Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы
Мақалалар

2-БӨЛІМ: ОМАР ИБН ӘЛ-ХАТТАБТЫҢ (р.а) ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАУЫ

 

Омардың (р.а) жүрегіндегі мұз Ислам қабылдаған өз жерлестері амалсыздан туған өлкелерін тастап, алыс, бөтен жерлерге кетіп жатқанын көрген кезде ери бастады. Тайпаластарына көрсеткен қорлығы, зорлық-зомбылығы үшін ұялды, оларға деген аяушылық сезімі оянды. Умму Абдулла бинт Әбу Хантәмә (р.а) баяндайды: «Алламен ент етейін, біз Эфиопияға кетуге жиналып жатқанбыз. Әмр ұсақ-түйек заттарды әкелуге кеткен. Омар ибн әл-Хаттаб  келіп, алдыма тұра қалды. Сөйтті де: «Кетіп барасыңдар ма, Умму Абдулла?» деп сұрады. Мен: «Иә, Алланың атымен ант етейін, біз Алланың жеріне қоныс аударамыз. Сендер бізді ренжіттіңдер, қинадыңдар, сондықтан, Алла біздің жағдайымызды жеңілдеткенше кетуге бел байладық» дедім. Ол: «Алла сендерге жәрдем берсін!» деді. Мен оның бойынан бұрын соңды байқамаған жұмсақтықты байқадым. Ол кетіп қалды. Біздің кетіп жатқанымызға жабырқаулы секілді көрінді. Әмр (р.а) кеткен нәрсесін алып келді. Мен оған: «Уа, Әбу Абдулла! Егер сен жаңа ғана келген Омардың бізге деген аяушылығы мен жабырқаулығын көрсең ғой» дедім. Ол: «Сен оның Ислам қабылдауынан үміт етесің бе?» деді. Мен: «Иә» деп едім, ол: «Сен көрген адам (яғни Омар) есегі Ислам қабылдағаннан кейін ғана қабылдайды!» деп жауап берді». Бұл кезде Омарды (р.а) жаңа дін өкілдерінің өздеріне қаншама қысым көрсетілсе де, табандылық көрсетіп, дегендерінен қайтпайтындығы және сол үшін бақытты екендіктері қатты ойландырып жүрген. Оның қабағын мұң шалды. Осыдан көп уақыт өтпей-ақ, пайғамбарлықтың алтыншы жылы Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) Ислам дінін қабылдады. Бұған ең үлкен себеп болған нәрсе – Алла Елшісінің : «Уа, Алла! Мына екі кісінің Өзіңе сүйікті болғанымен Исламды күшейт! Әбу Жәһлмен немесе Омар ибн әл-Хаттабпен» деп дұға жасауы еді. Алла Тағала Омардың жүрегін ақиқат нұрына бөлеуді қалады... Бұл оқиға төмендегіше орын алып еді:

Мекке мүшріктері жиналып, Мұхаммед Пайғамбарды өлтіруге шешім қабылдаған болатын. Бұл міндетті Омар өз мойнына алды. Омар шайтан шапқа түртіп, Алла Елшісін  өлтіруге қылышын қамдап, белін бекем буып келе жатқанда жолай жақында ғана мұсылман болған Нұғаймды (р.а)  жолықтырады. Омардың түнеріп, түтіккен түрінен бір бәлені сезіп сескенген ол:

- Қайда бара жатырсың, әй, Омар?– деп сұрайды.

- Өзінің жаңа дінімен құрайыштардың ішіне іріткі салып жүрген Мұхаммедтің көзін жоюға бара жатырмын, – деп жауап қатады Омар.

Жанарынан от шашырап, ашу-ызаға мініп алған Омардың ниетінің жамандығын байқаған Нұғайм (р.а) Пайғамбарымыздың өлтірілуінен қорқып, Омардың бағытын басқа жаққа қарай бұру үшін:

– Алламен ант етейін, әй, Омар! Жаның сені адастырды. Мұхаммедті өлтіргеннен кейін Әбд-Манаф тайпасы сені тірі қалдырар деймісің? Алдымен үйіңе барып өз отбасындағыларды жолға салып алсайшы. Әлде қарындасың мен күйеу балаңның да Оның дініне кіргендігінен хабарың жоқ па? – деді.

Омар өз құлағына өзі сенбей бір сәт есеңгіреп тұрып қалды да, дереу ат басын қарындасының үйіне қарай бұрды. Үйге жақындаған кезде іш жақтан Құран оқыған дауыс естілді. Омар кеуделей ішке кіріп келгенде, әпкесі Фатима мен күйеу баласы Құран аяттары жазылған қағазды дереу тыға қояды. Омар:

– Мен не естідім? Не күбірлеп жатырсыңдар, – деді ыза кернеген даусымен айналасына қаһарын шашып.

– Біз жай ғана өзара сөйлесіп отырдық, – деп жауап берді қарындасы мен күйеу баласы.

Бұл жауапқа одан бетер ызаланған Омар:

– Мүмкін сендер діндеріңнен бас тартқан шығарсыңдар,– деп еді, күйеу баласы:

       Уа, Омар, ақиқат сенің дініңде болмаса ше? - деп сөз қайтарды. Омар оны жерге сұлатып салады. Күйеуіне болысқан қарындасын да қалпақтай ұшырып түсірді. Бетінен қан аққан қарындасы:

– Ей, Алланың дұшпаны! Сен мені Жалғыз Аллаға иман келтіргенім үшін ұрасың ба? - деп, ашу-ызадан қыстыға булыққан қарындасы еріндері дірілдеп еңірей жылап жіберді. Омардың «иә» деген жауабын естіп, тағы да: «Қалағаныңды жаса! Мен Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің Оның Елшісі екендігіне куәлік беремін!» деп баса айтты.

 Қарындасының бетінің қанағанын байқап, жылаған даусын естіген Омар (р.а) мейірімі оянып, жыли бастады. Сосын жұмсақ дауыспен:

– Әлгі, оқып отырған қағаздарыңды оқып көрейін. Сенің айтқандарың жүрегіме жетті. Сол қағазды маған бер, аман-сау қайтаруға уәде беремін,– деді.

Қарындасы Фатима қолындағыға тек тазарғандардың жақындай алатынын ескертіп, алдымен тазалануын талап етті. Бой дәретін алып тазаланған Омарға қарындасы “Та һа” сүресі жазылған қағазды ұстатты. Өлеңге жаны құмар, сұлу сөздің қадірін білетін Омардың аяттарға көз жүгірте бастады.  Оқыған сайын көңілі толқи түсті. Алғашқы аяттағы «Аса Қамор, ерекше Мейірімді» сөзінің өзі оның жанарынан жас шығарды. Құраннан құйылған тылсым нұр оның жүрегін жаулап алды:

1.     «Та, Һа.

2.     Біз саған Құранды ауыртпашылық салу (бақытсыз болуың) үшін түсірген жоқпыз,

3.     Тек (Алладан) қорқатындар үшін еске салу (ескерту, насихат) етіп,

4.     Жерді және биік аспандарды Жаратқанның түсіргені.

5.     Әр-Рахман (аса Қайырымды) Аршыға истиуа етті. Аспандардағы және жердегілер әрі ол екеуінің арасындағылар және жердің арасындағылардың барлығы – Оныкі.

6.     Егер сен қатты сөйлесең де, анығында, Ол жасырын нәрсені әрі одан да арғы құпияны біледі.

7.     Алла – Одан басқа ешбір Құдай жоқ. Ең көркем есімдер – Оныкі...» («Та һа» сүресі, 1-7-аяттар).

 Оқып болғаннан кейін:

«Адамдар бұл сөздерді айтушыдан басқа ешкімге құлшылық етпеуі керек! Мені Мұхаммедке алып барыңдар!» деді. Оның шын ниетіне көзі жеткен үшеу Сафаның төменгі жағындағы Арқамның үйіне жол нұсқады. Омар (р.а)   Алла Елшісіне келіп Ислам дінін қабылдайтындығын мәлімдеді. Мұны естіген Алла Елшісі   тәкбір айтып қуанды, сахабалар да қуаныштарын жасырмады.

Міне, осылайша мұсылман болған Омар (р.а) бойындағы батырлығы мен қаһармандығын бұдан бұлай Ислам жолында, Алланың дінін өркендету жолында жұмсады.

Абдулла ибн Масғұд (р.а) былай дейді: «Хазіреті Омардың Ислам дінін қабылдауы – күш-қуат, Мәдинаға қоныс аударуы – көмек, ал әмірші болып сайлануы – мұсылмандар үшін Алланың бір сыйы мен рақымы болды. Омар мұсылман болғанға дейін біз Қағбаға барып намаз оқи алмайтын едік. Ол мұсылман болғаннан кейін Қағбада алаңсыз намаз оқуға қол жеткіздік».

Сескену, қаймығу дегенді жат санайтын Омар (р.а)  мұсылман болған сәттен-ақ Пайғамбарымыздан :

– Уа, Алла Елшісі, өлсек те, тірі жүрсек де біз тура жолда емеспіз бе? – деп сұрады.

– Аллаға ант етемін! Әрине, өлсеңдер де, тірі жүрсеңдер де тура жолдағылар сендерсіңдер.

– Олай болса, неге жасырынамыз? Құлшылығымызды Қағбаға барып жасайық, – деді Омар (р.а.). Пайғамбарымыз бұдан әрі бәрін жариялаудың уақыты келгендігін түсінді. Себебі, Исламға үндеп шақыру алғашқы кезде бағып-қағуға мұқтаж сәби секілді еді. Енді осы сәби өсіп өз аяғымен жүре алатын шамаға келген. Сондықтан да Пайғамбарымыз  Исламды уағыздау мен ғибадаттың ашық түрде жасалынатынын жариялады. Екі қатарға сап түзеген сахабаларымен бірге Қағбаға қарай бет алды.

 Осылайша мұсылмандар Қағбада алғаш рет ашық түрде намаз оқыды.

Уақыт өте келе мүшріктердің мұсылмандарға көрсеткен жәбірлері арта түсті. Кейінірек Ислам діні Медине қаласына кең жайылып, қала тұрғындарының көбі Исламды қабылдаған кезде Пайғамбарымыз Мекке мұсылмандарына Мединеге көшуді бұйырды. Омардан (р.а.) басқа мұсылмандардың барлығы жасырын түрде көшті. Бұл туралы хазіреті Әли (р.а) былай дейді:

«Омардан басқа барлық мұсылмандар  жасырын түрде көшті. Ал Омар көшуге шешім қабылдаған кезде, қару-жарағын асынып, алдымен Қағбаға барды. Қағбаның жанында бір топ мүшрікке кезікті. Ол кідірместен Қағбаны жеті мәрте тауап жасап, Ибраһим мақамында намаз оқыды. Сосын құрайыштарға қарап:

– Егер кімде-кім артынан анасы жылап, баласы жетім, әйелі жесір қалсын десе менің артымнан ерсін, – деді. Ешкімнің оған қарсы шығуға батылы жетпеді. Сондықтан қоныс аудару кезінде оны мұсылмандар ғана шығарып салды».

Омар (р.а) Мединеде Алла Елшісінің ең жақын сахабаларының бірі әрі кеңесшісі болды. Пайғамбар оны әр түрлі уақытта Ууайм ибн Саъидпен, Итбан ибн Мәликпен, Муазз ибн Афрамен бауырластырды (р.а).

 

 

ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер