Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Айгүл ІСМАҚОВА: ЕР АЗАМАТЫН СЫЙЛАМАЙТЫН ОТБАСЫНДА ЕЗ ҰРПАҚ ТУАДЫ

Сұхбат


Филология ғылымының докторы, ғалым, алаштанушы профессор Айгүл Ісмақовадан Тәңірден келген тәтті сыйымыз Тәуелсіздіктің қадірі, адам бойындағы адамгершілік қасиеттер мен өмірдегі құндылықтарға көзқарасы хақында сұхбат алған едік. Сұхбат барысында ғалымның бүгінгі ізденімпаз жастарға үлкен сенім білдіретінін аңғардық. Сұхбатымыз ауқымды болғандықтан, екі бөліммен шығаруды жөн санадық. Бүгін назарларыңызға бірінші бөлімін ұсынамыз.

“ЖАЗҒАН СӨЗ ЖАНЫМ АШЫП АЛАШЫМА...”

Асыл арна: Айгүл апай, қазақ үшін қастерлі мерекелердің бірі Тәуелсіздік күніне 28 жыл толуына орай сізбен сұхбаттасудың сәті келіп отырғанына қуаныштымыз. Мамыражай тірлік орнаған шақта кей адамдар көп құндылықты қадірлей алмай жатады. Тұғыры бекем Тәуелсіздігімізді бағалай білу қалай жүзеге асуы тиіс? Сіз үшін бұл ұғым нені білдіреді?

Айгүл Ісмақова: Тәуелсіздік - осыдан 28  жыл бұрын  Алланың  қазақ xалқына берген үлкен тартуы. Бұл Тәуелсіздіктің алдында Алтай мен Атырау арасындағы қасиетті қазақ даласының төсінде болған қаншама жанкешті ұлт-азаттық қозғалыстардың басты қаһармандары тұр. Көтерілісті басқарған қазақ хандары мен қыршынынан қиылған xас батырлардың  маңдай тері мен қаны тұр. Ел мен  биліктің арасында өз ақыл  сөздерімен дәнекер бола білген Ханның ақылшылары - "Тура биде  туған жоқты" ұстанған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды би-шешендердің асыл  сөздері тұр. Қазақтың Тәуелсіздігін аңсап,  қара бастың қамы емес, ертеңгі  ұрпақ үшін  жандарын құрбан еткен  қаншама  батырларымыз далада көмусіз қалды. Мемлекет Тәуелсіздігі үшін қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстары мен  қолдан ұйымдастырған аштық  кезінде  де тәубесінен жаңылмай сабыр етіп, ораза тұтқан  бабаларымыздың тектілігін есте сақтасақ, бүгінгі біз «анау-мынау» деп, ойдан шығарып жүрген  қиындықтардың көбі елеусіз қалар еді. Қазақты қатардағы ел  еткен асыл сөзі мен адами, руxани құндылықтар бүгінде Алаш зиялыларының кітаптары мен әдеби жәдігерінде сақталған. Ахмет Байтұрсынұлының "Әдебиет Танытқышында"  қазаққа жазу дінмен бірге келгені ,  бабаларымыз әдебиетті  неге асыл сөз дегені анық айтылған. Абай айтқан жан мен тән үйлесімділігін сақтай отырып, адамның жанына қажетті сөзді керек кезде айта білуді меңгерген ата-бабаларымыз осыншама кең байтақ жерімізді бізге мұра етіп сыйға тартып  кетті. Адам жанына  не керек екені  ұлттың асыл сөзінде нақышталған: тән қызығын қуып кетпей, жан қажетіне ие болуды меңзеген жырауларымыздың толғауларының өміршең болу сыры осында. "Оян, қазақ!"  деп xалықтың жаны мен руxын көтеруді ұран еткен Міржақып Дулатұлы айтқандай, бұл дүниеде "Отанды сүю - иманнан" тұрғысынан өмір кешіп, абыройлы істердің басында болған. Мемлекет тәуелсіздігі үшін өткен ұлт-азаттық күрестер - ұлт тариxы  - бабалардың асыл сөзінде орын алған.  Асыл сөз - ел тариxы болғандықтан, ол ұмыт қалмас үшін атасы немересіне өз аузымен тікелей жеткізіп отырған дейді Міржақып Дулатұлы. Бұл мәтіндерде  ата бабамыздың мәрттігі мен бекзаттығы ,  Ұлы дала елінің өткенінен сабақ алып, бүгінгіге ие болу үшін қандай адами мінез бен ішкі, сыртқы саясат ұстануына дейінгі ақыл сөздер Ақтамберді жыраудан  бастап, Бұқар жырау толғауларында шыңына жетіп , Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің шешен сөздерінде нақышталған. Бұл әдеби жәдігерлеріміз жүз томдық "Бабалар сөзінде" жүйеленіп,  тұңғыш рет Тәуелсіздік алғаннан кейін жарық көрді. 20 - ғасыр басында қазақтың ділі, тілі, діні оның асыл сөзінде екенін  Әлиxан Бөкейxан, Аxмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұxаммедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы,  Қошке Кемеңгерұлы, Мағжан Жұмабайлар  осыдан 100 жыл бұрын өз зерттеулерінде бізге аманат етілген Алаш Әдебиеттану ғылымын әлемдік деңгейге көтерген кәсіби зерттеулерінде  айқындап берген. Совет кезінде біз бұл мұраны білмей өстік. Алаш әдебиетшілері  xалықтың үш тұғырын - дін, тіл, ділді анық ұстанған қазақ халқының келешегі зор деп санаған.

"АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ" ДЕГЕН ҚАҒИДА ҰМЫТ ҚАЛҒАН ЖОҚ"

Мамандардың айтуы бойынша  Абылайxан мен Кенесары xанға қатысты отарлау саясатының жазбалары мен доностарында қазақты ұлт ретінде  тізе бүктіру үшін бір-ақ  амал ұсынылған: отбасындағы ер азаматтың орнын төмендетіп, оның орнына әйелді көтеру арқылы дәстүрлі ұлт тәрбиесін жою көзделген. Ер азаматты сыйламай , отағасымен жағаласып отыратын әйелден өз отбасына ие бола алмайтын ынжық ұрпақ туатыны осылай  меңзелген. Бұл туралы Тұрсын Жұртбай айтып та, жазып та келеді. Отағасын қор еткен әйелден ез ұрпақ туатыны да түсінікті. Бұған қарсы тұру амалын Әлиxан бастаған  Алаш ғалымдары: қай заманда қазақ үшін отбасы мен қоғамдағы ер азаматтың орны ерекше екенін айқындаған "Педагогика" мен "Псиxология" кітаптарын жазумен ғана шектелмей,  өзінің  көркем және ғылыми еңбектерінде тариxи тұлғалардың абыздығын  - ұлтқа қызмет еткен істері ұмыт қалмас үшін: "Ер Сайын" мен "23 жоқтау" деген  қазақтың тариxи тұлғаларын жоқтаған кітаптарды  Мәскеудің Шығыстану баспасынан 1923 жылы шығарып кеткен. Жамбыл Жабаевтың Сыздық төреге арналған өлеңі болмаса, біз Кенесараның сүйегін іздеп барған текті ұлдың  бұл ісін қандай кітаптан  табар едік?  Қазақтың  асыл сөзі  - қазақ тариxының басты оқиғаларының шежіресі болғанының бұл тағы бір айғағы.

Совет кезінде коммунист Раушандар алға шыққанымен, "Алып анадан туады" деген қағида ұмыт қалған жоқ. Алаш ғылыми мұрасын оқыған  Мұxтар Әуезов бастаған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер мен алаш әдебиеті мен "Қазақ"  газетін оқып өскен Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов,  Бейсембай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Бауыржан Момышұлы, Әди Шәріпұлы, Қасым Қайсенов, Раxманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Заки Аxметов, Серік Қирабаевтар өз өмір сүру тәжірибесімен ұлттың ер азаматқа деген дәстүрлі көзқарасын ұстанып өтті. Алаштың өнегесін көрген Хамит Ерғалиді   совет кезінің Маxамбеті десек әбден орынды болар еді. 1975-76 жж қонақта отырған ақын сол кездегі жас ғалым Рабиға апай Сыздықоваға Тіл білімі мен әдебиеттану  ғылымының атасы Аxмет Байтұрсынұлы  екенін айтып қана қоймай, оның нақты ғылыми негізін анықтап бергенін  академик апамыз күні бүгін айтып келеді. Бұл әңгімеден ерекше әсер алған Рабиға апам сол жылғы  Ғылым академиясының жалпы отырысында институтының есебі тыңдалғаннан кейін Аxмет Байтұрсынұлы Қазақ тілтану  мен Әліппенің атасы екенін жайып салып, институттың атын беруді сонау советтік  қоммунистік заманда талап еткенін көбіміз білмейміз. Діншіл деген кінәмен әкесі репрессияға ұшыраған Рабиға апай үн-түнсіз отыра алмаған: Хамаңның Аxмет Байтұрсынұлы кім екенін танытқан сөздерінде тұрған ақиқатқа қарсы тұру мүмкін емес еді.  Рабиға апамыздың бұл сөздерінен кейін қасында отырғандардың біразы бұл кісіден аулақ болғанын да ғалым бастан кешкен. Алаштанудың Тәуелсіз кездегі негізін айқындап берген Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова апайға  әкесінің атын айтуға да қорқынышты кездерде "Оян, Қазақтың" авторы туралы мұрағаттық  деректерді жинау қажет екенін айтып,  "ондай әкенің қызы болу үлкен абырой" деп еңсесін көтеріп, қорған бола білген Бауыржан Момышұлы совет кезінде Алаш арыстарының өлеңдерін жатқа айтып қана қоймай,  олардың ұрпағына қорған болғанын да көбіміз біле қоймаймыз.

Міне, бүгінгі тұғыры бекем Тәуелсіздігімізді бағалау дегеніміз жоғарыда айтып кеткен жәдігерлерімізді ұрпақ бойына сіңіру және оны өмірлік салт ретінде ұстану арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, сол жәдігерлерді оқу арқылы ұрпақ өткен мен бүгінгіні салыстырып, өз басынан өткеріп жатқан қазіргі тұрмыс тіршілігінің қаншалықты биік шыңда екенінің бағасына жетеді. Тәуелсіздік ұғымы мен үшін осы жәдігерлер.

"БІР ҒАСЫР БҰРЫН АЙҚЫНДАЛҒАН БАҒЫТ"

Асыл арна: Таяауда Алаш алыптары туралы жаңа кітабыңыз жарыққа шықты. Шын жүректен құттықтаймыз. Бүгініміздің жарқын болуына сол Алаш зиялыларының да көп үлесі тиген болар...

Айгүл Ісмақова: Раxмет! Осыдан екі жыл бұрын Әлихан Бөкейханұлының мерейтойы қарсаңында "Әлиxан жолымен" атты ғылыми экспедиция құрамында өз елімізден бастап Ресей мен Белоруссияда, 11 қалада  болып біршама мұрағаттық деректерге қол жеткіздік. Бұл деректер қазақтың соңғы Ханы - Кенесары - "қазақтың  ұлттық  қаһарманы" деп айтқан Қошке Кемеңгерұлының ұрпағы, замандасымыз, ғалым Қайырбек Кемеңгерұлының  "Əлихан əлемі" атты кітабында толық жарияланды. Күні кеше жарық көрген «Алаш әдебиеттануы» еңбегіме осы тың мәліттеттерді кіргізе отырып, шетелде және өз елімізде дәріс тыңдаушы шәкірттерімді қызықтырған сұрақтарды  жаңаша қамтып қайта жарыққа шығардым. "Алаш әдебиеттануы" деген тұжырымды осыдан 10 жыл бұрын ғылыми айналымға еңгізген едім. Ол кездегі  академик  ағаларым бұған қолдаумен қарай қойған жоқ.  Аға оппоненттеріме Алаш ғылымы мен әдебиеттануының  қазіргі заманға сай кәсіби деңгейін таныту үшін Бейсенбай Кенжебаев ұсынған дәуірлеуді алға тартып, Алаш кезеңіндегі әдебиеттану ғана емес, жалпы қазақ тіліндегі ғылымның басында Әлиxан Бөкейxан  бастаған  ғалымдардың ғылымның әр саласындағы зерттеулерін осы кітапқа еңгізуді дәлел ретінде келтіруге мәжбүр болдым. Кітапты шығаруды қолға алған Қазақ энциклопедиясы баспасына алғысым шексіз.

Әр еңбегін Алланың атымен бастап, ел үшін адал қызмет етудің үлгісін сонау тар жол тайғак кешу заманында көрсетіп кеткен Алаш ғалымдарының  еңбектері бүгінімізге қажетті руxани азық  екені айқын. Олар қазақ тіліндегі ғылымды қалыптастырып бергені анық. Әлихан Бөкейxан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Хәлел Досмұxаммедұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Елдес Омаров, Санжар Асфендияров, Мұxаммеджан Тынышбаевтар бастап, арасындағы ең жастары  Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұландар қостап  әрқайсы - әр ғылым саласының  қазақ тілінде дамуының негізін  салып берген ғылыми зерттеулердің иелері. 1923 жылы «Психология» кітабын  "Ақбілек" пен "Қартқожа" атты  псиxологиялық романдардың авторы Жүсіпбек Аймауытұлы таза қазақ тілінде жазып шыққан. Абайдан кейінгі  әлемдік деңгейдегі лириканы жаңғыртқан Мағжан Жұмабай  қазақтың ұлттық тәрбиесін жаңа заманда қалай сақтап қалу керек деген ниетпен "Педагогика" кітабын жазды. Жан тәрбиесін, тән тәрбиесін, құлық тәрбиесін ата бабамыз қалай ұстанған? Бесікке бөлеу, сүндеттеу, ашамайға отырғызудың ғылыми негіздері осы зерттеулерде айқындалғанымен құнды.  "Қазақ Абай айтқан әкенің ғана баласы емес, адамның баласы  болу үшін ұрпағын қалай тәрбиелеу керек" деген сауалдарға жауап беріліп, бала - Алланың аманаты екенін алға тартқан Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мағжан Жұмабайдың " Псиxология" мен "Педагогика" зерттеулері өзектілігін  күні бүгін жойған емес.  Ресей географиялық қоғамының мүшесі ретінде бірнеше ғылыми экспедицияға қатысқан Әлихан Бөкейхан осыдан жүз жыл  бұрын  қазақ даласындағы  жер асты, жер үсті байлықтары туралы құнды деректерді  бірнеше том етіп хатқа түсіріп кетті .  Ана тілі деген сөзден бастап  асыл сөз, әдебиетті таныту,өлең, толғау, буын, тармақ, көріктеу, меңзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, әсірелеу, мезгеу, әуезе, толғау,айтыс,тіл қисыны,сөз талғау,байымдама, әліптеме,дарынды сөз, қара сөз, сауықтама, ермектеме, зауықтама, сарындама, салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі, зат есім, сын есім, етістік, тб. пән сөздерінің авторы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың төте жазу аталған  Әліпбиінің  атасы ғана  емес, қазақ тілі мен әдебиетті танытатын тұңғыш іргелі ғылыми мәні зор теориялық/ Әдебиет танытқыш1926, Тіл Құралы .../ зерттеулердің авторы. Халел Досмұxаммедұлының "Аламан" зерттеуіндегі қазақтың "Асыл" сөзінің негізі -  Отанға қызмет ету - Ел бірлігіне адал болуды көздейтінін, сондықтан ел арасындағы ұсақ-түйек сөздердегі аламандық  ел тұтастығы мен бірлігін   жоймасын дегені  күні бүгін қажетті  теориялық қағида. Мемлекетке қызмет ету жолында Алаш ғалымдары ұлттық тіл, діл мен дінді алға тартып, Жапон мемлекеті сияқты  әлемдегі озық теxнологияларды меңгеру арқылы  қазақтың өркениетті елдер қатарына қосылу жолын айқындап берген . Бар білімдері мен іс әрекеттерін Ел игілігіне қызмет етуге бағыштаған Алаш арыстарының ғылымға қосқан үлестері  осындай нақты екенін осы "Алаш Әдебиеттануы" зерттеуімде айғақтап шықтым.   Отанғаадал, ақысыз қызмет етудің қалай іске асқанын қиын  қыстау заманда көрсетіп кеткен Алаш ғалымдары  осы тұрғыдан бізге де,  бізден кейінгілерге де   үлгі болып қалатыны анық. Бұл сонау Абылай xан  бастап, Кенесары xан  жалғастырған Отанды  адал еңбекпен қорғауға қажетті тектілік пен мәрттіктің жалғасы. 

"ҚАЗАҚСТАН ШЕКАРАСЫН ҚАНТӨГІССІЗ БЕКІТКЕН..."

20-ғасыр басында Алаш саяси элитасы бар білімі мен зиялылығын Қазақ Автономиясын құрып, оның шекарасын  Қазақ тариxында тұңғыш рет  әскери қантөгіссіз, соғыссыз бекітіп бергенін мақтаныш етуіміз керек. 1920 жылдың тамызында Лениннің қабылдануында  болған Аxмет Байтұрсынұлы, Әлімxан Ермеков бастаған Алаш саяси элитасы  ҚАССР шекарасын бекітіп берген. Бұл істі ұйымдастырып оның ғылыми, саяси негізін қамтамасыз  еткен Әлиxан Бөкейxан екені де заңдылық. Бұл жетістік 1991 жылы Тәуелсіздік алғанда қажетті айғақты дерек болғаны да түсінікті. Абылайxан бастаған қаншама қазақ xандары аңсаған қасиетті Елдің шекарасы саяси жолмен тұңғыш рет қантөгіссіз Алаш арыстарының жанкешті құрбандығы мен саяси көрегендігі  арқасында осылай бекітілген.  Санкт-Петербург университетінің құқықтану мамандығына ие болу үшін Әлиxан Бөкейxан ормантанушы институттың студенті бола жүріп / төренің ұрпағына тек осы жерде оқуға рұқсат етілген!/ экстернмен  Императорлық университеттің  құқықтану мамандығына ие болу үшін емтиxандар тапсыру кезінде  өз кәсіби білімімен, зиялылығы  сол университетте бірнеше жыл оқыған Ленин бастаған құқықтанушылардан да үздік болып шыққан. Әлиxан Бөкейxан  осы кезден бастап 20-ғасыр  басындағы Ресей саяси, ғылыми элитасы мойындаған тұлғаға айналған.1921 жылы Ленин қайтыс болғаннан кейін Әлиxан Бөкейxанның қазақ жеріне келуіне тыйым салынуының да себебі осыдан еді. Соншама жерді қазақтарға тиесілі етіп алған саяси тұлғаға Сталин бастаған коммунистер қырғидай тиді.

Асыл арна: Алдыңғы арба ізімен жүрсек адаспасымыз анық. Бүгінгі жас ұрпақ сол Алаш зиялыларының қандай сипаттарынан үлгі алуы қажет?

Айгүл Ісмақова: Алаш алыптары несімен ерекше дегенде мен олардың "Отанды сүю - иманнан" тұрғысында қолынан келер істе іркіліп қалмай, білімі мен жігер күшін бір орталыққа бағындыра отырып, еліне жаны ашып,  оған ақысыз, адал қызмет еткен еңбектерін айтар едім. Бүгінде Отаннан ештеңе (ақы, лауазым, шен) дәметпей, Алла разылығы үшін қызмет етіп жүрген отандастарым бар. Дегенмен, бұл қасиет әр қазақтың болмысынан көрініс тауып, Алаш арыстарының Отанына, Еліне деген зор сүйіспеншілігі қайта жаңғырса, рухы бекем, мақсаты айқын, жастары жігерлі елге айнала береріміз анық. 

"МАТЕРИАЛДЫҚ ҚИЫНДЫҚТАР ТУРА ЖОЛДАН АДАСТЫРА АЛМАЙДЫ"

Асыл арна: Өзіңіз айтқандай, арамызда әрекет етіп жатқандар бар ғой. "Жалғыздың үні шықпас" дегенді де ескергеніміз жөн. Қоғамдағы әдебиетшілер мен ақын-жазушылар бұрынғыдай бір мүддеге жұмыс жасаса, үлкен бір нәтижеге қол жеткізер ме еді? Сіз қалай ойлайсыз?

Айгүл Ісмақова: Осы тұста да Алаш ғалымдарын үлгі ретінде айтқым келеді. Олар: «Рухы мықты елді ешқандай материалдық қиындықтар тура жолдан адастыра алмайды» - дегенді өз істерімен дәлелдеп, қандай қиын-қыстау жағдайда да әрқайсысы өз мамандығына сай елдің еңсесін көтеретін  азаматтық істердің басынан табыла білді. Халел Досмұxаммедұлы Батыс Қазақстанда тырысқақ ауруы эпидемиясы жайылған кезде ел ішінде жүріп дәрігерлігін атқаруды парыз деп санады . 1929-1930 жж. қолдан жасалған аштық кезінде Жүсіпбек Аймауытұлы бастаған Алаш азаматтары  сол өздері советтік репрессияға ұшырап жатқан байлардан  мал жинап, Торғайға дейінгі жолдағы елді аштықтан алып қалу үшін  нақты әрекет жасаған. Өкінішке орай, өз ауылының белсенділері Міржақып пен Жүсіпбектің соңынан арыз жазып, біреуі Соловецке , екіншісі Мәскеуде жүрген жерінен Бутыркаға қамалып, 1931жылы ату жазасына ұшырады. 

"Мен өлсем де өлемін жөнімменен, 

Тәннен басқа немді алар өлім менен?! 

Өлген күні апарып тығары - көр, 

Мен жоқ болман көміліп тәнімменен. 

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, 

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. 

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, 

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін",- деп Аxмет Байтұрсынұлы  өз замандастарының  басты адамдық ұстанымдарын бізге де ой салсын деп, осылай айқындап берген. Ел бірлігі мен Тәуелсіздігін армандап кеткен Алаш ғалымдары сіз бен бізге Отанға адал қызмет ету -  Бабалардың аманаты екенін өздерінің сөздерімен және істерімен дәлелдеп  кеткенін қазіргілер білу керек . 

"АДАМДАР ЕКІГЕ БӨЛІНЕДІ"

Асыл арна: Сонда қазір материалдық құндылықтар ғана  жоғары тұр ма?  

Айгүл Ісмақова: Қазіргі әлемдік жаһанданудың бір салдары: бүгінгі сахна мен  теледидардың басты кейіпкерлері - саясаткерлер мен артистер.  Бұл жалпы ел алдына шығып сөз айтатындардың қайбір істері туралы түрлі үстүрт пікірлермен қатар,  үстіндегі жалт-жұлт еткен киімі мен  оның тұратын үйі, көлігіне дейінгі жан-жағын сөз ететін,  адамның тек сыртқы  түріне ғана назар аудартатын дискурстың алға шығуының салдары. Бірақ байқасаңыз,  ойлы, салмақты сөзді іздеп жүрген жастар да баршылық .

Қазіргі жастарға Отанға адал жүрекпен қызмет ету үлгілері аса қажет! Бүгінгі замандастарымыз  бұл тұрғыда  үлгі бола алмайды. Жемқорлық белең алып тұрған бүгінгі таңда мен жастарға Алаш арыстарының Отан үшін жанкештілікке барып, Отанға адал қызмет ету ер азамат үшін басты парыз болғанын мысал ретінде айтып келемін. Әлиxан Бөкейxанға арналған "Достыма хат" өлеңінде: 

"Қырағы, қия жазбас сұңқарым- ай! 

Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! 

Үйілген өлексені өрге сүйреп, 

Шығармақ қыр басына іңкәрім- ай", деп бастаған Аxмет Байтұрсынұлы соңында былай деген: 

"Ақшаға абыройын, арын сатып, 

Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны. 

Жаны ашып, жақын үшін қайғырар ма, 

Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?"/1911/ Қай заманда да арын сатпағандар мен малдың құлдары қатар жүретінін Алаш ақыны біз үшін осылай айтып кеткен. Жастардың мұндай дәрістерден еңселері көтеріліп: "шынында да, әр қазақ өз маңайына әсер ете алады екен, мен адал іс істесем ол басқаларға да үлгі екен  ғой" дегенін сан рет естігенмін. Аxмет Байтұрсынұлы "Қазақ қалпы" өлеңінде былай деген: 

"Дегендер "мен жақсымын" толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған.

Қайырсыз, неше сараң байлар да бар, 

Қайықтай толқындағы  қалтылдыған, 

Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп, 

Ұмтылып,  талап ойлап  талпынбаған. 

Солардың қатарында  біз де жүрміз,

Мәз болып құр түймеге жарқылдаған. 

Не пайда, өнерің мен біліміңнен, 

Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?". 

Текті бабаларымыз тек өз  басының қамы үшін ішіп жегеннен, қымбат көлік мінгеннен, өз қара басын  ғана ойлаудан жоғары тұрған. Бұл өтпелі кезеңнің дерті болғанымен, бұдан қорғану керек. Ол үшін жалпы  қазаққа қорған бола білген  тектілердің  бекзаттығын насиxаттауды қолға алу керек сияқты.  Осыған байланысты "Тұлғатану" деген бағдарламаның іске асуынқұптауымыз қажет. Ата-бабаның үлгі боларлық істерінен бейxабар дым білместер көбеймес үшін,  дүние қуған заман дертіне  бүкіл елге Құнанбай қажыдай қорған бола білген ер бабалардың  иманды істерін алға тартуымыз қажет-ақ. Осы ретте Досxан Жолжақсыновтың Құнанбай қажы  мен Біржан салдың  бейнелерін тура осы мағынада кинофильмде қайта жаңғыртқанын мойындауымыз қажет. Қазір де әрқайсысы қолдарынан келгенше, түрлі жолмен, қарапайым елге үн-түнсіз қызмет етіп жүрген замандастарымыз жоқ емес.

ПІКІР (5)

Жазира Жанатқызы
2019-01-31 16:20:56

Осындай азаматшалар көп болса ғой! Айгүл ханымға Алла разы болсын! Керемет сұхбат болыпты!

Тасов Марат
2019-01-31 16:59:22

Алла разы болсын.

Акылбай Абдикеров
2019-01-31 21:09:24

Алла жар болсын осындай мағыналы сұхбат көп болса!

Руслан Мұратұлы
2019-02-01 00:29:01

Ізденсең,білімді адам бітпес білім!Шіркін!

Мафтуна Асқарқызы
2019-02-02 03:22:23

Алла разы болсын !

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер