Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

ӘЙЕЛ АДАМ ЕР АДАМНАН АҚЫЛДЫ МА?!

Мақалалар

 

 

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дүниедегі өткінші нәрселердің ең қайырлысы – салиқалы әйел» (Муслим) және «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың» деген хадистері әйелдің еркек өміріндегі қадірін толық түсіндіріп бере алады. Алла Тағала әйел қауымының бойына барлық ізгі қасиеттерді сыйдырғанымен, әйел адам еркектен ақылды ма? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.

 

Бес саусақты теңестірсек, мүгедек болып қаламыз!

 

Өз қолыңызға қараңызшы, кез келген адамның қолындағы саусақтары бірдей емес, біреуі ұзын, біреуі қысқа. Егер біз саусақтарымызды бірдей етіп теңестіреміз деп кесіп тастасақ, онда мүгедек болып қаламыз. Сол сияқты Алла Тағала еркек пен әйелді екі түрлі етіп жаратқан және дәрежелерін де әртүрлі еткен. Ендеше Алланың жаратылысына қарсы шығып, қолдан теңестіру арқылы біз әйел мен еркекті теңестіре алмаймыз. Бұны өмір анық көрсетіп отыр. Әйелдерде эмоция басым, еркектерде керісінше интелекуалдық қуат күшті. Әйелдер кез келген істі сезімге сүйеніп жасаса, ер адамдар ақылмен жасауға талпынады. Еркектердің тағы бір ерекшелігі – бір шаруаны жасағанда сол шаруаға ол толайым беріліп кетеді. Ал әйелдерде қандай шаруа жасаса да, табиғи ахуал саналатын эмоция ажырамайды. Сондықтан әйелдер кез-келген істе сезімге бой алдырып, тіпті өзіне залал келтіретін шаруаларды да жасап жатады. Әйел мен еркектің осындай физиологиялық және психикалық ерекшеліктеріне орай Алла олардың өмірдегі орындарын да соған сәйкестендіріп белгілеген, оларды бір-бірін толықтыру үшін жаратқан. Ақылмен іс жасауға қабілетті еркектер отбасында да, қоғамда да басшылық рөлді атқарса, әйел олардың қорғауында болып, дүниеге бала әкеліп, үй шаруасын жасап, үй ішінің ұйтқысы болуға бейім келеді. Сонда әйелдің ақылы қайда жасырынған? Оның сыры мынада...

 

Ол биік болу үшін ғана төмендейді!

 

Шаңырағының биік, босағысының берік болып, отбасында махаббат пен береке орнағанын қалайтын ақылды әйел өзінің ерінен төмендігін сезініп, айтқанына көніп, бұйырғанын қалтқысыз орындай білуі қажет. Күйеуіне бағынған әйелдің отбасында қашан да береке-бірлік, тыныштық болып, жұбайлардың арасындағы сезім мен сенім, сыйластықтың арта түсері хақ. Егер әйел ер азаматының хандай болғанын қаласа, өзі де оған хандай қарап, сыйлай білгені жөн. Ал еріне құлша қарап, алақанында ұстағысы келсе, алтын басты ер адамын қорлағанмен тең болар еді. Еріне бойұсынған әйел үнемі одан бір саты төмен тұруды өзіне бақыт санайды. Әйел адамның басты асыраушы, жалпы үйдегі басты адам қашанда ер адам болғаны абзал. Әйел адамның ерінен бір саты төмен тұру керегінің мәні осында. Бұл отбасындағы барлық мәселенің шешімі әрі ер мен әйел арасындағы байланысты бұзбай ұстап тұратын фактор. Әйел биік болу үшін ғана төмендейді. Ол ақылды әйелге айналған сайын Алланың алдында және ерінің алдында дәрежесі биіктей береді.Ғалымдар әйел үшін Алла мен Оның Елшісінің бұйрығына бағынғаннан кейін күйеуінің алдындағы хақыларын орындағаннан маңызды нәрсе жоқ деген.  Әйелдің ерін биіктеткені – жеңілгені емес, керісінше, сол арқылы биіктегені. Бұл биіктік оны әйел бақытына кенелтеді. Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) әйелдерге қарап тұрып: «О, әйелдер, сендер өз құқықтарыңды білсеңдер, өздерің шаңға батып жатып, әуелі күйеулеріңнің бетіндегі шаңды сүртер едіңдер» деген екен (Әбу Шейх жеткізген).

 

Ақылды әйел – Алланың керемет сыйы!

 

Ақылды әйел ашумен айқайға баспайды. Айқай шыққан жерден ақыл қашатыны белгілі. Адасқандарды ақылмен түсіндіріп, тізе қосып, тірлікті бірге атқарады. Келеңсіздік кездессе, көңілін түсірмейді. Қиянат көріп құлағанда, қайта тұрып кететін қасиетке ие болған әйел – бақытты. Жаратылысы шапағатқа толы нәзік жандылар мейіріммен ойлайды, мейіріммен сөйлеп, мейіріммен өмір бойы айналасына шапағатын сыйлайды. Жан жүрегінің жылуы жүзінен, жүрегінен төгіліп тұрады. Және мұндай ақылды әйел әр ұлтқа, әр отбасына, әрбір ер адамға берілген Алланың керемет сыйы!

 

Есті әйел ескі құдықты ерімен бірге тазалайды!

 

Отбасындағы негативтен арылу – ескі құдықты тазартқанмен бірдей. Ол қалай дейсіз бе?! Әйел адам ішіндегі жағымсыз энергияның барлығын шелектеп шығарады. Ал еркек оны ешкімге көрсетпестен шетке апарып төгеді. Жағымсыз болса да, әйел адам ішінде сақтап жүрген жағымсыз энергияның барлығын сыртқа шығарады. Ер адамның махаббаты осы кезде қалай көмек көрсететінімен байланысты. Күйеуінің осындай жағымсыз қылықтарын көтере алатынын көрген кезде әйел адам оны ерекше құрметтей бастайды. Еркек әйел адамның табиғатын түсініп, оны сол күйінде қабылдайды. Кек сақтамастан махаббатпен қайта оралады. Осылайша «құдықтағы су» тазарып отырады.

 

Ол – жүрек болғанда, еркек – ақыл!

 

Иә, әйел болмысы басшылық не қаттылыққа емес, керісінше, мейірімділік пен ұяттылыққа, инабаттылық пен ізеттілікке бейім. Ал, еркектердің болмысы дөрекілік пен қатігездікке емес, жауапкершілікке,  отбасына қамқоршы, қорған болуға бейім. «Еркектер әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла бірінен бірін артық қылды...» («Ниса» сүресі, 34-аят). Ендеше Алла тағайындаған басшының хақысы қашанда жоғары. Және ғұламалар әйел ерінің хақысын өзінің хақысынан жоғары қоймаса бақытты бола алмайды деген. Әйел бір нәрсеге мұқтаж болса, күйеуі де бір нәрсеге мұқтаж болса, әйел бірінші күйеуінің мұқтаждығын өтеуі қажет екен. Еркек отағасы екенмін деп дөрекілікке, мен айттым болдыға салынбай, бар мәселені өзара түсіністікпен, үнемі ақылдасумен шешкені жөн. Әйелдер де еріне бағынуы тиіс.Әйел адам көп жағдайда жүрегін тыңдайды. Ал ер адам ақылына жүгінеді. Олар осылай жаралған. Отбасылық өмірде де дәл солай. Еркек маңызды шешім қабылдаған кезде тек ақылына жүгінеді. Ал әйел адам ақылды болса да, жүрек қалауын ескереді. Сондықтан үйдің басшысы әрі ақылшысы – қашан да ер адам. Алайда ақылсыз жүректің соқыр, ал жүрексіз ақылдың қатыгез болатынын ұмытпайық. 

 

ПІКІР (2)

Зульфия

оте жаксы маган унайды

Жансая

Иа тамаша жазылган. Мен озимнин акылымды тындап журминбе десем, журегимди тындап жур екенмингой

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер