтады.

 

Пайғамбардың (с.ғ.с.)  жеке ақыны

Хан Абылайдың "Бірінші тілек тілеңіз бір Аллаға жазбасқа" - деп жырлаған Бұхар сынды кеңесшілері болғаны сияқты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да Хассан ибн Сәбит деген жеке шайыры болған. Ол өзінің Исламға дейінгі алпыс жылын пайдасыз өлеңге арнады. Өткен өміріне шынайы өкінгендіктен, Алла тағала Хассанға тағы да алпыс жыл өмір сыйлады. Бұл алпыс жылын Хассан мұсылмандардың игілігі үшін діни өлеңдар жазуға жұмсады. Хассан ибн Сәбит - Ислам дәуірінің ең ірі ақыны еді. Ол өзге шайырлардан үш сипатымен ерекшеленді: Надандық дәуірде мәдиналық ансарлардың бас ақыны болды, Пайғамбардың (с.ғ.с.) көзі тірісінде оның ет жақын ерекше ақыны болды, Алла елшісі (с.ғ.с.) дүниеден өткен соң Иемен өлкесінің бас ақыны болды. Қай мешітке барса да, ол үшін мешіт мінбері босатылып, имани өлеңдеріне жол берілетін болған.  

 

Алла елшісі (с.ғ.с.) ақынға өз шапанын жапқан

Бұхариде келген дерек бойынша, Хассан Құрайыштардың ішіндегі мүшріктерді келемеждеуге бұйырылған кезде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: "Ал менің тегімді қайтесің? (яғни, мен де Құрайышпын ғой!)" - деп сұрайды. Сонда ол: "Алламен ант етейін! Олардан сізді қамырдан қыл суырғандай етіп суырып аламын!" - дейді. Сонда оның сүйектен өтер әжуа өлеңдері Құрайыш көсемдеріне садақтың жебесіндей қадалады. Ал Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ардақтап айтқан өлеңіне бүкіл мұсылмандар тәнті болады. Хассанның мұнысына разы болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мысыр билеушісі Мұқауқис берген Сирин атты қызметші күңді Хассанға сыйға тартып, иығына өзі киіп жүрген шапанды жабады.

Ұлы имамдар да ақындықтан алыс емес

Төрт мазһаб мектептерінің бірі «Шафиғи» мазһабының негізін қалаған атақты Мухаммад ибн Идрис әш-Шафиғидің жаттау қабілеті өте күшті болған. Ол кісі кітабын ашып көзін салса болды, ондағы аяттарды немесе хадистерді көңіліне түйіп, санасына сақтап, жүрегінде жатталып қалады екен. Сол үшін ол кісі жаттау кезінде екі беттегіні араластырмау үшін, кітаптың бір бетін жауып отыратын болған. Бірде ол сол жаттау қабілетінің аздап әлсірегенін сезеді. Қатты уайымдаган Шафиғи өзінің Уақиғ деген ұстазына барып осы іс жайында кеңес сұрайды. Ұстазынан оның себебін білген ол, сол ұстазының өсиетін өлең жолдарына түсіріп, былай деген екен:

«Шағым еттім ұстазыма ардақтаулы,
Жаттауымда пайда болған шабандықты.
Кеңес етті күнәлардан алшақтауды,
«Жуытпа»-деп маңайыңа жамандықты.

  «Тыңда»-деді, сөзіме көңіл бұрып, Байсалдылық тұрақтап реңіне. «Ілім» - ол нұр. Ал, Аллаһтың ондай нұры Орнамайды күнәһардың жүрегіне. 

Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел...

Алла елшісінің (с.ғ.с.) ішінде өтірігі мен риясы жоқ, боқауыз сөз араласпаған шынайы өлең шумақтарына тыйым салмағанын нақты түрде дәлелдей аламыз. Бірақ бір ғана шартпен: ақын өлеңі қаншалықты ізгі ұғымда айтылса да, Құран мен Хадистен, парыз құлшылықтардан үстем тұрмауы тиіс. Оны жақсы түсінген Хакім Абай «Әуелі аят-хадис сөздің басы, Қосарлы бәйіт мысал келді арасы...» - деп кез-келген сөз Алла ақиқатынан бастау алуы керек екеніне бағыт берген. Алла елшісі (с.ғ.с.) арсыздықты насихаттайтын өлеңге түбегейлі қарсы болған. Абайдың  "Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел" - деп жырлағаны сияқты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары да Исламға дейінгі дәуірде айтқан өлеңдерін түзеткен.

 

Ең абзал өлең - Алланы ұлықтағаны

Абу Хурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.): «Ақынның айтқан сөздерінің ең шыншылы болып, Ләбид ақынның: “Аллаһтан басқаның бәрінің шама-шарқы жоқ» деген сөзі емес пе?”» - деген Аль-Бухари, Муслим.

Арсыздыққа үндейтін ессіз өлеңдер туралы  екі "Сахихта" Омардан (р.ғ.) және Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадистерде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, біреуіңнің көкірек қуысы (арсыз) өлеңге толуынан гөрі іріңге толуы ол үшін қайырлырақ»,—деген. Бұл хадисте Алланы зікір ету, Алланың Құранын оқу, шариғат ілімдерін үйрену секілді ұлы құлшылықтарды тастап қойып, өмірін мән-мағынасыз, атақ пен абырой, ақша мен қызық үшін арсыздыққа шақыратын өлеңге ұйқас іздеумен өткізуге тыйым салынатындығы айтылып тұр.

Ал біздің атақты жол бастаушы, тақуа ғұламамыз Имам Әбу Ханифа білім жолына түспес бұрын, білімдердің қай бірін талап қылу керек екендігін ғұламалардан сұрастырады. Ол қоғамда өз орнын табу мақсатында бір білім саласын алумен қатар, оны терең зерттеп, сол білімнің маманы болып шығуды қалады. Өзінің шәкірттеріне білім талап қылудағы өмірлік жолын былай деп баян еткен:

«Мен ілім саласының арасынан өзіме керектісін таңдамас бұрын, оның ақырын ғұламалардан сұрастырған едім. Олар маған Құраннан тәлім алуды нұсқады. Мен Құраннан тәлім алып, оны жаттап алсам, қай мамандық егесі боламын, оның ақыры неге апарады?—деп сұрадым. Олар маған: «Құран -  даналық бұлағы. Қолыңа даналықтың кілтін ұстайсың. Алла үйі мешітте отырасың. Жаңадан үйренушілер мен жас балалар келіп саған жаттаған Құрандарын тапсырады» деді.

Мен «Бұл ақыры жоқ терең ғылым екен» - дедім. Кейіннен «Ал егер шайырлыққа өзімді арнасам. Менен асқан шайыр болмаса, онда менің ісім не болмақ?» - деп сұрадым. Сонда ғұламалар: «Мақталасың. Бағалы сыйлықтар аласың. Қымбат көліктермен сені алып жүреді. Ал егер мақтаған біреуің саған сый-сыяпатты бермей қалса, сен оны өлеңдеріңмен сөгесің. Сөйтіп адамдарды ұятқа қалдырып, абыройсыз қыла бастайсың. Егер сен осы бағытпен кете берсең, абыройлы, арлы әйелдердің атына дақ түсіруден де тайынбай қаласың» - деді. Мен: «Бұл менің қажет тұтатын білімім емес екен» -дедім» - деп  имам Абу Ханифа шариғат білімін терең үйренуді таңдаған екен.

Әрине, жұрттың бәріне Имам Әбу Ханифа секілді дін ілімдерінің үлкен білгірі болу нәсіп бола қоймас. Сол ғұламалардың соңына қалдырған баға жетпес рухани байлықтарын оқып-үйреніп, амалға асырсақ, соның өзі Жаратушының бір сыйлығы емес пе?! Әр адам Алла берген қабілеті мен қажыр-қайратын ақиқат таразысына сала отырып пайдаланса, екі дүниеде ұтыла қоймасы анық. Дана жазушыларымыздың бірегейі Мұхтар Әуезов бір сөзінде қаймана қазақтың өзге дінге өтпей, өз мұсылмандығын бекем ұстап қалуының бір себебін ақындарымыздың дін насихаттаудағы ерен еңбегімен байланыстырады. Кейде рас, екі адамның арасында болуға ғана тиісті аяулы сезім жайлы айғайлап айтып, керісінше, бүкіл жұртқа жария қылатын жәйттар туралы үндемей қалатынымыз бар. Бұл – кеңестің дүмді диірменінен шығып, дұрыс пен бұрысты, маңызды мен маңызсызды ажырата алмай қалған парықсыз қоғамның көрінісі. Іргеміз бекіп, үлгіміз қалыптасып келе жатыр. Сөз қадірін өз қадірім деп білетін, бетінде ұяты, аузында батасы, жүрегінде иманы жүретін абзал бабаларымыздың лайықты ұрпағы болуды Алла енді бізге нәсіп етсе екен! Шаңның  тозаңындай жамандық үшін жаза тауып, шаңның тозаңындай жақсылық үшін жарылқанып жататын Қияметтің күнінде әрбір сөзіміз үшін Алланың алдында мәртебеміз биіктеп, жауапсыз сөзіміз үшін жанымыз қиналмаса екен! Пайдалы сөздің сауабы Ақыретте де артымыздан жақсылық боп жетіп, парықсыз сөздің салдары Ақыретте де артымыздан жамандық болып барып тұратынын терең түйсінсек екен!

 

Мұхамеджан Тазабек

Ақын. "Асыл арна" телеарнасының бас директоры.

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер