Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

АЛЛАҒА ҒАНА МӘЛІМ 5 НӘРСЕ

Мақалалар

 

Шексіз Білім Иесіне ғана аян көп нәрсе бар, бірақ олардың арасынан аяттағы 5 нәрсе ерешеленеді:

1.      Қияметтің (ақырзаманның) қашан болатыны туралы мәліметті Алладан басқа ешкім білмейді;

2.      Аспаннан қанша тамшы жаңбыр жауғанын, болашақта қашан және қанша жауатынын тек Ол ғана біледі;

 3.     Жүкті әйелдің жатырында не болып жатқанын Жаратушы ғана біледі;

4.      Әр адамды ертең не күтіп тұрғанын және болашағы қалай боларын Алладан өзге ешкім білмейді;

5.      Адам өмірінің қай жерде, қашан және қалай тоқтайтынын да Алла ғана біледі.

 

Бұл туралы Алла Құранда:

 «Ақиқатында Қиямет күнінің білімі – Аллада. Ол жаңбыр жаудырады және жатырдағыларды біледі. Ешбір жан ертең не табатынын білмейді әрі ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Ақиқатында, Алла – бәрін Білуші (Алим), бәрінен Хабардар (Хабир)», - деген. («Лұқман» сүресі, 34-аят)

Алла – шексіз құдірет иесі, Білуші, Жаратушы. Ол бәрін біледі және Ол білмейтін нәрсе жоқ. Адамның басынан не өткенін және болашақта не боларын тек Ол ғана біледі. Әрбір адамның дәл қазіргі жағдайы қандай екенін, жан дүниесінде не жасырынып жатқанын тек Ол ғана білуші.  Шексіз білім иесі болған Алланың білімінің жанында адамның білімі теңіздің тамшысына да татымайды. Тіпті, адамзаттың абзалы болған, ең ұлы адам Алла Елшісі туралы да Құранда: «Алла қаламайынша, мен өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер де ғайыпты білетін болғанымда, әрине жақсылықты көбейтіп алар едім және маған ешбір жамандық тимес еді. Мен бар болғаны иманға келген адамдар үшін ескертуші және қуанышты хабар жеткізушімін», - делінген. («Аъраф» сүресі, 188-аят) Демек, білгеніміз бір тоғыз болса, білмейтініміз тоқсан тоғыз екені анық.

Тек Алланың ғана шексіз Білім Иесі екендігі Құранда жиі ескертіледі:

1.     «...Алла олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі…» («Бақара» сүресі, 255-аят)

2.     «...Ол аспандар мен жердегі барлық нәрсені біледі әрі Алла сендердің жасырғандарың мен жариялағандарыңды да біледі. Алла жүректердегіні жақсы Білуші» («Тағабун» сүресі, 4-аят)

3.     «...Алла іштеріңдегіні де біледі» («Бақара» сүресі, 235-аят)

4.     «Ғайыптың кілттері - Аллада. Оны тек Ол ғана біледі, басқа ешкім білмейді. Ол құрлықтағыны да, теңіздегіні де біледі. Бір жапырақ түссе де, Алла оны біледі (яғни, әр жапырақтың қашан және қай жерге түсерін Алла біледі» («Әнъам» сүресі, 59-аят)

5.     «Ақиқатында Біз үстеріңнен жеті қабат аспанды жараттық. Біз жаратылғандардан қапы қалушы (хабарсыз) емеспіз» («Муминун» сүресі, 17-аят)

6.     «...Сондай-ақ сенің Раббың ұмытшақ емес (сені әсте ұмытқан емес)» («Мәриям» сүресі, 64-аят)

7.     «Ақиқатында, сендердің Құдайларың – Алла. Одан басқа ешбір Құдай жоқ. Оның білімі барлық нәрсені қамтиды» («Та Һа» сүресі, 98-аят)

8.     «... Ол – құпияны да, айқын нәрсені де Білуші» («Хашр» сүресі, 22-аят)

 

 

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер