Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

Аллаға шүкір етуші ел ғана босағасы берік, тәуелсіздігі баянды болады!

Мәдениет

Имам Бухаридің жинағында Ибрахим пайғамбар мен Баласы Исмаилдің арасындағы мына бір ғажайып оқиға баяндалады. Хадисті Абдулла Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) риуаят етеді: «.....Сөйтіп олар (Ибрахим пайғамбардың әйелі Ажар анамыз бен баласы Исмаил зәм-зәмнің түбінде) аялдады және отбасыларына (адам) жіберіп, (олар да) бұлармен бірге (Зәмзәмның маңына) қоныс тебе келе (журһум тайпасының) бірнеше отбасы (Ажармен көрші) болды. Бала (Исмаил) есейіп, олардан араб тілін үйренді. Ержеткен (Исмаил) оларға ұнап, көңілдерінен шықты. (Үйлену жасына) жеткен соң, оны өздерінің (руынан) бір қызға үйлендірді. (Сол аралықта) Исмаилдың анасы дүниеден өтті. Исмаил үйленген соң, (осы жерде) қалдырған (отбасымен жолығысуға) Ибраһим келді. (Бірақ) Исмаилды таппады. Әйелінен сұраса: «Бізге (нәпақа) іздеп шығып кеткен[1]»,—дейді. Сосын (Ибраһим) одан күнкөрістері мен жағдайлары жайлы сұрайды. (Келіні) оған: «Біздің (жағдайымыз) нашар, таршылықта, қиындықта (өмір сүріп жатырмыз)»,—деп шағымданады. (Ибраһим оған): «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолдап, оған айт: есігінің табалдырығын өзгертсін»,—дейді. (Үйіне келген) Исмаил бірдеңені сезгендей: «Сендерге біреу келді ме?»—деп (сұрайды). (Әйелі): «Иә, бір мынадай-мынадай (сипаттағы) қария келді. Сені сұрады, оған (қайда кеткеніңді) айттым және күнкөрісімізді сұрады. Мен ауыртпалықта, қиындықта екенімізді айттым»,—дейді. «Саған бір нәрсені тапсырды ма?»—дейді (Исмаил). (Әйелі): «Иә, саған сәлем жолдауымды тапсырды және (саған): «Есігіңнің табалдырығын өзгертсін»,—деді»,—дейді. (Сонда Исмаил әйеліне): «Ол менің әкем. Маған сенімен ажырасуды бұйырыпты. Сен төркініңе қайт»,—дейді. Сөйтіп ол онымен ажырасып, олардың басқа бір (әйеліне) үйленеді. Ибраһим олардан Аллаһ қалағанша (жырақта) болып, сосын қайта келеді. (Тағы да Исмаилды үйінен) таппай, әйеліне кіріп ол жайлы сұрайды. (Келіні): «Бізге (нәпақа) іздеп шығып кеткен»,—дейді. (Ибраһим): «Сендер қалайсыңдар?»—деп, одан күнкөрістері мен жағдайлары жайлы сұрайды. (Келіні): «Біздің (жағдайымыз) жақсы, молшылықтамыз»,—деп, Аллаһты мадақтайды. «Тағамдарың не?»—деп (сұрайды Ибраһим). (Келіні): «Ет»,—дейді. «Сусындарың не?»—деп (сұрайды). «Су»,—дейді (келіні). (Ибраһим): «Уа, Аллаһ! Оларға ет пен суда береке бер»,—деп (дұға қылады)».

 «(Сосын Ибраһим келініне): «Егер күйеуің келсе, оған сәлем жолда және есігінің табалдырығын бекітуді тапсыр»,—дейді. Исмаил келген соң: «Сендерге біреу келді ме?»—деп (сұрайды). (Әйелі Ибраһимды) мақтап: «Иә, бір келбетті қария келді. Сені сұрады, (қайда кеткеніңді) айттым және күнкөрісіміз жайлы сұрады. «Біздің (жағдайымыз) жақсы» деп айттым»,—дейді. «Саған бір нәрсе тапсырды ма?»—дейді (Исмаил). (Әйелі): «Иә, ол саған сәлем жолдады және есігіңнің табалдырығын бекітуіңді бұйырды»,—дейді. (Исмаил оған): «Ол менің әкем. «Табалдырық» (дегені) сенсің, ол маған сені өзімде ұстауымды бұйырыпты»,—дейді....

Яғни Алланың ең сүікті пайғамбары әрі әр ісін тек Алланың әмірімен уахи арқылы жасайтын  Ибрахим әләйһиссаләм алғашқы келінінің  қанағатсыз, шүкірсіз екенін байқап олардың отбасының баянды бола алмайтынын аңғарып, баласына ажырасуды бұйырды.  Сондықтан шүкірлігі жоқ отбасы салихалы жанұяға айнала алмайтындықтан  отбасылардың  жиынтығынан құралған мемлекет те  егер қанағат пен  шүкірлігі болмаса ел бола алмайтыны анық!!!

 



[1] Яғни, ол аң аулауға кеткен болатын.

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер