Басты бет Бағдарламалар Роликтер Жаңалықтар Мақалалар Галерея Телехикаялар Біз туралы

2018 ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК ПОСТТАРЫ

Иман


ЕНЕЛЕРІН ЖАМАНДАЙТЫН КЕЛІНДЕРГЕ АЙТАРЫМ...


Ертеректе келін от жаққан. Мұның өзінде үлкен мән бар. Неге отты келінге тапсырды? Ол жай ғана қарапайым жұмыс емес. «От бар жерде – өмір бар» дейді.
Енелерін жамандайтын келіндерге айтарым: «Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам» Сен енеңді сол үшін сыйлауың керек. (Зейнеп Ахметова)


ЖӘННАТТЫҚ ӘЙЕЛДІҢ БІР СИПАТЫ 

Бірде бір әйел Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Менің бір ауруым бар еді, мен кейде есімнен танып құлап қаламын. Сол кезде киімдерім ашылып қалады да, денем көрініп қалады. Иә, Алла Елшісі, мені бұл аурудан айықтырсын деп Аллаға дұға жасашы,», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Егер бұл ауруға сабыр етсең, ол үшін саған Жәннат беріледі, ал егер қаласаң Алладан сені сауықтырсын деп дұға жасайын», - дейді. Ол: «Онда мен сабыр сақтаймын», - дейді де: «Онда мен (құлаған кезде) ашылып қалмау үшін дұға жасашы», - деп өтінеді. Пайғамбарымыз (ﷺ) Аллаға дұға жасайды» (Бухари, Муслим)

Бұл хадистен үш түрлі ғибрат алуға болады:


1. Бұл дүниедегі кейбір сынақтарға, уақытша қиыншылықтарға сабыр сақтау адамды Жәннатқа жетелейді.


2. Ауру адам түрлі ем-дом шараларын қолданып, дәрі-дәрмек ішуі және сонымен бірге Аллаға дұға қылып, шипа сұрауы қажет.


3. Әйел адамның әурет жерлерінің ашылып қалуынан сақтануы және Жәннатқа кіруден үміттеніп ауруға сабыр сақтауды таңдап алуы – оның иманының кемелдігін көрсетеді!


АДАМДАРДЫ УАЙЫМНАН ҚҰТҚАРЫП, КЕШКЕ ДЕЙІН ҚОРҒАП ЖҮРЕТІН ӘРІ ШАЙТАНДЫ ШАРАСЫЗ КҮЙГЕ ТҮСІРЕТІН ДҰҒА

Әнастан (оған Алла разы болсын) Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім үйден шығарда: «Алланың атымен Аллаға тәуекел еттім. Алланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ» (БисмиЛләһ, тауаккальту ‘әлә-Ллаһ, ла хаулә уә лә къуууата иллә биЛләх) десе оған: «Сен тура жолдасың , құтылдың әрі қорғаулысың» деп айтылады. Сол кезде шайтан ол адамнан қашады да, басқа шайтанға барып: «Сен тура жолдағы, құтылған әрі қорғалған адамға не істей аласың?» деп айтады» деген. Осы xадистегі "құтылды" деген сөз туралы ғалымдар: «Ол адам бұл дүниеде де, Ақыретте де уайым салатын нәрсенің барлығынан құтылады», - деген. (Әбу Дәуд)

«КЕШІРІҢІЗШІ, ӘКЕ! МЕНІҢ ДЕ ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАҒЫМ КЕЛДІ!..» (болған оқиғаның желісімен)


Оның әкесі ол құрсақта жатқан кезінде-ақ қайтыс болып кеткен еді. Содан бері оның арқа сүйер әкесі де, қамқор болар анасы да, бірге ойнайтын аға-бауырлары да - осы анасы. Әйел жалғыз ұлын көштен қалдырмау үшін барын салды. Қолынан жетектеп мектепке апарды, өзі сұрап жүріп түрлі сайыстарға қатыстырды. Баласы не қаласа, соны әперуге тырысты. Оқуға түскенде де, ала сөмкесін арқалап, қалаға артынан бірге келді. Енді, міне, баласы оқу бітіріп, жұмысқа тұрып, өз қолы өз аузына жете бергенде аяқ астынан қатты ауырып, ол да бақилық болды.

Қайсар өте естияр еді. Мектепте де естігенін қағып алатын алғыр болды. Сыныптастары оны сол бірбеткей, тапқырлығы үшін жақсы көретін. Кейін студент атанды. Бұл кезде де қарап жүрген жоқ, ғылыми жобалар жазды, түрлі жарыстарға қатысты. «Қайтсем де, адам болып, анамды асыраймын, оның маған жасаған жақсылығын екі еселеп қайтарамын» деп ойлайтын еді. «Жұмысқа тұрып, анамды қуантсам, анам менің үйленгенімді көрсе, оған демалып жататын жұмсақ диван алып берсем...» дейтін. Алайда, анасы оған дейін күте алмады. Баласына айтпай, жасырып жүрген ауруы меңдеп, бас-аяғы бір аптаның ішінде ауруханада жатып көз жұмды. 

Қайсар қанша қайсар болса да, дәл осы қиындыққа төтеп бере алмады. Оның ендігі өмірі қапастағы түнек секілді, осы уақытқа дейін көрген қызығының еш мәні қалмағандай мең-зең күй кешті. «Сонша жыл бағып-қағып өсірген, мен үшін отқа да, суға да түскен, бүкіл өмірін маған ғана арнаған анама ештеңе жасай алмағаным ба? Оны шипажайларға, емдеу орталықтарына апарып емдете алмағаным қалай? Оған сыйлық беріп те үлгермедім ау... қолынан ұстап көшені неге қыдыртпадым?» деген ойлар оны жиі мазалайтын болды. Алайда, қолдан келер қайран жоқ. Енді не істемек керек?

Қайсар қайтыс болған адамның артынан жасайтын ең абзал жақсылық – садақа екенін білетін. Анасының да әкесінің атынан талай рет садақа бергенін көрген. Осыны ойлаған ол бірден атып тұрып, ең жақсы садақаның не екенін білу үшін жақын маңдағы мешіттердің біріне бас сұқты. Имам садақаның түрі көп екенін және ең бастысы, не берсең де таза ниетпен беру керектігін алға тартты. «Алайда, хадисте ең абзал садақаның адамдардың шөлін қандыру, оларға су тарату екендігі айтылған», - деді. Осыдан кейін Қайсар құдық қазу, суы жоқ елді мекендерге су құбырын тарту, адамдарға су тарату ісімен айналыса бастады. Кейін ісі алға басып, кірісі де көбейген кезде адамдар көп жиналатын мекемелерге ыстықтан қорғайтын салқындатқыштарды да орнатты. Үйленді, балалы-шағалы болды. Бірақ анасының атынан жасалатын бұл жақсылығын тоқтатқан жоқ. Арада аттай жиырма жыл өтті. Бұл күнде Қайсардың есімін бәрі біледі.
***
Бір күні қала орталығындағы үлкен бір мешіттің имамы келіп, Қайсардың қолын қысты. «Алла саған разы болсын, бауырым, біздің мешітке су ішетін аппарат орнатып кеткен екенсің. Қаншама адам сол сумен ауыз ашып, шөлдегендер шөлін басып жүр, Алла разы болсын», - деп арқасынан қақты. Алайда Қайсар ол мешітке ешқандай аппарат орнатпағанын айтып ақталып көріп еді, имам жымия қарап, «сен екеніңді білеміз ғой, енді бауырым», - деді. Қайсар ештеңені түсіне алар емес. Аң-таң. Өзінің ол мешітке бармағанын жақсы біледі. Сол кезде қасында тұрған баласы: «Кешіріңізші, әке, сіз күнде өз анаңыздың атынан деп адамдарға жақсылық жасайсыз ғой. Мен де сіздің атыңыздан бір жақсылық жасағым келді», - деді. Мұндайды күтпеген әкенің жүрегі езіліп кетті. Ол жасаған жақсылығының сыйын осы өмірде де көріп жатқанына қуанды. Өзі анасынан көргенін істесе, енді, міне, баласы одан көргенін жасап отыр! «Бала айтқаныңды емес, көргенін істейді», «Әлемді адамгершілік құтқарады, зұлымдықты ізгілік, жақсылық жояды» деген сөздер осындайдан қалған екен-ау!..


СІЗ ҚАЙ УАҚЫТТА БАЙИСЫЗ?


Көп адам «біреуге садақа берсем, туыстарыма көмектессем, ақшам азайып қалады, өзіме жетпей қалады, ертең кедей болып қаламын» деп уайымдайды. Алайда, қазақ «шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген сөзді көзі жеткен соң ғана айтқаны анық.

Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше, жұмсаған дүниесінің орны қайтадан толып отырады. Жаңасымен ауысады. Алла оның тапқан малына (яғни ақшасына, дүниесіне) береке беріп қояды. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда, ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады», - деген. (Табарани) Ал тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әр күні таңертең көктен екі періште түседі. Бірі: «Иә, Раббым! Садақа берген адамға қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», - десе, екіншісі: «Иә, Алла! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет» - деп дұға етеді», - деген. (Бұхари, 27, Муслим, 57) Ендеше, дүнием берекелі болсын, ризығым артсын деген адам басып емес, шашып жеуге дағдылануы керек!

САДАҚАҒА АЛУШЫДАН ГӨРІ БЕРУШІ КӨБІРЕК МҰҚТАЖ


Иә, садақаға алушы адамнан гөрі беруші адамның өзі мұқтаж. Себебі, сіздің берген ақшаңызды не затыңызды алған адам оны бір-екі рет пайдаланады не бір рет тойып тамақ ішеді. Содан кейін ол ұмытылып, өмірдің бір қалтарысында жасырынып қала береді. Себебі, өмір тоқтап қалған жоқ. Ол ары қарай өз ағысымен жалғаса береді. Біреуге жасаған жақсылық ерте ме, кеш пе, ұмытылады. Бірақ оның сауабы... Оның сауабы арғы дүниедегі есепшотыңызға салынып қойылады және ең қызығы, сол ісіңіздің сауабы үнемі еселеніп тұрады да, алдыңыздан көбейіп, үлкен бір жақсылық болып шығады! Сондықтан садақа беріп, біреуге көмектесіп жатқанда арғы дүниедегі өзіңізге жіберіп жатқаныңызды, өзіңіздің ертеңгі қамыңызды жасап жүргеніңізді ұмытпаңыз!


КӨЗ ТИЮДЕН ҚАЛАЙ ЕМДЕЛЕМІЗ?

Адам қаншалықты Аллаға жақын болып, Оны әрдайым есіне алып әрі Құран оқып жүретін болса, ол көз тию мен жын иектеуден соншалықты алыс болады. Сондай-ақ, таңертең және кешке айтылатын зікірлер, ұйықтар алдында, ұйқыдан оянғанда, үйден шыққанда, т.б жағдайларда айтылатын дұғалар адамды сұқ көзден сақтауға әсерін тигізеді.

Ал көз тиіп, ауырып қалған адамды мына әдістермен емдей аламыз:


1) Көз тиген адамды емдеу үшін ең әуелі егер көзін тигізген адам белгілі болса, сол адамға дәрет алғызып, сол судың бір бөлігімен науқасқа ғұсыл құйындырамыз, яғни бүкіл денесіне тиетіндей етіп жуындыру керек.
Бұл туралы Айша анамыз (р.а): «Көзі тиген кісі дәрет алуға бұйырылатын. Сосын науқас сол сумен жуынатын», - деген. (Әбу Дәуд)


2) Науқасқа Құрандағы «Фатиха» сүресін жеті рет, «Бақара» сүресінің алғашқы бес аятын, «Аятул курси» аятын, «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін үш реттен және шипа дұғаларын оқып, аз ғана түкірік араластырып сүфілеу керек. Бұл рәсімді «дем салу» деп атайды. Алла Тағала Құранда: «Құраннан мүміндерге шипа және мейірім түсіреміз...» - деген. («Исра» сүресі, 82-аят) Ал Айша анамыз (р.а): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған көз тиюден дем салуға бұйыратын», - деген. (Муслим, Ахмад, Тирмизи)

3) Науқас адам өзі жоғарыда көрсетілген Құран аяттарын суға оқып, түкірігін шашыратпай сүфілейді. Кейін судың біразын ішіп қалған бөлігімен денесін ысқылайды. Әбу Дәуд хасан иснадпен жеткізген хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сәбит Ибн Қайс деген сахабаға суға дем салып үстіне құйғызғандығы айтылған. Сондай ақ, дәл осы аяттар мен дұғаларды «зәйтүн майына» оқып назарланған адамның денесін сүртсе немесе зәмзәм суына дем салып науқасқа ішкізсе де болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Зәмзәм суын қандай мақсатта ішсең, сол мақсатта пайдалы», - деген. (Ахмад, Байһақи)

Құранда және хадистерде келген пана сұрау дұғаларын оқу қажет. Мысалы:

1)«Әъузу бикәлимәәтилләһи мин шәрри мә халәқ»
(Алланың кемел сөздерімен жаратқан нәрселерінің зиянынан пана тілеймін)
2) «Әъузу би кәлимәәтилләһит-тәммәти мин ғадабиһи уә иқабиһи, уә мин шәрри ғибәдиһи, уә мин һәмәзәтиш-шайатиин, уә ән яхдурун»
(Алланың кемел сөздерімен Оның азабы мен жазасынан, құлдарының зиянынан, шайтандардың үрлеуінен және олардың келуінен пана сұраймын)
3) «Хасби Аллаһу лә иләһә иллә һу, алейһи тәуәккәлту, уа һуа Раббул аршил азыйм» (Алла маған жеткілікті, Одан басқа тәңір жоқ, Оған тәуекел еттім, Ол - ұлы аршының Раббысы)

Науқасқа дем салудың келесі түрі Құран аяттарын және шипа дұғаларын оқу барысында науқас ауырған жерге қолын қойып отырады немесе алақанымен уқалайды. Осман ибн Әби әл-Ас бір күні Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Иә, Алланың Елшісі, менің ауруым қатты үдегені соншалық, мен өліп кететін сияқтымын» - дегенде, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ауырған жеріңе қолыңды қой да жеті рет: «Мені мазалаған жамандықтың кесірінен Алланың Құдіреті мен Күшіне сыйынамын» деп айт», - дегенін келтірген. Дұғаның оқылуы: Әғузу би-ъиззатил-ләһи уә қудратиһи мин шәрри мә әжиду уә ухазир.
Айша анамыз (р.а): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің жанұясында біреу ауырып қалса, ауырған жерін оң қолымен уқалап отырып: «Иә, адамдардың Раббысы Алла! Сен –Шипа Берушісің, Сенен басқа жазылмайтын аурудан Айықтырушы жоқ. Ендеше, оның қайғысын кетіріп, шипа бер» деп айтатын», - деген. (Бұхари)

КЕЙДЕ АДАМ ӨЗ-ӨЗІНЕ ДЕ КӨЗ ТИГІЗЕДІ 

Кейде адам өзінің жасаған бір ісіне, сөйлеген сөзіне іштей риза болып, масаттанып қалатын кездері де болады. Өз-өзіне тоқмейілсу, көңілі толып, «мен ғой енді» дегендей, өзінің зеректігіне, тапқырлығына, ақылдылығына риза болу – өзіне-өзінің көзі тиюіне жол ашуы әбден мүмкін. Мұндай адамның ісінде үнемі қателік пайда болып, өзгелермен сөзі жараспай, ісі қабыспай, ойға алған жұмыстары жүрмей қалып, қырсығып, жолы байланып, сәтсіздіктерге тап болып қалып жатады. Сондықтан адам қандай да бір жетістікке жетпесін, үнемі ол талант пен білімді, денсаулықты оған Алланың беріп тұрғанын есінен шығармауы керек. Адамға абыройды беретін, оның құрметін арттырып, қара басын қадірлі етіп қоятын - Алла Тағала. Қаласа, абыройыңды бір-ақ сәтте түсіріп, жеңісіңнің, атақ-дәрежеңнің күл-талқанын шығарады. Сондықтан егер жолың болып, жеңістің дәмін татып жатсаң, өмірің тыныш болса, «өзімнің еңбекқорлығымнан не менің ғана ақылдылығымнан» деп ойлама. Бар болғаны Мейірімді Алла Тағала ісіңе жеңілдік беріп, өміріңді реттеп жатқанын естен шығармағайсың.

ПАҚЫР БАСТЫ ПАТША ЕТКЕН ӘЙЕЛ

Ертеде көптің көзіне түсе бермейтін, ешкімде шаруасы жоқ, өзіндік ойы, айтар пікірі жоқ, «көп айтса көнді, жұрт айтса болдымен» жүретін бір жігіт болыпты.Ауылда ешбір жан оны адам екен деп елеп, ескермесе керек. Бір күні әлгі жігіт үйленіп, шаңырақ көтереді. Бұл ауылда ай сайын ауыл адамдары бас қосып, ел ішінде болып жатқан мәселелерді ортаға салып, жиналыс өткізетін дәстүр бар екен. Бір күні әйелі әлгі жігітке: - Отағасы, сіз бұрынғыдай салт басты емессіз. Түтіні түзу ұшып тұрған бір үйдің егесі болдыңыз. Атқа қонар азамат ретінде ауылдағы жағдайларға бей-жай қарағаныңыз жөн болмас. Ел ішіндегі жиналысқа сіз де қатысып, мәселені шешуге септігіңізді тигізгеніңіз дұрыс болар, - депті. Әйелінің ақылын құп көрген жігіт сол күннен бастап ауылдағы жиналысқа қатыса бастапты. Содан не керек, ел ішіндегі жағдайлар мұны да алаңдатып, бірте-бірте халыққа пайдасы тиетін, ауылдағы жоқ-жітік пен кем-кетіктің жыртығын жамауға шамасы келетін азаматтың біріне айналыпты. Ең қызығы, әлгі жігіт жиналысқа келген сайын үйіндегі әйелі артынан ере келіп, күйеуі тоңып қалмасын деген ниетпен астына көрпеше төсеп жүреді екен. Күйеуін жұмсақ көрпеге отырғызып, жиналыс аяқталған соң әлгі көрпені жинап алатын көрінеді. Мұны көрген ауыл адамдары әйелдің ақылдылығына ырза болады. Бір жағынан осы істен соң әлгі жігітке деген құрметтері онан сайын арта түседі. Әйелі осынша қатты сыйлап, алдында құрақ ұшып тұратын, үйде ғана емес, түзде де құрмет көрсетіп жүретін бұл жігіт тегін болмағаны ғой?
Міне, осылайша әлгі жігіт елдің бас көтерер азаматтарының біріне айналып, халқына сыйлы болған екен.

Иә, күйеуінің артына тығыла жүріп, ерінің қара басын хан етіп көтеретін, оның жақсылығын асырып, жамандығын жасыратын, түймедей басын елге тұлға қып көрсететін – әйел-ана. Қазақ «әр алыптың артында дана әйел тұр» деп бекер айтпаған ғой. Ерінің абыройын аспандатып, ризалығын ала білген мұндай әйел - ортасына үлгі, қоғамға сыйлы! Күйеуін разы еткен әйел – Жәннатқа лайық, ендеше, мұндай әйелдің Алла алдындағы дәрежесі де қашанда жоғары болады емес пе?

ӘЙЕЛГЕ ТӘН ДАНАЛЫҚ ДЕГЕН ОСЫ ЕКЕН ҒОЙ! 

Демалыс сайын жазда ауылдағы туыстарыма баратын әдетім бар. Бүгінде ол ауылда әкемнің бір ағасы мен інісі ғана тұрады. Бірақ неге екенін қайдам, екі үй бір шатырдың астында тұрған соң ба, әлде кең, таза пейілдеріне орай ма, әйтеуір солар көп сияқты көрінеді де тұрады маған. Барған сайын екі үйге кезек-кезек қонып, тауға шығып, бүлдірген теріп, таза ауа жұтып дегендей мәре-сәре боламыз да қаламыз. Жасыратыны жоқ, әкемнің ағасы «ішеді». Туыстарымыздың ішінде зәрлі суды тастай алмай жүрген жалғыз адам болса, ол сол кісі шығар... 

Бірақ, білесіз бе, сол ағамды мен де, менің әкем де, балалары да, бүкіл ағайын-жекжат, ауыл адамдары құрмет тұтып, қатты сыйлаймыз. Бірінші сол үйге кіріп амандасамыз. Жүгімізді сол үйге қалдырып, алдымен сол үйден тамақ ішеміз. Бұрын жасы үлкен болған соң солай болуы керек шығар деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен. Мәселе жаста, үлкендікте емес, мәселе жеңгеміздің ағамызды қатты құрметтеп, біздің көзімізше оның абыройын асқақтатып отыратынында екен ғой... Жақында ауылға барып осы нәрсеге көзім жетті. 

***
Ағамыздың үйіндегі кіші қызы қаладағы оқудан жазғы демалысқа келіп жатқан кезі еді. Бізді де сылтауратып, әрі өзі де еркелегісі келіп, анасына: 

- Мама, күнде қойдың етінен тамақ істеп жатырмыз ғой, бүгін әлгі сіздің сүрлеп қойған әдемі етіңізді бір асып жейікші, - деді қиылып. Жеңгем бірден: 

- Жоқ, бүгін әкең үйде жоқ. Үйге келген күні, ештеңе ішпей сау болған күні жейміз, - деді. Ерке қыз бұртиды да қалды: 

- Ішіп кетсе де сол папамды жақтап отырады екенсіз! Ол бізді ойлап жүр дейсіз бе? 

Жеңгемнің сол кездегі түрін көрсеңіз ғой. Көзқарасымен-ақ біраз нәрсені түсіндіріп жібергендей болды. Қызына қарап: 

- Әкең туралы енді мұндай сөз естімейтін болайын! – деді. Оның не айтпақ болғаны даусының зілінен-ақ сезіліп тұрған еді. 

Ақыры жеңгемнің айтқаны болды. Әлгі сүрленген ет асылмай, келесі күні үйдің отағасымен бірге желінді. Ағамыз білекті сыбанып жіберіп, ет турап, алдымен өзі алды. Кейін тауықтың балапандарындай томпайып отырған балалар да тамаққа қол соза бастады. Жас болған соң қателік жасап қойғанын түсінген әлгі ерке қыз «Әке, сізге орамал берейін бе? Әке, сізге қасық жетті ме?» деп жүгіріп жүр... 

Еее, өзің патшайым болғың келсе, еріңді патша секілді күт деген осы екен ғой. Әрине, жеңгеміз ағамызға ренжімейді емес, ренжиді ғой. Бірақ оны олар өзара шешеді. Біздің, балаларының көзіне көрсетпейді. Мұндай әйелді еркек те бағалап, қадіріне жетіп тұрмай ма? Нағыз әйелге тән даналық, парасат деген осы екен ғой! 

БІР АУЫЗ СӨЗДІҢ КҮШІ

«Апа, қашаннан бері намаз оқып келесіз?» деген сұрағымызға жетпістің асуынан баяғыда асып кеткен Рахима апамыздың қайтарған жауабы:
«Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету» деген, тегі, рас! Біздің заманда қыз баласы жоғарғы оқу орнына онша ұмтыла бермейтінбіз. Мектепті бітіргеннен кейінгі ата-анаңның да, өзіңнің де уайымың – құтты орыныңды табу болатын... Қойшы, қысқасы, қалаған жігітім айттырып мен мәзбін, қадірлі әулетпен туыс болып үйдегілер разы болған күйде босаға аттадым. Келін боп түскен күннің ертесі ерте тұрып, енеме жәрдемдесіп, дастархан жайып, самаурынды бұрқылдатып қойып атамды күттік. Атам мен күйеуім бірге кірді. Бата жасалып болған соң, шыныға қолымды созғам.

- Тоқтай тұр, балам. «Иә» дегендей төмен қарап, қимылсыз қалдым.
- Қарағым, ренжіме, мына апаң екеуміз қосылғалы ғұсылсыз, дәретсіз тамақ ішкен емеспіз... Дәрет алып па едің? Екі бетім ду ете түсті. Қайдағы дәрет?! Дымым шықпай отырдым да қалдым. Атам ыңғайсыздық «ұзаққа созылмасын» деді-ау, сөзді қысқа қайырды.

- Айналайын, келінжан, ренжіме. Шайды апаң құйсын. Құйып үйренген шайы ғой...

Білдірмейін десе де, күрсінгенін естідім. Кірерге тесік жоқ! Өңешім қызып, көзім жыпылықтап барады. «Кешіріңіздер» дедім де, шығып кеттім. Бөлмеме кіріп алып, ал кеп жыла! Намыстанғаным-ай!.. Аздан соң апам келіп, айналып-толғанып жұбата бастады.

- Жылама, қарғам!.. Атаңның мінезі сондай... Айтатынын бетке айтады, бірақ кісі сыртынан сөз айтуды білмейді... Сен енді, қарғам...

- Апатай, маған дәрет алуды үйретіңізші!.. – Жылаған күйі еңкейіп апамның қолын сүйдім. – Осы қазір үйретіңізші, апа!

- Айналайын-ай! Ақылыңнан айналдым! Сені тапқан анаңнан айналдым, күнім!.. – Апамның да жанары суланып, дауысы жарықшақтанып кетті. 

- Неге үйретпейін? Қазір... Қазір үйретемін! Дәретті де, намазды қалай оқу керектігін де үйретемін, қарғам!..

Сөйтіп, сол күні ғұсыл-дәретті үйреніп, «Пәтиқаны» жаттап бастадым. Әрине, шәйнектің тұтқасын да мен иемдендім... Міне, содан бері, «Аллаға мың мәрте тәубе! Мың мәрте шүкір!» деймін, ораза-намазымды тастаған емеспін, балам... Е-ей, дүние-ай десеңші!.. Алтын кісілер еді ғой атам да, енем де!..» (Алғадай Әбілғазыұлының «Қасиетпен қауышу» кітабынан)

БІР ҰРТТАСАҢ, ШӨЛДЕМЕЙСІҢ... 

Қасиетті Құранда 3 аяттан тұратын «Кәусар» деген сүре бар. Ол қазақша «көп жақсылық» деген мағынаны білдіреді. Кәусар – Алла Тағаланың Өз Пайғамбары – Мұхаммедке (ﷺ) сыйлаған көп жақсылықтарының бірі. 

 Алла елшісі (ﷺ): «Кәусар – Жәннаттағы өзен. Оның екі жағалауы алтыннан. Су ағатын арығы – дүр мен жақұт тастардан. Оның топырағы хош иісті әтірден де жағымды, суы әселден де тәтті, қардан да аппақ!», - деген. (Имам Ахмад, Тирмизи)

 Пайғамбарымыз (ﷺ) тағы бір хадисінде Қиямет күні өз үмметінің дәл осы өзеннің басында жиналатынын айтып, «Онда көп жақсылық бар. Оның ыдыстарының саны – жұлдыздардың санындай», - деген. (Муслим) Оның ұзындығы мен ені бір айлық жолға тең, ал екі жағын гауһардан жасалған шатырлар қоршап тұрады. Кәусардың суынан бір ұрттам ішкен адам еш уақытта шөлдемейді. Алла бәрімізге әселден де тәтті болған сол Кәусардың суынан қанып ішуді нәсіп етсін!

ӘЙЕЛІҢІЗ НЕГЕ СОЛЫП БАРА ЖАТЫР?

Бұрынғыдай емес, әйеліңіздің тез ашуланып қалатынын, сізге деген көңілінің суығанын байқайсыз ба? Онда төмендегі кеңестерімізге құлақ түріңіз:

 Біріншіден, сіз әйеліңізбен дұрыстап отырып сөйлеспейсіз. Мойындаңызшы, анау дейсіз, мынау дейсіз, біреулердің мәселесін шешесіз, сырттың жұмысын реттейсіз, одан қалса телефон шұқылайсыз. Әйеліңіз бірдеңе сұраса, жүрдім-бардым жауап бересіз. Шаршағаныңызды айтасыз. Теледидар көруге асығасыз. Нәтижесінде, барлығын ысырып қойып, әйеліңізбен сырласуды ұмыт қалдырасыз. 

 Екінші, сіз сыртқы тұлғаңызға, түр-сипатыңызға мән бермейсіз. Белгілі сахаба ибн Аббас (р.а) не деп еді? Ол: «Мен әйелімнің мен үшін әдеміленгенін жақсы көретінім секілді өзімді де ол үшін сәндегенді ұнатамын» деді емес пе? Яғни, еркектің әйелінің көңілінен шығуға әрекет жасауы да – құпталатын амал. Сондықтан шаш үлгіңізді ретке келтіріп жүріңіз, үйге келгенде жуынып, тазаланыңыз. Әтіріңізді ауыстырып тұрыңыз. Киіміңізге мән беріңіз.

 Үшінші, сіз оның ішкі әлеміне үңілмейсіз. Ерлі-зайыптылардың әңгімесі көбінесе бала-шағаның жайы, азық-түлік, отын-су, үйдің жиһазы деген секілді тұрмыстық тақырыптан аса алмай қалып жатады. Олар бір-бірінің жан дүниесін, қандай өзгеріс болып жатқанын түсінбегендіктен, араларында салқындық пайда болады. Өзіңіз ойлаңызшы, әйеліңіздің нені қалап, нені ұнатпай жүргенін білмесеңіз, сіз оған қалай жақсы күйеу болып, көңілінен шықпақсыз?
Төртінші, романтикаға жол бермейсіз. Есіңізге түсіріңізші, екеуіңіз алғаш танысқан кездер қандай еді? Алғаш рет оған сөз айтқан сәтіңіз ше? Ол да жұмбақ, сіз де жұмбақ. Бір-біріңіз үшін құпиясы ашылмаған сандық секілді, бір-біріңізге күлімдеп қарап, көзбен ұғынысып жүрген кездер сондай тәтті еді ғой?! Негізінде, бұл бақытты ұстап тұру – ең алдымен, Алланың, одан соң сіздердің өз қолдарыңызда. Алла әрекетке қарай берекет береді. Күтпеген сыйлықтар, күтпеген жылы сөз – мұның барлығы махаббат отының қайта түтануына себеп болады.

Бесінші, ол – үйдегілердің асқазанын күзететін жалғыз адам. Негізінде, ас үйдің шаруасы әйел адамның мойнында болғанымен, күніне бірнеше рет дастархан жайып, дәмді тамақ әзірлеу, ата-ененің, туған-туыстың көңілінен шығу біраз күшті, энергияны талап ететінін жасырмау керек. Әйел адам тамақ дайындау арқылы рахаттанады, оның бойында өзіне білінбейтін әйелдік гормондары пайда болады. Табиғатына тән нәзіктігін сақтайды. Алайда, анда-санда көңілін сергітіп, жұмыртқа қуырып берсеңіз немесе бір жерге апарып тамақ алып берсеңіз, бұл – әйел үшін зор бақыт, күтпеген қуаныш болатыны сөзсіз.

Алтыншы, әйеліңіз үйдегі әкенің де, ананың да рөлін өзі атқарып жүр. Сіздің балаңыз жетім емес, оның әкесі де, анасы да бар. Іс жүзінде солай ғой, бірақ шынында қалай екенін ойланып көрдіңіз бе? Бала бір нәрсені бүлдірсе немесе бұзықтық жасап қойса, «Балаға қарамайсың ба?», «Осы сенің тәрбиеңнен ғой», «Не қарап жүрсің?» деген секілді айыптауларды жиі естіп жатамыз. Еркек тұрмыс қамымен түзде жүретіні рас. Алайда, бұл ер адам бала тәрбиесіне мүлде жауап бермейді деген сөз емес... 

Жетінші, оған жылы сөз, қамқорлық жетіспейді. Иә, «Әйел адамның табиғаты жайлылықты, жылылықты қалайды. Алатауға шығарғанды емес, алақанда ұстағанды қалайды». Әйелді еркелету, оның әдемілігін айтып, киіміне, тамағына оң баға беріп, комплимент айтып отыру – гүлге су құйған секілді. Егер уақытында құйылмаса, бір-ақ күнде солып қалады. Сондықтан еркек үйге келгенде шаршағанын алға тартып, тамақ ішіп, жатып алмай, әйелінің ол үшін сәнденгеніне, ол үшін әдеміленіп, шашын өзгерткеніне, т.б мән беріп, жылы сөз айтып, мақтап тұруы керек. 

Сегізінші, кейде оған сәл ғана тыныштық керек болуы мүмкін. Үнемі емес әрине, бірақ арасында балаларды далаға алып кетіп, оның өз-өзімен қалуына, өзіне күтім жасап, демалуына мүмкіндік беріңіз.

Тоғызыншы, өз сөзіңіздің дұрыстығын дәлелдеу үшін күш пайдаланудың қажеті жоқ. Ақылды еркек қас-қабағымен-ақ жарын басқара алады. Ол үшін әйеліңізге ақылыңызды айтып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін асықпай түсіндіріп, оған өзіңізді, сөзіңізді сыйлата білуіңіз керек.

Оныншы, барлық жауапкершілікті оның мойнына іліп қою әйелді қажытады. Сіз үнемі диванда теледидар көріп жатасыз, телефонда қызық кинолар көресіз. Ал әйеліңіз үнемі үй шаруасымен басы қатып жүреді. Соның салдарынан оның ойында «Неге ол ылғи демалып жатады? Неге мен ғана барлығына жүгіре беруім керек?» деген ой туып, бірте-бірте күйзеліске ұрындыруы мүмкін. Сондықтан «Үйдегі барлық шаруаны мен келгенше атқарып қой» деп өтініш жасаңыз да, жұмыстан келген соң әйеліңізбен бірге отырып демалыңыз.

«Отбасы болу – ерлі-зайыптылардың бір-біріне қарап отыруы емес, бір бағытқа қарауы» - деген сөз бар. Бұл кеңестер өте қарапайым әрі оңай көрінуі мүмкін. Алайда, қазақ «Елемеген бұтақ көз шығарады» деп бекер айтпаған. Арадағы сүйіспеншіліктің сөніп, сезімнің сууына дәл осындай «түкке тұрғысыз, қарапайым нәрселер» себеп болуы әбден мүмкін. Отбасы – ол да шағын мемлекет. Отанның тыныштығы, алдымен, отбасындағы тыныштықтан көрінеді. Сондықтан бір-бірін айтқызбай-ақ түсінетін жарасымды, өнегелі отбасы болуға барымызды салайық...

ИСЛАМ ҒАЛЫМДАРЫ ШАРИҒАТЫМЫЗДАҒЫ КҮЙЗЕЛІС ПЕН СТРЕСТЕН ҚҰТЫЛУДЫҢ 8 ЖОЛЫН КӨРСЕТКЕН. ОЛАР: 


1. Барлық нәрсе Алланың қалауымен болатынына, Оның күш-құдіреті барлығына жететініне сену;

2. Оған бойұсынып, Одан ғана жәрдем сұрау;

3. Күнәларыңызды мойындап, Алладан көбірек кешірім сұрау (истиғфар), Алланы зікір ету (СубханАллаһи уа бихамдиһи, Аллаһу Әкбар, Уә лә хәулә, уә лә қууәтә иллә билләһ, Астағфируллаһа уә әтубу иләйһ);

4. Дұға жасағанда Әс-Сәмииъ (Естуші), әл-Муқтәдир (Өте Қуатты, Алланың өктемдігінде, әл-қуатында шек жоқ), әл-Мужииб (Жауап қатушы), әл-Уәһһәәб (Сыйлаушы, Сый берушілердің Ұлысы) секілді Алланың көркем есімдері мен сипаттарын еске алу, тілге тиек ету;

5. Алланың рақымынан, мейірімінен, жарылқауынан ешқашан күдер үзбеу.
Үмітпен, сеніммен тілеу;

6. Барлық істі әр-Роззәәқ (ризықты мол етіп беруші) Аллаға тапсыру, Оған ғана тәуекел ету;

7. Алланың сөзі болған қасиетті Құранды оқу, аудиосын тыңдау. Мән-мағынасына ой жүгірту. Алла Құранда: «... Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) ғана тыныштық тауып, орнығады», - деген. ("Раъд" сүресі, 28-аят);

8. Намаз оқу. Расында, Алланы еске алудың ең үлкен түрі – намаз!
"Әй, иманға келгендер! Сабыр және намаз арқылы Алладан жәрдем тілеңдер!" ("Бақара" сүресі, 153-аят)


БАЙҚАЙСЫЗ БА, ҚҰРАНМЕН БАЙЛАНЫСҚАН БАРЛЫҚ НӘРСЕ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АЙНАЛАДЫ!


* Құран Алла Елшісіне (ﷺ) Жәбірейіл (а.с) періште арқылы түсіп еді, Жәбірейіл (а.с) періштелердің ең үлкеніне айналды!

* Құран Мұхаммед пайғамбарымызға (ﷺ) түсіп еді, ол Қиямет күні өз үмметіне шапағат ету құқығы берілген ең соңғы пайғамбарға, барлықпайғамбарлардың мырзасына айналды! 

* Құран Мұхаммед (ﷺ) үмметіне түсіп еді, бұл адамдардың ішіндегі ең абзал үммет атанды! 

* Құран Рамазан айында түскендіктен, ол ай айлардың сұлтаны, қасиетті ай деп аталды! 

* Құран Қадір түні түскендіктен, ол түн мың айдан да қайырлы, тілектер қабыл болатын берекелі уақытқа айналды! 

Демек, Алланың сөзімен қатысты барлық нәрсе қадірлі болады. Егер Құран пенденің жүрегіне кірсе, онда ол адам сенімі берік, мақсаты айқын, ісі мен сөзінің берекесі бар адамдардың ең жақсысына айналып шыға келеді! Құран оқылған, Құранмен амал еткен әрбір күн, әрбір түн, әр сағат – қадірлі.
Сенің ең жақсы күнің – уақытыңды Құранмен өткізген күнің!

ҮҢГІРДЕГІ ЖІГІТТЕРДІҢ ОҚИҒАСЫ

Бұл жолғы әңгімеміз бір Аллаға ғана құлшылық еткен, иманы берік жігіттер жайында болмақ. Бұл – өте қызық әрі өмірде болған оқиға. Бұл жігіттер аспан мен жердi өте нәзiк, тәртiптi жүйеде жаратып, бейнелеген жалғыз Жаратушының құдіретін мойындап, «Алла – көктер мен жердiң Раббысы. Бiз Оған ғана құлшылық етемiз. Одан басқа ешбір тәңiрге сиынбаймыз», – дейтін еді. («Кәһф» сүресі, 14-аят) Алайда, олардан басқа замандастарының барлығы дерлік тастан жасалған мүсіндерге табынатын.
Сондықтан да болар, қауым мүшелері бұл жiгiттердiң сөзiн тыңдамай, оларға түрлi қарсылықтар көрсететін. Тiптi, патша бұл жiгiттердің соңына түсіп, егер имандарынан қайтпаса, қатты азапқа душар болатындықтарын ескертеді. Осыдан кейін амалы қалмаған жігіттер басқа жаққа қоныс аударуға бел буады.
Сөйтіп, жiгiттер жолға шығады. Олар әр басқан қадамында Алла Тағаланың құдiретiн еске алып, Одан көмек, сабыр беруiн сұрайды. Бiрнеше күн жол жүрiп, өз елiнен алыстаған кезде, бiр кiшiлеу үңгiрдің алдынан өтеді. Олар сапар машақатынан шаршағандықтарын сезіп, бiраз тынығып алу үшін үңгiрдің iшiне кiредi. Жігіттердің қасында иттері бар болатын. Ол ит үңгiр есiгiнiң алдында, яғни сыртта қалады. Жолаушылардың әбден шаршап, жол соғып қалжырағандары сонша, арқаларын сүйеп отырған күйі терең ұйқыға кетеді. Күн артынан күн, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп жатады. Ал бұл жігіттер әлі ұйқыда еді. Өте көп уақыт ұйықтағандықтан, олардың шаштары өсіп, түр-әлпеттерi өзгерiп кеткен еді. Алла олардың денелерiн оңға, солға аударып тұратын. Жігіттер тiрi болатын. Жүректерi соғып, тыныс алып тұр. Бірақ күндiз-түнi үздiксiз ұйқы. Оларға не болды? Қашанға дейiн ұйықтамақ?
Шын мәнінде, бұл жігіттер үңгiр iшiнде үш жүз тоғыз жыл ұйықтаған еді. Сенесіз бе? 309 жыл! Бұл уақыт iшiнде заман өзгерiп, жаңарады. Бұрынғы патша да өмірден озады. Адамдар да ауысады. Алайда, иман келтірген жігіттер бұдан хабарсыз еді. Олар ұйқыдан оянып, көздерiн ашып, бір-бірінің түріне таңдана қарап: «Мұнда қанша уақыт ұйықтадық екен?» – деп сұрасады. Біреуі «бiр күн ұйықтадық» десе, ендi бiрi «жарты күн шығар» дейді. Сөйтіп, қарындарының ашқанын сезіп, араларындағы біреуін тамақ сатып алуға сыртқа жібереді. Алайда, «Абай бол. Қауым бiздi тауып алмасын. Олар бізді өлтiрмек болып iздеп жүрген шығар», – деп қатты ескертеді.
Сөйтіп, әлгі жігіт ақшаны алып, аса бір сақтықпен қаладағы ең жақын дүкендердің біріне барады. Алайда, ол қаланың мүлде өзгеріп кеткенін көріп қатты таң қалады. Көп ойланып тұрмастан, сатушыдан жейтiн тағам беруiн өтiнiп, ақшасын ұсынады. Алайда, сатушы бұл ақшаның баяғыда-ақ айналымнан түсіп қалғанын, қазір мүлде басқа ақша шыққанын айтады. «Бұл біздің ерте замандағы ақшамыз ғой. Ол сенде қайдан жүр?» – деп таң қалады.
Сатушы бұл хабарды айналадағы адамдарға тарата бастайды. Ал жігіттің көңілі орнына түскен еді. Ол адамдар өзгергенін, баяғы пасық патшаның да дүниеден өткенін іштей сезеді. Бұрынғыдай емес, бұл жерде мүсiндер жойылған екен. Адамдар бiр Аллаға сенiп, Оған ғана сиынады. Таңданған жiгiт айналасына жиналып қалған адамдарға: «Қазiр менi жiберiңiздер. Мен үңгiрдегi серiктерiме барып, оларға бұл қуанышты хабарды жеткiзейiн!» – деп үңгiрдегi достарына қарай бет алады.

Мұндай қызық хабар тақта отырған патшаға да жетеді. Ол бұл жiгiттердi көрiп, кездесу үшiн үңгiрге қарай асығады. Алайда, жігіттер осы оқиғадан кейін ұзақ өмір сүрмеген еді. Қудаланғаннан кейін 309 жыл бойы ұйықтап, зұлым патшаның қаһарынан аман қалған үш жігіт, ажалы жетіп көз жұмады. Патша да, оның айналасындағылар да Алла Тағаланың бұл құдіретін көздерімен көріп, сеніміне селкеу түсірмеген иманды жігіттерді өздеріне үлгі етеді. Өзіңіз ойлаңызшы, олар Аллаға ғана сеніп, Оған құлшылық етіп еді, Алла оларды бүкіл қиындықтан құтқарып, өздері армандаған бейбіт заманға топ еткізіп түсіре салды. Осы оқиғадан кейін бұл қаладағы тұрғындардың баршасы Алла Тағала өлгендердi қалаған кезiнде қайта тiрiлтетiнiне көз жеткiзедi. Үңгiр иелерiн үш жүз тоғыз жылдан кейiн ұйқыдан оятқан Алла Тағаланың Қиямет күнi өлi денелердi қайта тiрiлтуіне күшi жетпей ме?!
Бұл керемет оқиға қасиетті Құрандағы «Кәһф» сүресінің 9-26-аяттарында баян етіледі.

Уа, Раббымыз! Саған ғана иман келтірдік. Сенiң уәдең - шын. Сенiң әр нәрсеге күш-қуатың толық жетедi! Ендеше, бізге де сетінемейтін берік сенім мен мызғымас иманды нәсіп ет!


ПІКІР (0)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Ғибратты бейнероликтер